Жарнама
Жаңалықтар

Қаламгер есімі мәңгі ұмытылмайды

Қай салада болмасын, өз ісінің шеберіне деген құрмет пен ілтипат бөлек. Әйтсе де оның мұрасын кейінгі буынға насихаттау, өнегелі ісін дәріптеу ізбасарларына парыз. Осы мақсатта Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тағылымды шара өтті. Енді қаладағы көшелердің бірі Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Жылыой ауданы мен Ақкиізтоғай ауылының Құрметті азаматы Бақытжан Боздановтың есімімен аталады.

Бұл салтанатты іс-шарада қаламгердің әріптес інісі, жазушы-публицист Қаржаубай Сұлтанғалиев Бақытжан Бозданұлының кәсіби қыры мен ізгі қасиеттері туралы әңгімелеп, әріптестері мен көзкөргендердің атынан оның шығармашылық қабілеті жөнінде лайықты бағасын атап көрсетті.
«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің атынан сөз алған облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Назарбек Қосшиев ардагер журналистің шығармашылығына тоқталды.

– Аға буынның еңбегін ұмытпай, кейінгіге насихаттау – біздің парызымыз. Сондықтан, «Атырау» газетінің 100 жылдық тойы қарсаңында бірқатар қаламгердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес олардың есімдерін Атырау қаласы мен аудан орталықтарындағы көшелерге беру және тұрған үйлеріне мемориалдың тақта орнату жөнінде ұсыныстар берген болатын. Соның бірі – облыстық газеттің Жылыой, Мақат аудандары бойынша меншікті тілшісі болып қырық жылға жуық еңбек еткен Бақытжан Бозданұлының есімін есте қалдыру еді. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі мен газет редакциясының ұсынысы Атырау облысы мен Жылыой ауданының әкімдіктері тарапынан қолдау тапты. Бұл тек Бақытжан ағамыздың еңбегіне берілген лайықты баға емес, барша облыс журналистерінің маңдай тері мен шығармашылық еңбегіне деген ізгі құрмет деп түсінген жөн, — деді ол.

Бақытжан Бозданов атындағы көшенің ашылу салтанатында алқызыл лентаны Атырау журналистикасының ардагері Төлеген Берішбай мен қаламгердің замандасы, мемлекеттік қызметтің ардагері Рашид Әділов қиды. Ал, Б.Боздановтың тұрған үйіне орнатылған мемориалдық тақтаны ашу әріптесі, облыстық «Атырау» газетінің бұрынғы бас редакторы Нұрлан Қабылов пен жазушы, журналист Бүркіт Базарбаевқа берілді.
1973 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін облыстық «Атырау» газетінің меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып, қоғамның дамуына зор үлес қосқан Бақытжан Бозданұлы өзін қарымды қаламгер ретінде танытып, шығармашылық жолында журналистиканың мәртебесін көтеруге өлшеусіз еңбек сіңірді. Ісіне тиянақты, әрбір мақаласын жоғары жауапкершілікпен жазатын шебер қаламгер келеңсіз көріністерге сын көзімен қарап, үнемі бұқараның мұңын мұңдаумен өтті. Ал, бүгінде оның мұрасын жинақтап, келешек ұрпаққа жеткізуде талмай еңбектеніп жүрген марқұмның жұбайы Баянсұлу апайдың еңбегін атап өткен жөн.

Майталман қаламгермен қанаттас еңбек етіп, тәлімін алғандар іс-шарада естеліктерін айтып, алдағы уақытта аға буынның еңбегін үнемі дәріптеп отыру арқылы өскелең ұрпақтың бойында еңбексүйгіштік сезімін қалыптастыру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Өз тілшіміз
Суреттерді түсірген Ербол ҚОШАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button