Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Қазақстанымызды қастерлей білсек…

«Қаңтар трагедиясы» тарихымыздың қасіретті парағының біріне айналды. Мемлекет басшысы елдігімізді сақтап қалу үшін жауапкершілікті өз мойнына  алып, халыққа бірнеше рет үндеулермен шықты.

«Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында сұқбат беріп, көптің көңіліндегі сауалдарға  жауап берді. Мен Президент Жолдауын Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында іс-сапарда жүріп тікелей эфирден тыңдадым. Бұл Жолдауды асыға күттім.

Мемлекет басшысы  бірнеше бағыттар бойынша елімізді дамытудың, оның ішінде, саяси реформалау мәселесінде де терең талдаулар жасады. Конституцияда бірқатар өзгерістер орын алмақ. Олар жолдауда айтылған өзгерістерді заңды іске асыру үшін қажет.  Сонымен бірге, парламенттік билікке қарай бағытталған саяси өзгерістер орын алады. Ұлттық құрылтай құрылып, оның құрамына қоғам және мемлекет қайраткерлері, депутатар, азаматтық альянс, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйым өкілдері кіреді. Екі сөзді қосып айта алмайтын «халық қалаулылары» да ойланатын болады.

Тағы бір жаңалық – әкімшілік-территориялық өзгерістер, яғни, жаңа облыстардың құрылуы және де оларға құлаққа сіңімді атаулардың берілуі деп ойлаймын.  Мұның тарихи да тәрбиелік мәні зор. Оның үстіне, бұл әкімшілік бірліктердің құрылуы сол жердегі тұрғындардың мәселесін шешуге оң әсер етері сөзсіз.

Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болып, оған Қонаев есімі берілсе, бұл да үлкен тарихи оқиға болар еді. Жеке бюджеті, дербес құрылымы бар әкімшілік бірліктер осы өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына, экономикалық жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді.  Әрине, мұндай өзгерістер мемлекеттік қызметкерлер мен әкімдер санын өсіреді деген пікір болуы мүмкін. Менің ойымша, бұл мәселе туындамауы тиіс. Бұған дейінгі қалалық, аудандық әкімдіктер облыстық форматтарға ауысатын болады деп ойлаймын.

Қазақстанның көрші Қырғызстаннан әлдеқайда ілгері дамығанын байқадым. Бұл – халықтың тұрмыс жағдайы, қаржы жүйесі, көлік-логистика саласы, құрылыс қарқыны және тағы басқалары. Ал, Бішкек қаласында ескі ғимараттар, ескі қоғамдық көліктер көп, банкоматтар тапшы. Ондағы азаматтар «Қазақстанда тұрмыс жақсы ғой» деп жатты. Мәселен, студенттер стипендиясы, зейнетақы, мұғалімдердің жалақысы бізде жоғары екенін айтады. Қырғызстанда шәкіртақы 1600 сом, яғни, 10560 теңге. Бізде педагогикалық мамандықта оқитын студенттер 50 мың теңгеден жоғары шәкіртақы алады.

Олай болса, Қасиетті Қазақстанымызды өзіміз қастерлей білуіміз керек, әйтпесе, өзгелерге керек емес. Президент осыны айрықша атап өтті.

Гүлфайруз Қайырғалиқызы,

тарих ғылымдарының кандидаты 

Related Articles

One Comment

  1. Иа дұрыс айтасыз Гүлфайруз Қайырғалиқызы. Алтынның қолда барда қадірі жоқ дейді. Қазақстанда барлық жағдайлар жасалып жатыр, өз елімізді қастерлеуіміз керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button