«Қара алтынның» қадірі
Atr.kz/25 маусым, 2019 жыл. Қазақтың мұнайы Венесуэла, Иран, Кувейт, Мексика, Норвегия, Сауд Арабиясынан да бұрын өндірілгені тарихи деректермен дәлелденгенін көпшілігіміз біле бермейміз. Демек, қазақ мұнайының шежірелі тарихы бар.
Белгілі ғалым, академик Нәдір Нәдіровтің айтуынша, Қазақстанда мұнайдың мол қоры да, шежірелі бай тарихы да бар. Барланған мұнайдың қоры әлі де 150-200 жылға жетеді. Мұнай қоры барлана да, нақтылана да береді. Мұнай өндіру, өңдеу мен тасымалдау технологиялары да жетілдіріліп келеді. Қазақстан бұрын құрлықтан ғана мұнай өндірсе, енді су астынан да «қара алтын» алуды сәтті жалғастырып отыр.
1. Торсыққа құйылған толассыз байлық
Мұнай тарихы тым әріде жатыр. Дүние жүзінде 160 жыл бұрын алғашқы мұнай тамшысы АҚШ-та алынса, осыдан 40 жылдан соң қазақ жерінде де «қара алтынның» бастапқы бұрқағы атқылағалы 120 жыл өтті. Жылыой ауданындағы Қарашүңгүл кен орнынан осынша жыл бұрын алғаш рет 7 тонна мұнай алынған. Содан бергі кезеңде қазақ жерінен «қара алтын» алу әсте тоқтаған емес. Әсіресе, Доссор, Мақат кәсіпшіліктерін өнеркәсіптік игеру басталғаннан кейін мұнай өндіру көлемі ұлғайды. Бірақ, өндірілген өнім түгелімен Одақтың ортақ қазанына құйылып, жергілікті тұрғындар оның игілігін көре алмап еді. Соған қарамастан, қазақ мұнайшылары арасынан бірнеше ондаған м ұ н а й ш ы л а р ә у л е т і қалыптасты.
Олардың арасында Авровтар, Балғымбаевтар, Балжановтар, Бешімовтер, Бөлекбаевтар, Қарамұрзиевтер, Мырзағалиевтар, Оржановтар, Өтебаевтар, Өтеғалиевтар, Шырдабаевтар, Марабаевтар, Досмұхамбетовтер, Жұмағалиевтар, Огайлар әулеттерінің еңбек жолын бүгінгі ұрпағы абыройлы жалғастырып келеді. Сондай әулеттің бірі – Бешімовтер. Атадан – балаға, баладан немереге атакәсіптей жалғасқан мұнайшылық кәсіптің бастауында Бешім Қызылбасовтың есімі ерекше аталады. Ол – Жылыой ауданындағы Қосшағыл кен орнынан мұнайды алғаш тапқан қазақ.
Осынау көңілі даладай дархан қарияның кейінгі ұрпағының қамы үшін жасаған ұлағатты ісін дәріптеу, әрі есте қалдыруды көздеген отандық мұнайшылар Қосшағыл кентіндегі бір көшеге Бешім Қызылбасовтың атын беріп, ескерткіш-барельеф орнатуға ұйытқы болды. Қосшағыл кен орнының ашылу тарихына шолу жасасақ, ел аузындағы аңызға бергісіз әңгіме желісі былайша өріледі. Бешім Қызылбасов 1926 жылдың жаз айында көрші ауылдан келе жатып, шағылдар арасындағы қара қоңырланған жерді байқайды.
Атынан түсіп, зер сала қарағанда қою қара майдың жиналып қалғанын байқаса керек. Арнайы білімі болмаса да елдегі болып жатқан оқиғаларға құлағын түріп жүретін, былайша айтқанда, мұнай туралы, оны игеруге талпыныс жөнінде желдей ескен жағымды жаңалықтардан үнемі хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарындағы Бешім қарт жер бетіне шыққан майды торсығына құйып, топырағын дорбасына салып алады. Қозыкөш жерден үйіне келген соң торсығындағы майды отқа жағып көреді.
Пышырлап алаулай жанған майды «қара алтын» деп топшылаған Бешім қарт оны шалғай болса да Доссордағы мұнай кәсіпшілігіне жеткізу үшін атына мініп, желе жорта жөнеледі. Он бес жылдан бері, яғни, 1911 жылдан Доссордан жоғары сапалы «қара алтын» селін тасытып жатқан мұнай кәсіпшілігіндегілер торсығына мұнай, дорбасына майлы топырақ салып әкелген ауыл ақсақалын жылыұшырай қарсы алады.
Өйткені, ел ішіндегі мұндай жершіл, әрі көнекөз қариялардың жаңа кен орындарының ашылуына септігі тиетіні даусыз еді. Бешім қарт әкелген майлы топырақтан көз алмай, өз байламын қапелімде айтуға асықпаған кәсіпшілік басшылары зерттеу жұмысын сол кездегі жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырады. Меркі өңірінде кіндік қаны тамып, қазақтармен етене болып ержеткен П.Авров геологтарын ертіп, Бешім қарт көрсеткен шағылдар арасына әлденеше рет келеді.
Әр келген сайын Бешім қартты қасынан тастамай, жолбасшы ретінде жұмысқа алады. Осы қарияның көмегімен Жылыой өңіріндегі кен орындарының картасын жасаған дейтін дерек те шындыққа жанасатындай. Торсығына май құйып алған Бешім қарт та, оның айтқанына иланып қана қоймай, шағылдар арасына ілесіп келген П. Авров басқарған геологтар да зерттеу, бұрғылау жұмыстарына үлкен үмітпен кіріскен еді.
Сол үміт 6 жылдан кейін ақталып, 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғыманың 450 метрлік тереңдігінен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыманың тәулігіне 250 тонна «қара алтын» бергені мұнай іздеушілерге жол көрсеткен Бешім қартты да, геологтарды да, бәрінен бұрын сол өңірдегі дүйім жұртты алабөтен қуанышқа кенелтті. Геологтар жаңа кен орнын таптық, ауыл адамдары мұнайдың қадірін көреміз деп қуанған еді.
Жергілікті халықтың үлкенді сыйлайтын дағдысын жақсы білетін П. Авров өзіне жолбасшы болған қариядан мұнай шыққан жерге ат қоюын өтінеді. Дала академигі атанған Бешім қарт шағылдар арасындағы мұнайлы жерге «Қосшағыл» деген атаудың жөн екенін алға тартқанда, геологтар да осы уәжге тоқтам жасапты. Осыдан кейін Бешім қарт пен геолог Петр Авров Қосшағылға таяу 13 шақырым жерге көшіп келіп, татулығы жарасқан көрші, жақсы жолдас болыпты.
А т а л ғ а н к е н о р н ы н өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталды. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіпшілігінің құрылуымен Жылыой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамы жасалды. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жастары өндіріске тартылды. Бірақ, тағдыр Бешім қартқа туған дала төсіндегі дүбірлі еңбекті, мұнай барлайтын, өндіретін технологияның тетігі қазақ жастарының қолына тигенін көруді жазбаған екен. Ол кәсіпшілік құрылардан екі жыл бұрын, 1933 жылы өмірден озды.
Дегенмен, оған кейіннен «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» атағы беріліп, геологтарға мұнай көзін тауып бергені үшін өмірлік жәрдемақы тағайындалыпты. Оны әкесімен бірге күні-түні геологтармен аралас-құралас жүрген үлкен ұлы Мұқан алып тұрған. Неге екені белгісіз, Мұқан 1951 жылы өмірден озғанда, жәрдемақыны төлеу де тоқтап қалды. Бешім Қызылбасовтың ұлдарының бәрі Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысқан.
Ердәулет, Бердәулет дейтін екі баласы соғыс жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып абыройлы еңбек еткен. Төремұрат, Нарымбай есімді балалары да еңбек жолын осы кен орнында бастап, 1939 жылы фин соғысына аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан екеуі де елге оралған жоқ. Ең кіші баласы Мизам ғана ұзақ жыл мұнай саласында еңбек етті. Бұл күндері Бешім қарттың ұрпағынан тараған 50-ге жуық немере-шөберелері мұнай өнеркәсібінің білгір маманы атанып жүр.
Сондай немерелерінің бірі – Наурызғали Ердәулетұлы Бешімов. – Мамандық таңдауыма, өмірімнің дұрыс арнаға түсуіне жол сілтеген екі азаматтың адамгершілік, ағалық көмегін әлі күнге ұмытпаймын. Мен 1951 жылы мектеп бітіріп, енді оқуға аттанамын деп тұрғанда әкем қайтыс болды. Әкем бала кезімде: «Мәскеуде мұнай оқуы бар, сені соған оқытамын», дейтін еді. Бірақ, әкем дегеніне жете алмады. Тұрмыстың қиын кезеңі ғой, қапелімде жұмыс табу да оңайға түспеді.
Құрман Бисенов деген көрші тұратын ағай мені Комсомол кәсіпшілігінің директорына ертіп апарып, жөндеушілікті үйренуші етіп жұмысқа орналастырды. Сол кәсіпшіліктен бір жылдан соң Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанарда мекеме басшысы Қуаныш Құдабаев ағай:
«Жолыңа жаратарсың» деп 300 сом ақша берді. Бұл менің екі баламен ауылда қалған анамның екі жылдық зейнетақысына тең қаржы еді. Осындай адамгершілігі мол азаматтардың қамқорлығы арқасында Мәскеуден білім алдым. М ұ н а й ш ы — и н ж е н е р мамандығымен еңбек жолымды Бешім атам «қара алтын» тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіндегі №1 учаскеде 1958 жылы оператор болып бастадым. «Құлсарымұнайгаз» «Жайықмұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» секілді ірі кәсіпорындардың басшылық қызметіне дейін көтеріліп, Шафих Ізбасов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков сынды азаматтардың сенім білдіруімен Мақат ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқардым.
Қайда жүрсем де Бешім атам салған мұнайшылық кәсіптегі отбасылық жолдың үзілмеуін ойлайтын едім. Қазір, шүкір, ата жолын жалғастырған балалар, немерелер бар,-деп еске алады өткен күндерін ардагер мұнайшы Наурызғали Ердәулетұлы.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
Ақпарат саласының үздігі