Қалам ұстаған үш қыз
Әрине, журналист мамандығын таңдаған арулар аз емес. Әйтсе де, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары редакцияларда олардың саны қазіргідей көп болмайтын. Өйткені, бұл кейбіреулер ойлайтындай оңай шаруаға жатпайды.
Дегенмен, өткен өмірімде солардың кейбірімен қатар қызмет атқардым. Бүгінде зейнет жасындағы әріптестеріммен қазір де хабарласып тұрамыз. Сонымен… ТЕҢІЗГЕ ТҮРЕН ТАРТҚАН тілшілер қатарында Бағзай Супьянова да бар. Марқұм Теңдік Жауыров облыстық газетке редактор болып келген соң белгілі кеніш тіршілігіне журналистердің бәрі араласуын алға тартқан. Өйткені, кен орнының одақтық деңгейдегі маңызы зор еді. Оны игеру жөніндегі шешімді Мәскеу қабылдаған. Осындағы бұрғышылар мен құрылысшылар компаниялары тікелей сол жаққа бағынды. Рас, қазақстандық мамандар да баршылық-тын. Ендеше, олардың еңбек көрсеткіші ғана емес, тұрмыс-тіршілігі де тілшілер назарынан сырт қалмауы шарт. Обком журналистер алдына сондай міндет қойды. Біз орындауға тырыстық. Міне, сонымен, енді Жылыойдың жазығында орналасқан Теңізге өнеркәсіп бөлімінің ғана емес, өзге журналистер де жиі ат басын бұратын болған. Сондағы партия тұрмысы, мәдениетпен қамту, жұмысшылардың бос уақыты, т.т. толып жатқан мәселе аптасына бес рет шығатын газет бетінен көрініс тауып жататын. Қызметі қанағаттанғысыз талайлар сын садағына ілініп, тиісті жауапкершілікке тартылған. Солардың арасында Бағзай Супьянованың да материалдары болды. Солар бүгін архивте қаттаулы жатыр.
Бұдан бірер жыл бұрын бұрынғы «Коммунистік еңбек» газетінің сарғайған сандарын көргем. Аймақтың ғана емес, соның тарихын жазған журналистер еңбегін содан оқығанмын. Бәкең кейінгі уақытта корректорлық қызметті атқарды. Бұл бағытта біраз жыл тер төкті. Кім айтқанын ұмыттым, «корректор үшін адасқан әріптің орнын табуы – бір бақыт» деген сөз бар. Тура айтылған баға. Журналистер жақсы біледі, ұры әріптің тығылып тұрғанынан қауіпті нәрсе жоқ. Күллі ұжымның күні бойғы еңбегі зая кетеді. Соның салдарынан кейбіреу тағынан тайып, жұмыстан да кеткен. Ал, ол өте мұқият болатын.
Екеуімізге қатысты бір оқиға әлі жадымда. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында газет даярлап жатқанбыз. Мерекелік номер ғой, материал көп-ақ. Шынын айтқанда, оқып та шаршадық. Содан әбден әзірлеп, баспаханаға ұсынғалы жатқанбыз. Мен кезекшімін. Бағзай апамыз «Меңдібай, барлық бетті тағы бір қарап шықшы» деп қоймады. Зауқым жоқ. Әйтсе де, шолып өтпек болдым. Алғашқы бетті ашқанда-ақ шалқамнан түсе жаздадым. Дәл төбесінде «9 наурыз құтты болсын!» деген сөз тұр. Үлкен әріптермен терген екенбіз. Төраға тексеріп, редактор қол қойып тастаған. Компьютер цехы тарағалы жатыр. Бәкеңе көрсеттім. Ол да шошып кетті. Дереу түзеттік!..
Бұл – оның өміріндегі сан оқиғасының бірі ғана. Ал әлгі мерекелік нөмірдің бірінші бетінде төбеде тұрған қатеден қанша адам жазаға тартыларын ойлау да қиын. Тек кезекші емес, төраға мен редактордың да арқасынан ешкім қақпас. Сондай абыройсыздықтан бәрімізді Бәкең құтқарып қалған.
Жалпы, әккі журналистерде қалыптасқан бір дағды бар. Мұны шартты рефлекс десе де болғандай. Газеттегі тығылып тұрған қате кәнігі тілшілерге белгі беретіндей. Жанарың өзінен өзі сол жерге бұрылады. Бұдан бірер жыл бұрын ол туралы газетімізге «Біздің Бағзай» деген мақала жазғам. Осы оқиғаны сонда да баяндадым. Өйткені, жадымда әбден жатталып қалыпты. Әрі кейінгі толқынға бағыт тәрізді сақтықты ұмытпау қажеттігін тағы ескерткенім.
«ҚЫЗЫЛ ҚАЛАМДЫ» ҚЫЗ деп Света Қайырғалиеваны атаса болғандай. Бүгінгі жастар, әрине, білмейді, бұрын облыстық газетте үздік журналиске әр айда берілетін сыйақы бар-ды. Редакциялық алқа жиналып, көпшілік дауыспен шешетін. Бұра тарту жоқ, әділ бағасы берілетін. «Бәленше өткен айда алды ғой, енді түгеншеге берейік» деген теңгермешілік те жасалмайтын. Міне, «қызыл қалам» аталатын осы сыйлық көбіне Светаға бұйыратын. Расында да, қарымды еді. Жұмысын да жинақы атқаратын, тапсырманы да уақытында орындайтын. Содан ба, басшылар тарапынан ұдайы жақсы есепте жүрді. Бөлім басшысы Тәжі Ақымов та, осы бөлімнің жұмысын реттеуші Құмарғали Ғабдешев те үнемі үлгі етіп отыратын. Өзгелерге өнеге ететін. Облыстық архивтегі газеттің көне тігінділерінен Светаның да шығармаларын табуға болады. Кейінгі жылдары ол «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінде істеді. Жалпы, бірлескен кәсіпорын қызметінің бір ұтымды жері – қатарына мықты журналистерді тартуы. Солардың шыңдалған шеберлігі мен биік беделін пайдалануы. Расында да, осы бөлімде жұмыс жасағандар барлық газет тілшілерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Оларға компания саясатын түсіндіріп, басшыларына біздерді таныстырды. Соның нәтижесінде инвестор туралы кең мәлімет алуға мүмкіндік туды. Тіпті мұнай-газ тақырыбына жазатын журналистер арасында әр жылы байқау ұйымдастырып, бұл саланы жан-жақты қамтуға жағдай жасалды. Соның нәтижесінде, расы керек, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» адамдардың материалдық ахуалы біраз жақсарды. Әйтсе де, ең бастысы – басқа тақырыптарға қалам тербейтін тілшілерде қызығушылық пайда болуы. Міне, осы шараны ұйымдастырушылардың қатарында Света жүрді.
«КАСПИЙ-КАПИТАЛ» газетін бүгінгі буын білмейді. Ал Атырауда осындай да бұқаралық ақпарат құралы болған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жұмыс жасады. Сайып келгенде, ол аймақта үш тілде жарық көрген тұңғыш газет-ті. Мақалалар ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді. Редакторы Ағиба Қатешева еді. Редакция құрамының бәрін ұмыттым, ал орынбасары Исатай Балмағамбетов болатын. Мен соның Жылыой ауданындағы меншікті тілшісі атандым. Рас, кейін газет жабылып қалды. Бірақ соны қолға алып, азды-көпті қызмет істеуге де батылдық қажет еді. Міне, сол қасиет Ағибаның бойынан табылды. Ағылшын және орыс тілінде жазатын кадрларды қайдан тапты, қаражатты қалай ұйымдастырды – мұның бәрі редактордың өзіне ғана аян. Бірақ қайткенде де, жеңілдікпен келмегені кәміл. Әйтсе де, аймақ баспасөзінде айшықты із қалды.
Ағиба арасында «Ембімұнайгаз» өндірістік кәсіпорнында, облыстық әкімдікте істеді. Әйтсе де журналистермен байланысын үзбеді. Кездескенде қуана қауышатынбыз. Естіп жүреміз ғой, қайда жүрсе де соңына соны із қалдыратын. Соның бірқатары қазір де сайрап жатыр. Бұл оның ұйымдастырушылық қабілетінің қарымды екендігін көрсетеді. Содан Ағиба «Атырау» газетіне ауысты. Өзі де осы ортаның адамы болғасын қайта оралды. Жай емес, редактордың орынбасары қызметіне тағайындалды. Өзіне бекітілген бөлімдері болды. Соның қыздары қалжыңдаушы еді: «Ағиба апаға жоспар жинап жүреміз» деп. Осындай өлең жолдары да бар. Ақжүректігінде әңгіме жоқ. Ренжігенін көрмедім, қашан да күліп жүреді. «Бар болғыр» деген сөзі аузынан түспейді. Содан бар болып келеміз. P.S. Міне, шағын ғана мақалада қалам ұстаған үш қызды әңгіме еттік. Қазір бұлардың бәрі де зейнеткер. Бірақ саналы ғұмырын аймақ журналистикасын дамытуға арнағаны анық. Ендеше, мереке құтты болсын, арулар!
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Қазақ журналистикасының қайраткері
Света апаймен көп жыл жұмыстас болдық ТШО-да. Өте білімді, нағыз қазақ интеллигенциясының өкілі, Кезінде ТШО-да қазақ тілді материалдарды Света апай қарамаса, тексермесе approval жоқ шығаруға:-) әлі де солай сияқты:-). Апайдың көмегімен бірнеше қазақша сөз сөйлеу реттеріне ТШО-ның кәсіби мамандары дайындалды. Кітап шығару, маңызды ақпараттарды шығаруға, қазақ тілін дамытуға қосқан үлесі зор!