«Қайрат Ищанов» атты естелік кітап жарыққа шықты
Бойындағы жігер, қайрат, күшін жұртына арнап, жасынан толағай еңбектің ортасында шынығып, үлкенге өнеге, кішіге үлгі болған тұлғаның бірі – Қайрат Ищанов. Ол саналы ғұмырын балық шаруашығы саласына арнаған жан. Жуырда мемлекет қайраткері, еңбек ардагері, ІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Қайрат Ищанов туралы «Қайрат Ищанов» атты естелік кітап жарыққа шықты. Еске алу кітабының лентасын мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев пен әділет генерал-майоры Мұхтар Жөргембаев кесті.
Еңбек жолын қарапайым балықшыдан бастап, Парламенттің жоғары палатасы Сенаттың вице-спикеріне дейін көтерілген Қайрат Қыдырбайұлының еңбек жолы кімге де үлгі боларлықтай. Қайрат Ищановтың ел тізгінін ұстаған жылдар жылнамасы мен бастан өткерген базарлы күндерін есте қалдыру мақсатында өмірге келген туындының авторы – мақаттық ұстаз Мәрияш Сатимова мен Қайрат Қыдырайұлының қызы Ажаргүл Ищанова.
Қоғам, мемлекет қайраткері туралы жазылған кітап Алматы қаласындағы Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының баспасынан 300 данамен шығарылған. Туындыда мұнайлы мекеннің даңқты перзенті, ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищановтың еңбек баяны қанаттас еңбек еткен қоғам қайраткерлерінің, замандастары мен достарының, жақын жандары мен ұрпақтарының қолтаңбалары арқылы көркем баяндалған. Өмір жолы мен жүрекжарды сөздері, тұлға туралы жазылған замандастарының ыстық ықыластары мен арнау өлеңдері, естелік фотосуреттер енгізілген.
Жаңа туындының тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысып, облыс басшысының жүрекжарды лебізін жеткізді. Достары, замандастары, әріптестері де сөз алып, абыройлы еңбек еткен, өнегелі ісі көпке үлгі болып, артына тәрбиелі із қалдырған ел ағасы жайында жылы естеліктерімен бөлісті.
– Ол әркез халыққа сыйлы болды. Қай жерде болмасын адал қызметімен, адамгершілік қасиетімен өзін сыйлата білді. Еліне қадірлі еткен аса кішіпейіл, азаматтығы басым, өзін емес, өзгенің қамын ойлаған шынайы адал жан болуында. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше жақсылық істеп, жоқ-жұтаңдарға қол ұшын созып жүрді. Қайрат Қыдырбайұлы Сенат қабырғасында жүрген кезде елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқанын ерекше атап өтуге болады. Өз өңірінің әлеуметтік жағдайын, ауыл шаруашылығын, экономикасын өркендетуге, ірі шаруашылықтардың сақталып қалуына бар күш-жігерін салды.
Қазақта «Елдің азаматы» деген ұғым бар. Бұл – екінің біріне айтылмайтын сөз. Қайрат Ищанов тіршілігінде осы ұғымға өзінің болмысымен, қадір-қасиетімен сараланып ие болған жан десек, еш артық айтпағанымыз, — деп еске алды үш мәрте Сенат депутаты болып сайланған Рашит Ахметов.
Ал, қызметтес замандастары атынан сөз сөйлеген Зұлбұхар Сүйнешов әулет ұрпақтарының бастамасымен жарық көрген жаңа дүниенің жас ұрпақ үшін мәні зор, құнды еңбек болатынына сенім білдірді.
– Қайрат Қыдырбайұлы облыс әкімінің орынбасары ретінде агроөнеркәсіп кешенінің саласына басшылық жасаған кезде аудандық деңгейдегі проблемаларды шешу бағытында көптеген ұсыныстарды облыс әкімінің назарына беріп, қолдау таптырып жүрді. Әсіресе, шөлейт аймақта орналақан Исатай ауданының үлкен проблемасы тұщы су тапшылығы болғандықтан бірінші кезекте «Кобяково – Забурын», «Обалы – Ақбас» каналдарын іске қосып, одан басқа да маңызды мәселелер бойынша ұсынысымыз қолдау тауып, қаржыландыру мәселесiнiн оңтайлы шешілгені әлі есімде. Сол жылдары қаржы тапшылығына қарамастан ауданда жаңадан ашылған Забурын, Нарын селолық округтерінің әкімдігіне типтік жобадағы кеңсе үйін салдыртып беруге де ықпал еткені бар. Қайрат Қыдырбайұлының тағы бiр өзiндiк қасиеті, ол ортада өзін әзіл-қалжыңымен өте қарапайым ұстауы дер едім. Осындай елге танымал атпал азамат Қайрекеңнің шынайы да риясыз ақкөңілділігі, бүкпесіз ашық мiнезi өз ортасына, айналасына сенiмдi дос-жарандар жинауына да өз септігін тигізгені анық,-деп естелігімен бөлісті.
Шара барысында алыс-жақын өңірлерден арнайы келіп, ізгі ниет-тілектерін білдірген жандардың санында шек болмады. Бұл да адал еңбегімен туған еліне қалтқысыз қызмет еткен жылы жүректі жайсаң жан Қайрат Қыдырбайұлына деген ізгі құрметтің көрінісі болар…
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ