Қабдырахмановтар жанұясы — «Жас отбасы» байқауының жүлдегері
Халықаралық Жастар күніне орай Атырау қаласында түрлі іс-шара өтуде.
«Atyrau Jastar Fest — 2024» онкүндігі аясында облыстағы жас отбасылар арасында «Жас отбасы» байқауы ұйымдастырылды.
Аталмыш байқау облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен және «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жұмыскер» мәдениет үйінде өтті.
Байқауға аймаққа қарасты жеті ауданнан сегіз отбасы қатысты.
Іс-шара ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Зиядаевтың сөзінше, шараның мақсаты — отбасы институтын қалыптастырып, құндылықтарды жаңғырту және жас жанұялардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған.
– Қатысушылар 3 кезең бойынша өз бақтарын сынады. Алғашқы айналымда қатысушылар «Отбасы — ұлағат ұясы, ұлт айнасы» тақырыбында өздері жайында дайындаған бейнеролик көрсетсе, екінші айналымда «Менің өнерлі жанұям» тақырыбы бойынша отбасылық қойылым қойды, ал соңғы үшінші кезеңде «Ұрпақтар сабақтастығы: атамнан қалған аманат» яғни қатысушы отбасында мұра болған құнды жәдігерлерден, естеліктерден ақпарат берді. Байқаудың көздегені де танымдық, шығармашылық және әлеуметтік әлеуеті ашылатын атмосфераны құруға, табысты жас жұбайлардың бейнесін қалыптастыруға, отбасылық құндылықтардың рөлін күшейту, — деді Нұрсұлтан Зиядаев.
Өнерлі де өнегелі отбасылар бақ сынасқан сайыстың І орын иегері Индер ауданын келген Қабдырахмановтар әулеті. Отбасының отағасы Нұрлыбек Қабдырахманов пен отанасы Лаура Күнтуованың шаңырақ көтергендеріне биыл 10 жыл толған екен. Қабдырахмановтар әулеті сайыстың алғашқы сәтінен-ақ өздерін ерекше қырынан танытты. Алғашқы айналымның таныстыру бөлімінде жанұядағы тіршілікті астарлы әзілмен шынайы көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналды. Ерекше дайындықпен, көрерменнің ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген жанұя өнер сайыснынан да сүрінбеді. Нұрлыбек Қабдырахмановтың сөзінше, олар сайысқа аз уақытта дайындалып үлгерген. Ал мұндай жоғары дәрежеде өнер көрсетулеріне бұрыннан да осындай байқауларға қатысулары себеп болған.
– Иә, өзім Индер ауданына қарасы Бөдене ауылындағы мәдениет үйінде музыкалық жетекші қызметін атқарамын. Сондықтан болар өнерден құр алақан емеспіз. Жұбайым да келіндер сайысы секілді түрлі байқауларда төбе көрсетіп, жетістіктерге жетіп жүр. Өзіме жанұяммен бірігіп осындай сайыстарға қатысқан ұнайды. Бұл отбасының бірігуіне, бір-бірін одан әрі жіті тануына мүмкіндік сыйлайды. Сондықтан болар сайысқа дайындықтың өзі біз үшін үлкен тәжірибе және жаңа бір естелік қалдырады, — дейді Қабдырахмановтар отбасының отағасы кішкентай мемлекетін таныстырып.
Нұрлыбек пен Лаура бүгінде екі қыз бір ұл тәрбиелеп отыр. Негізгі жұмыстарынан бөлек отбасылық шағын кәсіптері де бар екен. Жас отбасының айрандай ұйып, берекелі шаңырақ атануына да осы бірлік пен сыйластық сеп болған. Нұрлыбек Қабдырахманов өнерден бөлек параолимпиада ойындарының қатысушысы. Аталмыш спорттың ядро итеру, найза лақтыру және 100-200 метр қашықтықта жүгіру түрімен шұғылданады екен.
– Отбасы мүшелерінің жан-жақты болғаны абзал. Жұбайым Лаура екеуміздің өз қызығушылықтарымыз бен жеке шұғылданатын сүйікті істеріміз бар. Шығармашылықпен айналысқан отбасыда бірлік те, татулық та, ортақ таусылмас сыр да болады. Сол себепті де жанұя үнемі шыңдауды қажет ететін ең жылы мекен, — деп Нұрлыбек өзінің үлгілі отбасы болу сырымен бөлісті.
Нұрлыбектің айтуынша, оның ата-анасы да отбасы байқауына қатысып, жүлдегер атанған. Сондықтан да Қабдырахмановтар жанұясы үшін мұндай сайысқа қатысу кішігірім отбасылық дәстүрге айналған көрінеді.
– Байқауға қатысу үлкен жауапкершілікті керек етеді. Бір әулеттің атынан қатысқаныңмен облыста тұтастай ауданның атын қорғайсың. Отбасының ішкі әлемін, ынтымақтастығы мен өнерін аз ғана уақытта сахнада көрсету үлкен еңбекті талап етеді. Отбасылық сайысқа дайындық барысында сенімді достарымның да көмегі көп тиді. Әсіресе Жайдарман ойындарының қатысушысы Бірлес атты досым креативті таныстыруыма мұрындық болды. Міне, бір жанұяның сайысқа түсуіне жанындағы дос-жаранның көмегі керек-ақ. Сондай жандарға алғысым шексіз. Сондықтан мұндай игі шаралар өз жалғасын тапса деймін. Сонымен қатар ауылдық елдімекендерде қолдаушы жандардың көбейгенін қалаймын, — деді ол.
Кіл жүйріктен шын жүйрік танылған бәйгеде Құрманғазы ауданынан қатысқан Ихласовтар әулеті ІІ орынды иеленсе, Махамбет ауданынан келген Әбділбаевтар отбасы ІІІ орынды қанжығаға байлады. Жүлдегерлер 150, 120, 80 мың қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Жүлделі орынға ілінбеген қатысушы отбасылар номинациялар бойынша Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА