«Прикаспийская коммуна» газеті ғасырлық мерейтойын атап өтті

img 20201227 wa0080 Жаңалықтар

Ақпарат айдынында өз биігінен түспей келе жатқан Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газеті биыл 100 жасқа толды. Бір ғасырлық өмір жолында басылым облыстың дамуына өзіндік зор үлесін қосты.

Халықтың құлағы мен тіліне айналған газет өлкенің әл-ауқатының артып, мемлекеттік саясаттың тұрлаулы жолға түсу жолында айрықша роль атқарады. Иван Константинович Бубенц бастаған даңқты 25-дивизияның Гурьев қаласына келгені жөнінде алғашқы хабарламаны жазған «Красный Гурьевский вестник» газетінің 1920 жылғы 8 қаңтардағы алғашқы санын жұртшылық ерекше қуанышпен қабылдап еді. Кейін «Трудовая правда», «Рабочая правда», 1933 жылдан бері «Прикаспийская коммуна» деп аталатын басылымның ғұмырнамасында сабақ алар сәттер көп. Тұңғыш редактор Федор Голованов бастаған шежіренің оқырманға беретін өнеге-үлгісін С.Возняк, Флейс, М.Матвеев, П.Богданов, С.Вернов, И.Свербихин, И.Свидин, Ф.Перов, Л.Монастырская, В.Шигаев, Р.Құлмағамбетовтер жалғастырды. 1963-1965 жылдары солақай саясат салдарынан шығуын тоқтатқан газеттің қайта өмірге келуін тездеткен бұқараның өмірі болатын. Халықтың үніне құлақ түрген тілшілер заманның ағымына сай көпшіліктің мұң-мұқтажын айтудан жалыққан емес. Аға буынның салып кеткен жолын жалғап келе жатқан қазіргі толқынның еңбегі де осал емес. Интернет пен әлеуметтік желіге бәсеке туғызар газет шығарудың ауыртпалығын сезінген олар оқырманның сенімінен шығуға тырысып келеді.

– «Газет – бір күндік, сөзі мың күндік» деген сөз бар. Газетте айтылған сөз көптің көкейіне қонақтап, тарихта таңбаланып қалары сөзсіз. Қоғамдық пікір туғызу үшін газетте жазылған бір жол ақпараттың өзі жеткілікті. Сондықтан, тілшілерге аса жоғары жауапкершілік жүктелген. Халыққа шынайы ақпарат жеткізудің ерекше үлгісімен оқырманның ризашылығына бөленген «Прикаспийская коммуна» газетінің редакциясын облыстық Мәслихат депутаттарының атынан бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын! – деді Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Өмірзақ Зинуллин.

– Бұл газетпен 60 жылдан бері таныспын. Ол кезде мұғалімдер мектеп оқушыларына газет оқу сабағын қоғамдық негізде ұйымдастыратын. Ең маңызды жаңалықтарды ғана жариялайтын газеттің сол кездегі ролі әлі де өзіндік маңызын жойған емес. Бертін келе Атырау облысында «Атырау-Ақпарат» медихолдингі құрылып, облыстық, аудандық газеттер редакциялары тек шығармашылықпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Әрине, қиындықтар болды. Алғашқы жылдары газет шығаратын қағаз да тапшы болды. Бірақ жағдай түзелді. Менің ойымша, газет үшін 100 жыл көп уақыт емес. Алайда, заман өзіндік құбылысын мойындатып отыр. Қазір газеттің бет-бейнесі өзгерді. Жаңашылдық бар. Аға буынның зор еңбегін жаңа буын жалғастырып жатыр. Газет редакциясына жарқын болашақ, толағай табыс тілеймін, – деді облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешев.

Басылымның ауыр жүгін арқалап отырған Нәсіп Шалабаеваның еңбегі жоғары. Себебі, интернетке бәсеке туғызар басылымды дайындап шығару оңай іс емес. Аптасына екі рет жарық көретін басылым өңірдің жетістіктерін, келелі мәселелерін көтеріп келеді. Редакцияның қазіргі жауапкершілігі заман ағымымен үндеседі. Осыған ерекше назар аударған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев газеттің қоғамдағы роліне тоқталды.

– Әрине, жаңа медианың заманы келді. Бірақ дәстүрлі медианың орынын ешкім де жоққа шығара алмайды. Өйткені, газет – тарих. Тарихтың көзімен қарасақ, газетті мұражай деп алған жөн болар. Облыс тарихындағы кез-келген оқиғаны айшықты етіп көрсету редакция ұжымына жүктелер жауапкершілік. Сол міндетті қазіргі ұжым абыроймен атқарып келеді. Біз сіздермен мақтанамыз, – деді Ысқақ Дүйсембайұлы.

Газеттің бүгінгідей айрықша белеске көтеріліп, нарықтың көшінен қалмай ілесуіне ардақты ардагер тілшілер мен жалынды журналистердің сіңірген еңбегі ерекше. Әріптестердің елеулі қызметі ескерусіз қалмай, облыс және қала әкімдерінің, облыстық мәслихаттың, облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ ерекше датаға орай газет жанашырлары мен ардагерлер, сондай-ақ ұжым ардагерлеріне «Прикаспийская коммуна» газетіне 100 жыл» төсбелгісі табысталып, мерейі асты.

Сондай-ақ шарада «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан жарық көрген «Вековая летопись Прикаспийки», «Старый город» кітаптарының тұсауы кесілді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз