Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Қалам жеңіл деп кім айтты?..»

Atr.kz/1 қараша, 2019 жыл. Республикалық «Аңыз адам» журналының қараша айында жарық көрген кезекті саны көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы академияның академигі, Халықаралық бейбітшілік қоры алтын медалінің иегері Рахымжан Отарбаевтың өмір жолы мен шығармашылығына арналды. Мұқаба бетіндегі жарқын бейне – Алаштың ардақты азаматы, қазақтың Рахымжаны.

…Оны көпшілік арасынан жазбай танитынбыз. Көзінде жарқыл ойнап, күре тамырдан қан тебініп, ырқынан тыс алға емініп, шешіле көсілген шешендігіне сан мәрте куәгерміз. Сөз саптауы бөлек, терең толғаныстан туған хикаяттарының оқырманымыз. Қызыл үкімет құлап, көне шүберектей ыдырап жүре берген тұста өткеннің айтылмаған ақиқатын әйгілеген тарихи туындыларының да көрермені болдық.

Әттең, шабыттың шырқау биігіне көтерілген дарабоздың талтүстік қана ғұмыр кешіп, дүниеден ғапыл кеткені әдебиет сүйер орта үшін үлкен өкініш болып қалды. Жазмыш осы, бұл да өмірдің өксігі ғой. Міне, «Аңыз адам» журналының әр бетін зор қызығушылықпен парақтап отырмыз. Сағыныш сезімін себелеген сөлді сөз, уақыт өлшемімен қорытылған ұлт зиялыларының пікірі, көз кідірткен сыр-сұхбаттар біртұтас естеліктер шоғырын құрап, кейіпкер тұлғасын суреттеуге жан-жақты үлес қосқан.

Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың Мәскеу қаласынан жолдаған сәлемінен қаламгерге деген зор құрметті аңғарсақ, ж а з у ш ы Ә б д і ж ә м і л Нұрпейісовтың, «Юность» журналының редакторы Валерий Дударевтің, т.б. авторлардың жазбаларынан және сұхбат иелерінің жауаптарынан сөз салмағын сезіндік. Жазушының жары, «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қорының» жетекшісі Сәуле Отарбаеваның әсерлі сұхбатынан сөз зергерінің дүние дидарына деген көзқарасын тереңірек тани түсіп, асты ағын, үсті толқын тірліктегі бастан кешкен күйініші мен сүйінішін жіті ұғынғандаймыз.

Сондай-ақ, жазушы атындағы қордың негізгі ұстанған бағытымен танысып, болашақта атқарылар ірі істерінің жүзеге асуына тілекші болдық. Әке мейірімін аңсаған перзенттерінің шағын естеліктерінде көңіл толқытарлық жайттар көп. Ұлы Ермерейдің «қалам жеңіл деп кім айтты?..» деген бір ауыз сөзі оның ой азабын арқалаған жазушылықтың жеңіл еместігін жүрекпен сезінуімен құнды.

Жас ұлғайған сайын дос азайып, сыр көбейетіні қаншалықты шындық? Ақын сөзімен бейнелеп айтсақ,түн қараңғылығында тұңғиыққа сіңіп кеткен сүлік қараның ізінен аспанды жарған жаңғырық пен сыңсыған аққудың үнін естіп, көңілі құлазыған ақыреттік досы Таңатар Дәреловтің де сары сиямен жазылған естелігін оқып, кейіпкеріміздің «бірліжарым досым бар шығар» дегені еске түсті…

Кешегі бала Рахымжанның жұлдыздар жыпырлаған түнгі аспанға қарап, тәтті қиялға батқан кездері көп болған шығар. Танымал тұлғаларды насихаттап, ұлт мүддесіне қызмет етіп жүрген аталмыш басылымның бұл нөмірі де арманын алысқа ұзатқан қазақ баласының таудай талабына қанат бітіріп, келешекте өзінің дара жолын қалыптастыруына ықпал етеріне кәміл сенеміз.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button