Қамысты да кәдеге жаратпақшы

03060001001 Жаңалықтар

Atr.kz/30 тамыз, 2020 жыл. Атырауда «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен «KAMYSAY» биоөңдеу зауыты салынады.

Қазақстандық компания жылу және электр энергиясын өндіру кезінде ЖЭО-да одан әрі пайдалану үшін қамыс өңдеумен айналысуды жоспарлап отыр. Бұл – Орталық Азияда өнеркәсіптік масштабтағы қазбалы отынды биоотынға ауыстыру жөніндегі алғашқы жоба. Өндіріске салын бақ инвестиция көлемі – шамамен 1 млн еуро. Іске асыру мерзімі – 2020-2022 жылдар. Жоба бастамашыларының айтуынша, заманауи технологиялар қамысты биокөмір, мазут, газ және дизель отынын өндіру үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жоба барынша экологиялық таза болады: биомассаны қайта өңдеу химикатсыз немесе басқа да зиянды қоспасыз жүргізіледі. Жергілікті әкімдік жобаны іске асыру үшін 50 га жер телімін бөлді.

«Қамыс – жаңартылатын энергия көзі. Біздің аймақтың аумағында ол 200 мың гектарда өседі, 100 күнде өсімдік биіктігі 4 метрге жетеді. Қамыстың бұл түрін қайта өңдеу стационарлық шағын ЖЭО-да 1-ден 30 МВт-қа дейін «жасыл» энергия өндіруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Атырау облысы бойынша «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ аймақтық директоры Ержан Көлбаев.

Сонымен қатар, өндіріс үлкен экспорттық әлеуетке ие. Еуропа елдерінде қамыстан жасалған биокөмірді қолдану жоспары жасалды. Жыл сайын 200 мың тоннадан астам экспорт жоспарлануда, бұл 1 млн кВт астам жылу энергиясына баламалы.

«Жобаны қаржыландыру мәселесін шешу үшін біз қазіргі уақытта шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және Қазақстанның Даму Банкі сияқты халықаралық банктерден қаражат алуды жоспарлап отырмыз», – деп хабарлады «KAMYSAY ATYRAU» ЖШС ресми өкілі Саламат Жаскеленов.

Бастамашылар бұл жоба аймақтың энергия және жылу тұтынуының бірқатар мәселелерін шешуге көмектесетінін атап өтті. Биоқазандық өндірісі жергілікті нарықтың алыс елді мекендерде, жылыжайларда, мектептерде, ауруханаларда және отын ретінде көмір, дизель отыны мен мазут қолданылатын өнеркәсіптік объектілерде «жасыл» жылу және электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атмосфераға көмірқышқыл газын шығару көлемі айтарлықтай төмендейді.

Сонымен қатар, жоба халықты жұмыспен қамту мәселесін шешеді. Зауыт құрылысында 500-ден астам адам жұмыс істейді, ал пайдалануға берілгеннен кейін 350-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

«ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз