Жарнама
Жаңалықтар

Қаланы басқару цифрландырылып жатыр

Облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде қаланы басқару саласын цифрландыру бағытында бірқатар іргелі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде маңызды бастамалардың бірі – Атырау облысының Геоақпараттық порталы (Геопортал) болып табылады.

Геопортал – бұл өңірге қатысты пайдалы және өзекті картографиялық ақпаратты қамтитын заманауи, көп функционалды веб-портал. Порталда облыс бойынша бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, елді мекендердің шекаралары, қызыл сызықтар, жер учаскелерінің шекаралары, карта-схемалар, аэротүсірілімдер, инженерлік желілер, ғарыштық мониторинг, мекенжай тіркелімі, жерді пайдалану мониторингі және тағы басқа да қабаттар қамтылған. Бұл ақпараттар мемлекеттік органдарға нақты мониторинг жүргізуге және шешімдер қабылдауға зор мүмкіндік береді.

Геопорталдың көмегімен облыстық Жер ресурстарын бақылау департаменті Республика заңнамасын бұза отырып немесе тиісті мақсатта пайдаланылмай жатқан жер учаскелеріне қатысты тексерулер жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін портал арқылы 53 516 қызмет көрсетілген.

Бүгінгі таңда облыстағы Геоақпараттық порталы бірқатар маңызды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен толықтай интеграцияланған. Атап айтқанда, Геопортал Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен, сондай-ақ жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген. Сонымен қатар, «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі және «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесімен де өзара байланыс орнатылған.

Бұған қоса, Геопортал «Дербес деректерге қол жеткізуді бақылау» ақпараттық жүйесімен, «Электрондық үкімет» порталымен және «Электрондық құжаттардың бірыңғай қоймасы» атты кіші жүйемен де интеграцияланған. Цифрлық өзара әрекеттесу аясында «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының ақпараттық жүйесімен де байланыс орнатылып отыр.

Бұл интеграциялар мемлекеттік басқару жүйесіндегі ішкі процестерді оңтайландырып, жалпы басқару сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі таңда Геопорталмен облыс бойынша 70-тен астам мекеме жұмыс істеуде.

2024 жылы Геопорталдың модификациясы аясында Атырау жастары бағдарламасына өтініштерді қабылдау процесі де цифрландырылды. Аталған бағдарлама – Атырау қаласы мен аудан орталықтарында жұмыс істейтін жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге және жас мамандарды қолдауға бағытталған. 2024–2025 жылдар аралығында бұл бағдарлама бойынша 765 өтініш қабылданды. Оның ішінде 134 өтініш қанағаттандырылып (Отбасы банкі арқылы келісімшарт жасалып, үй сатып алынды), 105 өтініш қазіргі уақытта қаралуда.

Сондай-ақ Геопортал аясында облыстың инвестициялық картасы – https://invest.eatyrau.kz/?access_token=&lang=ru әзірленді. Бұл карта кәсіпкерлер мен инвесторларға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға, өз жобаларын ұсынуға, жаңалықтарды қарауға және жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда инвестициялық картада 11 қаржылық қолдауды қажет ететін жоба мен 6 іске асырылып жатқан жоба орналастырылған.

Облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар – өңірде цифрлық технологияларды қолдану арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, тұрғындар мен бизнеске қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button