
Атырауда қамыстың жануы толығымен сөндірілді
Бүгін, 2 маусым күні сағат 16:15-те Атырау қаласындағы қамыстың жануы толығымен сөндірілді. Өрт «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында, қаладан 20 шақырым жерде орналасқан батпақты жерде орын алған еді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құтқару жұмыстарына Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 85 қызметкері, 14 техника, 1 ұшқышсыз ұшу аппараты және «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Сонымен қатар «Ақжайық» табиғи резерваты тарапынан 25 адам, 11 техника және 2 жүзу құралы тартылды.
Тікұшақ 3 күн бойы жалпы көлемі 30 тонна су шашты. Өрт аумағы шамамен 1050 гектарды құрады.
Өрт сөндіру жұмыстарын қиындатқан негізгі факторлар – желдің күшеюі, батпақты жерлер мен қамыстың қалыңдығы болды. Сулы-батпақты аумақта техниканың қозғалу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, өртті сөндіруге авиация және аспалы өрт сөндіргіштер пайдаланылды.
Қазір оқиға орнында 19 қызметкер мен 5 техника кезекшілік атқаруда. Аумақ тәулік бойы бақылауда.
Сала қызметкерлері табиғат аясына шыққан адамдарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ