ҚАЙ БАЗАРДА БАҒА АРЗАН?
ҚЫМБАТШЫЛЫҚ, КРИЗИС ДЕГЕН СӨЗДЕР КҮНДЕЛІКТІ СӨЗДІК ҚОРЫМЫЗҒА ЕНГЕЛІ ҚАШАН?! КҮННЕН-КҮНГЕ ТИЫНДАП ҚОСЫЛАТЫН АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ БАҒАСЫНА ДА БАСА МӘН БЕРМЕЙМІЗ. СЕБЕБІ, ХАЛЫҚ ЖАППАЙ ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІММЕН ҚАМТЫЛМАҒАНДЫҚТАН, АЛЫПСАТАРДЫҢ ЖАУАБЫ ДАЙЫН. «БІЗГЕ ҚЫМБАТ БАҒАҒА ӘКЕЛДІ», «ДОЛЛАР ӨСТІ» ДЕГЕН СӨЗ ТІРКЕСІН ҚАЗІР БЕСІКТЕН БЕЛІ ШЫҚПАҒАН БАЛА ДА БІЛЕДІ.
Шекті баға белгіленген… Десек те, елде əлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру саясаты бар. Бұл дегеніңіз – бүкіл базар, дүкен, дүңгіршектің бағасын бағындыру емес, белгілі бір дүкендер желісі арқылы, арнайы сауда нүктелерінде халыққа ең қажетті азық-түлік бағасын минималды шекте ұстау. Сол үшін Үкіметтен арнайы қаржы бөлінеді. Оны ұтып алған тендер жеңімпазы айналым схемасымен белгілі бір азық-түлік түрлерін арнайы сөреде сатылымға шығарады. Бұған қарап, сол дүкендегі азық-түліктің барлығы арзан немесе мемлекет қаржыландырған деп ойлап қалмаңыз. Тек өкіметтің халықты қымбатшылықтан сақтандырған арнайы «тетігі» ғана!.. Атырауда мұндай азық-түлік өнімдері (ұн, май, сүт, тұз, күріш, макарон өнімдері, жұмыртқа, қант, т.б.) «Идеал» жəне «Лидер» əмбебап маркеттерінің 36 нүктесінде сатылып жатыр. Ал, көкөніс өнімдері – «Дина», «Насиха», «Көктем», «Сарайшық» сауда орындарында. 365 мыңнан астам халқы бар қалада қолжетімді көкөністің небары 4 нүктеде сатылуы тұтынушыға қолайлы ма? Бұл жердегі өнімді кімдер сатып алып жатыр? Көп естігеннен гөрі көзбен көрмек болып, қаладағы 4 базарды аяқтай аралап, 4 нүктені көзбен көріп қайттық.
«Сарайшықтағы» сергелдең
Алдымен, коммуналдық базар – «Сарайшыққа» бас сұқтық. Былтырғы қыркүйек пен қазанда тұрақтандыру қорынан əкелінген көкөніс сатылған орынға барып, іздеген дүниемізді таппай қалдық. Базарға кірген бойда солға бұрылсаңыз, бірден көзге түсетін сөренің орнын азық-түлік дүңгіршегі басыпты. Базардың көкөніс бөлімінде де біз іздеген нүкте жоқ. Екі-үш адамнан сұрастырып жүріп, азық-түлік бөлімінің оң жақ түкпірінен іздегенімізді таптық. Шынында да, баға өзгелерден біршама арзан. Бірақ есіңе «жетім бұрыш» деген сөзді түсіретін, елеусіз тұрған сөрені сырттан іздеп келіп жатқандардың қарасы аз. Тіпті, жоқ деуге болады. Бізден бұрын келіп картоп алған апайдың формасынан сол базар сатушысы екенін айтпай-ақ білуге болады. Сатушы қыз өнімдер күнделікті сатылымда болғандықтан, ешқандай кезектің жоқтығын, бір тұтынушыға қырыққабатты 1 дана[1]дан, өлшелмелі көкөністерді 5 келіден артық сатпайтынын айтты (кіреберісте тұрғанда бұл нүктеден кезек арылмаушы еді!). Жə, бұл да дұрыс шығар дедік. Мұндағы картоптың келісі – 185 теңге, пияз – 80, сəбіз – 145, қырыққабат – 125, қызылша – 170 теңгеден.
«Көктемге» де көңіл толмады
Авангардтағы «Көктем» базарының азық-түлік павильонына кіре бере жөн сұраса жүріп, екінші қабатқа көтерілдім. «Қолжетімді көкөністің бəрі қуыста сатылып жатқаны несі?» деген ойымды «Қияр, қызанақ алмай[1]сыз ба?» деген сатушының дауысы бөліп жіберді. Сөрелердің жартысына жуығы бос тұр. Бары да сауда қыздырып жатқан жоқ. Дəруменге толы жеміс-жидекті қазір екінің бірі ала алмайды. Ол туралы, тіпті, сөз қозғауға батылымыз жете бермейтіні шын. Бағаға бір қарап, қалтаға бір қарап əрі жүре беруден басқа амал жоқ. «Көктемдегі» қолжетімді көкөніс тұтынушының сұранысына сай сатылып жатыр екен. Тұрақты тұтынушының бар екенін сөздерінен[1]ақ аңғаруға болады. Баға басқа нүктелермен бірдей. Келушілер қалағанын алып, қара дорбаны арқалап, қоңырқай тірліктің қамымен күйбеңдеп кетіп барады.
«Насихадағы» нақтылық
Қаладағы үшінші сау[1]да орыны – «Насихада» тура көкөніс бөлімінің кіреберісіне орналасқан сауда нүктесі сəтті таңдалғандай. Келушілердің көптігі көз қуантады. Əдеттегі базар өмірі. Əркім өзіне тиесілі көкөнісін алып кетіп жатыр. «Динада» да дүрбелең Тоғыз жолдың торабы болмаса да, қаланы айтпағанда жеті аудан халқы түгел келіп, қашанда ығы-жығы кейпінен жаңылмайтын «Дина» базарындағы сауда нүктесі ет бөлімінің артқы жағына, жеке дүкенге орын теуіпті. Дүкеннің оң жағында жергілікті шұбат, қымыз бен құрт-қаймақ, тура ортасында «Алмалықұстың» бөлек сұрыпталған жұмыртқасы, сол жақ бөлікте тұрақтандыру қорының көкөністері сатылып жатыр. Көз алдымда екі қап қырыққабат алып, қызғылт-күлгін түсті көлігіне тиеп əкеткен бəкене бойлы ер адамның əрекетіне қарап тұрып, шекті мөлшер туралы қандай да бір мəлімет іздеп, қабырғаға көз жүгірттім. Əдеттегі баға мен түскі үзілістен басқа ақпарат таппасам да, халыққа қызмет көрсетіп жатқан сатушының назарын өзіме бұруды жөн көрмедім.
Тобықтай түйін
Төрт базардан төрт түрлі оймен шығып, осы дүкеннен 20 қадам жердегі «Динаның» көтерме сауда орталығына бет бұрдым. Мұнда картоптың келісі – 230-240 теңгеден, жуа – 100, сәбіз бен қызылша 200 теңгеден бағаланған. Ал, қаладағы көп қабатты әр үйдің тұсындағы дүкендер мен дүңгіршектерде осы бағаның үстіне шамамен 20-50 теңгеден үстемеленеді. Мысалы, жуа тұрақтандыру қорында – 80 теңге, дүкенде – 120 теңгеден сатылып жатыр. Картоп қордың бағасымен – 185, үй жанындағы маркетте – 255 теңге. Яғни бес келі картоптан 350 теңге үнемдеу үшін ешкім базарға бармайды.
- Төрт нүктеден түйген ойым – қолжетімді бағаның өзі негізінен астында ат-лауы бар адамға ғана қолжетімді екен. Ұтылатын – кім? Тағы да сол үлкенін кішісіне қаратып, күнделікті азығын дүкеннен алатын қарапайым тұрғындар. Әрине, айына бір рет көтерме бағамен азық-түлік алса, арзан түсетіні айдан анық. Бірақ күн сайынғы табысымен ғана жан бағып отырған жандар туралы да ұмытпау керек. Сондықтан, құзырлы органдар мұндай сауда нүктелерін қаланың әр шағынауданынан ашса деген ниетпен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа хабарласқанымызда, бұған да қадам жасалып жатқанын, ол күннің де ауылы алыс емес екенін білдік.
P.S.
Салтанат АҚТƏЖИЕВА
Коллаж: Дәурен МҰХАМБЕТАЛИЕВ