
Қалдықты өңдеудің жаңа тәсілі
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерінен құралған “Waste2wear” командасы қатарынан төрт ай қамыс пен тамақ қалдықтарынан фитоқабат өндірумен айналысуда. Олар өз жобасын «Enactus» студенттік кәсіпкерлік байқауында таныстырды.

Жас өнертапқыштар бұл бастама аймақтағы экологиялық маңызы жоғары қалдықтарды тиімді пайдалануға және қамыспен күрес сынды мәселені шешуге ықпал ететінін алға тартады.
— Біз бұл жобаны пластикке экологиялық балама жасау мақсатында әзірледік. Негізгі шикізат ретінде облыста мол өсетін қамысты, сондай-ақ целлюлозаны пайдаланамыз. Целлюлоза – қымбат материал, сондықтан оны алмастыру үшін банан мен апельсин қабығы сияқты тамақ қалдықтарын қолдануды жөн көрдік. Осылайша біз қалдықты қайта өңдеудің тиімді әрі жаңа әдісін ұсынып отырмыз. Шикізатты ұнтақтап, белгілі бір пропорцияда араластыру арқылы фитоқабат аламыз, оны әртүрлі өнімдерді шығаруда қолдануға болады, — деді команда капитаны Дильназ Досмұхамбетова.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы “Waste2wear” студенттік жобасына қолдау білдіріп, оның болашағына қызығушылық танытты. Өңірлік кеңес өкілдерімен бірге ӨКП директоры Нұрлан Сүйінбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болып, жастардың әзірлеген технологиясымен танысты.
Жас өнертапқыштар мұндай қолдауға дән-риза.
— Төрт айға созылған тұрақты жұмыс пен зерттеулердің нәтижесінде біз өндіретін материалдың тегіс құрылымын қалыптастыруға, гидрофобты қасиеттерін арттыруға және ерекше иісін жоюға қол жеткіздік. Қазіргі таңда бұл материалдан мұқабалар мен карталар жасап жатырмыз. Болашақта өз бизнес-жобамызды жүзеге асырып, оны кеңейтуді мақсат етіп отырмыз. Ол үшін қаржылық және консультациялық қолдау қажет. Жергілікті кәсіпкерлердің жобамызға қызығушылық танытқаны біз үшін үлкен қуаныш, — деді команда мүшесі Дмитрий Уарчев.
Өңірлік кеңес өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, жобаны дамыту барысында не нәрсеге назар аудару қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар жастарға бизнес-жобаларын іске асыруда барынша қолдау көрсететіндерін де жеткізді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі