imtmtm

«Қалам ұстағандарды қолдауға асығып тұрамын»

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Қоғам

Atr.kz/26 маусым, 2019 жыл. Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары: «Қалам ұстағандарды қолдауға асығып тұрамын».

– Бұл аймақ – жиі келіп тұратын жеріңіз. Әр сапардың өз себебі бар екені белгілі. Ал, осы жолғы сапарыңыздың сипаты қандай?

– Атырауға бұрын да келіп жүрміз жол түсіп. Бұл жолы қазақтың марғасқасы Махамбеттің поэзия күндеріне келдім. Махамбет жерленген қасиетті Қаройға жол түсейін деп тұр алғаш рет. Білуімше, 1983 жылдан бері Махамбет поэзиясы күндері Атырау өңірінде өтіп келе жатыр екен. Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының басшысы, қаламгер ағамыз Қойшығұл Жылқышиевтің ұйымдастыруымен, Жазушылар Одағының қатысуымен өтетін бұл шара – ел үшін рухани азық болары сөзсіз.

– Ал, өз шығармашылығыңызда оқырмандарыңызды қуантатын қандай жаңалықтар бар?

– Жазушылар Одағына жаңа басшылық келгеніне бір жылдан асты. Біраз істің басын қайырып, қызмет қылып жатырмыз. Өткен жылы Елордада Еуразиялық форум, «Ақ ордалы Астана» атты жоғары деңгейде фестиваль өтті. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында Азия жазушыларының форумы өтейін деп жатыр. Осыдан 43 жыл бұрын Одақты Әнуар Әлімжанов басқарған кезде Азия-Африка жазушыларының конференциясы өткен болатын. Содан кейінгі өтейін деп отырған үлкен шара.

Ал, енді өз шығармашылығыма келетін болсам, жалпы, 13 кітаптың авторымын. Оның ішінде үш ғылыми монография бар. Ал, поэзия жанрында жазғандарымның өзі он кітапқа жетті. Құдай сәтін салса, биыл жаңа өлеңдер жинағын дайындап отырмын. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында шығып жатқан «Абай әлемі» атты сериялық кітапханадан 25 баспа табақ көлемінде таңдамалы өлеңдер жинағым көрерменге жол тартайын деп, қанатын қомдап отыр.

– Келген жазушыларға қоятын өзімнің тұрақты сұрағым бар еді. Қазақ қаламгерлері Нобель сыйлығын алуға қауқарсыз ба?

– Бұл сұрағыңыз орынды, әрине. Неге қауқарсыз қазақ әдебиеті? Жалпы, қазақ тілінің құнарлылығы туралы көптеген пікірлер айтылғаны белгілі ғой. Академик Радловтың өзі «түркі халықтарының ішінде тілі ерекше сақталған, ең бай, әрі таза, мағынасын жоймаған – қазақ тілі» деп өткен ғасырларда айтып кеткен. Жалпы, қазақ тілінің, қазақ әдебиетінің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері орасан зор.

Біздің әдебиет – жоғары деңгейдегі әдебиет. Кешегі Махамбет, Абай бабаларымыздан бастап, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, «Ақтаңдақтар жылы» деп кейін ақталған Мағжан Жұмабаевтың жырлары, Ілияс Жансүгіров, биыл 125 жылдығы аталып өтілетін Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндердің шығармашылығы бар. Бұрынғы тарихымызға, сол алыптарымызға соқпай өте алмаймыз. Одан беріде қазақ әдебиеті кең өріс алып дамыды. Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауиннің, Ілияс Есенберлиннің, Қабдеш Жұмаділовтердің тарихи тақырыпқа қалам тербеп, үздік танылғандарын ел біледі. Осылай қазақ әдебиеті толқыннан толқынға табыс етіліп, өз ғұмырын кешіп жатыр. Қазақтың поэзиясы да, прозасы да биік белестерді әлі де бағындыруда.

Ал, енді сіздің сауалыңызға жауап беретін болсам, «Нобель» сыйлығына лайықты шығармалар қазақ әдебиетінде де бар, әрине. Әлемдік әдебиетпен шендесе алатын туындылар бізде де жетерлік. Бұл енді келешектің еншісіндегі дүниелер. Алдағы уақытта біздің де бір қаламгер сол дәрежелі сыйлықты алатын шығар деген үміттемін.

– Балалық шағыңызға саяхат жасайықшы. Бала күніңіздегі арманыңыз орындалды ма?

– Бала кезімнен сөз өнеріне жақын болып өстім. Жалпы, шығармашылыққа әуестігімді бастауыш сыныпта оқып жүргенде сурет салудан бастадым. Кейін сол суреттерімнен түк шықпаған соң, өлең жазуға ниет еттім. Өлеңдерім, жазған мақалаларым аудандық, облыстық басылымдарда жарияланды. Алғаш республикалық басылымдардың ішінде «Пионер» журналына өлеңдерімді жариялаған Фариза Оңғарсынова апамыз еді.

Кейін «Жалын» журналына Тұманбай Молдағалиев өлеңдерімді жариялады. Жалпы, шығармашыл адамды бір бағытқа түсіретін, бағдар беретін жандар болады. Жұматай Жақыпбаев ағамыздың жанында көп жүрдім. Ол кісінің «Сары атан» деген кітабын қолдан қолға өткізіп оқыдық. Сол кісінің бергені көп болды бізге. Бала кезден арманым – қаламгер болу еді. Біраз кітаптар жаздым. Сол кітаптарымды оқырман жылы қабылдап жатыр деп есептеймін. Соған қарағанда, сол арманымның біразы орындалып жатқандай көрінеді.

Қазақтың қай өңірі де киелі ғой. Соның ішінде Атырау – талай тау тұлғалар дүниеге келген өңір. Жалпы, менің өмір жолымда үлкен өзгеріс жасаған, маған бағыт-бағдар берген Тауман Амандосов деген ұстазым еді. Осы Атыраудың тумасы. 1985 жылы журналистика факультетін бітірдім. Ол кісі бізге бірінші курста ғана сабақ берген. Сол кезде мені есінде сақтап қалған болуы керек.

Бір жыл іздеп, 1986 жылы мені КазГУ-ге, журналистика факультетіне жұмысқа алды. Сондағы айтқан сөзі: «Бауыржан, айналайын! Біз базардан кетіп бара жатырмыз, сендер базарға енді келе жатырсыңдар. Ертең қазақтың сөз ұстаған азаматтарын, журналистерді тәрбиелейтін ұстаздар керек». Дәл осылай деп, мені жұмысқа орналастырған еді. Сол уақыттан бері өзім білім алған журналистика факультетінде дәріс оқыдым, сабақ бердім.

Кейіннен екі кафедраның меңгерушісі болдым. Факультет деканы болып 9 жыл қызмет атқардым. Одан кейін «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры болдым. Өткен жылы Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасарлығына ұсынған уақытта қарсылық білдірмедім. Себебі, руханиятқа, әдебиетке қызмет ету – әр қаламгерге міндет деп түсінемін.

– Өзіңіз көзін көрген мүйізі қарағайдай біраз тұлғаның есімін атап шықтыңыз. Ал, өзіңізден кейінгілерден кімді атайсыз?

– Жалпы, өзімнен кейінгілерді, жастарды қолдап жүретінім жасырын емес. Қалам ұстағандарды қолдауға асығып тұрамын. Ал, енді оларды атап шықсам, бізден кейінгі толқында Маралтай Райымбекұлы Жазушылар Одағында алғаш өткен мүшәйрада жеңімпаз болып, біз ақжол тілеп, жолын ашқан едік.

Одан кейін Әлібек Шегебей деген жігіт КазГУ-де өткен мүшәйрадан үздік көрініп, танылған еді. Осындай қыз-жігіттер көп. Дәурен Қуат, Жанарбек Әшімжан, Назира Бердалы, Нұржан Қуантай секілді өзімнен кейінгі жастардан үміт күтемін. Олардың болашағына сенемін. Жақсы дүниелерін бағалап, бағыт-бағдар беріп отырамыз. «Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» деп Мағжан айтпақшы, әдебиетке келген көп жастың тұсауын кестім десем, артық айтқаным емес, мұны олардың өздері де айтып жүреді.

– Не нәрсе тынышыңызды алады? Нені көп ойлайсыз?

– Әрбір қазақтың ойлы азаматы елдің болашағын ойлайды ғой. Қазақ елі тәуелсіздік алғалы, міне, 28 жыл болды. Қазаққа тиесілі әр құндылық ел үшін қызмет етсе екен деймін. «Мәңгілік ел» боламыз деп жатырмыз, сол ой жүзеге асып, Тәуелсіздігіміз берік болса екен деген арман-тілегім бар. Жалпы, елге қатысты әр сауал, әр мәселе мені мазалайды.

– Бағдарламамыздың тұрақты сұрағы бар. Егер бір шығарманың кейіпкері болсаңыз, өзіңізді қалай суреттер едіңіз?

– Қандай болсам, сондай етіп суреттеу керек шығар. Дәл осы дүниені ойламаппын. Бірақ, мен ақын болғаннан кейін, лирикалық кейіпкер өзім ғой.


– С і з ү ш і н ы с т ы қ м е к е н , қасиетті жұрт – Атырау халқына тілегіңіз?

– Мұнайлы мекендегі жұртқа ынтымақ, береке-бірлік тілеймін. Әр келген сайын ыстық ықыласпен, кең құшағымен қарсы алып жатады. Шығармашыл адамға бұл, әрине, шабыт сыйлайды. Осында келген сайын шабыттанып қаламын. Атырау халқына ризашылығымды білдіремін. «Атырау» телеарнасына да алғысымды айтамын. Осы өңірдегі ғана емес, күллі қазақтың ойындағы дүниелерді қозғайтын парасатты орда болыңыздар! – Шығармашылығыңызға толағай табыс тілейміз. Оқырмандарыңызды қуантар жағымды жаңалықтарыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан:

Асланбек ШЫҒЫРОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған