Жарнама
Құқық

Қамалғандардың да құқығы бар

Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында №79 түзету мекемесіне барды. Орташа қауіпсіздік деңгейіндегі бұл мекеме – сотталған әйелдерге арналған.

Сапардың негізгі мақсаты – жазасын өтеп жатқан әйелдердің құқықтарының сақталуын, олардың ұсталуының халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкестігін бағалау болатын.

Омбудсмен мекемедегі отрядтар мен тұрмыстық жағдайды, медициналық қызметтің сапасымен, ішетін тамағы, сондай-ақ бос уақытты ұйымдастыру барысымен танысты. Сонымен қатар мекеме аумағындағы тігін цехы мен наубайхананы аралап көрді. Қазіргі таңда мұнда 123 әйел еңбекпен қамтылған. Олар түзету мекемесімен бірлесіп жұмыс істейтін 12 жеке кәсіпкерлік субъектісінің жұмысшылары ретінде жұмыс жасайды.

Түзету мекемесінің жанынан ашылған колледж де кәсіби бағыттағы білім беруді жолға қойған екен. Биыл аталған оқу орнын 26 кондитер, 20 аспаз, 22 шаштараз және 23 тігінші тәмамдап отыр.

Іссапар барысында Артур Ластаев жазасын өтеуші әйелдерді жеке қабылдап, олардың талап-тілектерін тыңдады. Оқшаулау жағдайында отырғандардың құқығын сақтау мақсатында қабылданып жатқан шаралар жайлы айтып өтті.

Уәкіл сондай-ақ биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылық туралы заңның нормаларына тоқталды. Ол аталған заңда баласы бар аналар мен әлеуметтік жағынан осал санаттағы сотталған әйелдерге рақымшылық жасау туралы Омбудсмен институтының ұсыныстары ескерілгенін атап өтті.

Сапар қорытындысында Артур Ластаев түзету мекемесі әкімшілігіне халықаралық стандарттарға сай келетін қосымша ұсыныстарын берді.

Нұрайби БАЙНҰР

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button