Қанат Бозымбаев Атырау облысындағы тасқынға қарсы күрес шараларының дайындығын тексерді
Атырау облысына жұмыс сапарымен келген вице-премьер Қанат Бозымбаев Индер ауданының Индербор, Жарсуат, Құрылыс ауылдарында, сондай-ақ Махамбет ауданына қарасты Махамбет, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарында болып, жағалауды нығайту жұмыстарын тексерді. Бұл туралы Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы хабарлады.
Өңірде су тасқыны қаупі сақталып тұр. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет гидробекетінде су деңгейі қауіпті белгіден асып түсті. Жайық өзенінде судың одан әрі көтерілуі күтілуде. Барлық қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Табиғи апатпен күреске жергілікті тұрғындар, еріктілер және әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері белсенді түрде атсалысуда.
Индер ауданында жер бөгеттерінің жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Қорғаныс бөгеті Жарсуат, Индербор, Құрылыс, Көктоғай, Өрлік, Есбол және Елтай елді мекендерінде салынған. Аталған жұмыстарға 40-тан астам арнайы техника, 300-ге жуық әскери қызметші және 100-ге жуық төтенше жағдайлар қызметкері, оның ішінде Қызылорда облысы ТЖД өкілдері жұмылдырылды.
Ал Махамбет ауданында Жайық өзенінің бойында 17 елді мекен орналасқан. Оларды қорғау үшін 80 шақырым жағалауды нығайтатын бөгеттер салынды. Ауданда бөгеттердің жалпы ұзындығы 105,8 шақырымды құрайды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда, оларға 130 арнайы техника, 650 әскери қызметші, 200-ден астам төтенше жағдайлар қызметкері, 300-ге жуық ерікті мен жергілікті тұрғындар тартылды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Махамбет ауданының әкіміне ежелгі Сарайшық қалашығы маңындағы Жайық өзенінің бойындағы бөгетті тағы да қосымша көтеруді тапсырды.
-Бұл жұмыс үшін мұнда Қорғаныс министрлігінің жеке құрамының жүздеген қызметкері мен ондаған техника тартылады. Біздің тарихи мұрамызды қорғауға және сақтауға жауапкершілікпен қарау қажет, — деп тапсырды Қанат Бозымбаев.