Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет
Жаңа жыл қарсаңында облыста түрлі мерекелік шаралар өтті. Дегенмен, «Амир-Холдинг Казахстан» ЖШС ұйымдастырғаніс-шара өзгелерден өзгеше көрінді. Серіктестік өкілдері Атырау қаласындағы облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған №4 арнаулы Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына, сондай-ақ облыстық балалар ауруханасына барып, көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады.
– Менің мақсатым – қарттар мен балаларды қуантып, қайырымдылық жасау. Осы қағиданы өмірде де негізгі ұстанымыма айналдырып келемін. Өйткені, қазір күйбең тірлікпен жүрген адамдар ізеттілік, адамгершілік секілді асыл қасиеттерді ескере бермейді. Ал, біз еліміздің ертеңін ойласақ, өскелең ұрпақтың саналы, салиқалы адам болып өсуін қаласақ, оған бейжай қарамауымыз тиіс, — дейді осы шаралардың өтуіне ұйытқы болған жеке кәсіпкер Гүлмира Байзақова.
Шара ұйымдастырушыларға қариялар риза болып, шынайы тілектерін білдірді.
– Менің ұлтым татар болғанымен, жаным қазақ. Бұрынырақта көптеген ТМД елдерінде болдым. Аралап жүргенде жаныма жақын келгені Қазақстан еді. Осы елде тұрып жатқанымдымақтан етемін, — деді Қарттар үйінің тұрғыны Фоая Гатауллина.
Облыстық балалар ауруханасындағы мерекелік кешті де балдырғандар ерекше күтіпті. Олар бірінен соң бірі ортаға шығып, өз өнерлерін көрсетті. Қайырымдылық жасаушыларшараға қатысушы науқастарға сыйлықтар пакетін таратып, жаңа жылдық ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бек АЙДАРӘЛИ