Қала күні қарсаңында «Құрметті азамат» атағы табысталды
Атырау қаласында қала күні мерекесіне орай бірқатар азаматқа «Атырау қаласының құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табысталды. Жиынға қала әкімі Шәкір Кейкин және Атырау қаласы Мәслихатының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев қатысып, әр салада елеулі үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Бұл атақ Атырау өңірінің экономикасының өркендеп дамуына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосқан азаматтарға берілді. Марапатталғандардың ішінде түрлі саланың өкілдері болды.
Атап айтқанда, техникалық реттеу және метрология саласында интегралданған менеджмент жүйелерін енгізу мен кадрларды практикалық қызметке дайындаудағы еңбегі үшін Лес Баймұқашев марапатталды. Сонымен қатар, жергілікті мемлекеттік басқару және сайлау үдерістеріне үлес қосқаны үшін Тамара Аман-Турлина да осы құрметті атаққа ие болды.
Қаржы-есеп және банк салаларындағы жетістіктері мен қаржы мамандарын даярлаудағы еңбегі үшін Козыбақ Кұлбарақовқа да «Құрметті азамат» атағы берілді. Қала тұрғындарының денсаулығын сақтауға, медициналық мекемелерді жабдықтауға және кадрмен қамтуға қосқан үлесі үшін Меңдіхан Өтепқалиев марапатталды.
Сондай-ақ, өңірде құрылыс саласының дамуына және тұрғын үймен қамту мәселелеріне елеулі үлес қосқаны үшін Ғаджібек Әлібеков «Атырау қаласының құрметті азаматы» атағын иеленді.
Бұл марапат өңірдің дамуына адал қызмет еткен азаматтардың еңбегін бағалау және құрмет көрсетудің бір белгісі.
Қ.ШӘКІРОВ