Жарнама
Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ ШЫРШАСЫ

 

Президент шыршасына келген балалардың қуанышын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, орынбасары Шыңғыс Мұқан, қала әкімі Нұрлыбек Ожаев, облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова бірге бөлісті.

Мерекелік шараның барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу арқылы барлық қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

— Жаңа жыл – жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Сол себепті, бәріміз де оны асыға күтеміз. Бүгін Шырша тойы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Бұл мерекеде бірде-бір бала сыйлықсыз қалмайды. Біз сендердің спортпен шыныққан, сапалы білім алған, рухани толысқан азамат болғандарыңды қалаймыз. Бұл – әрбір ата-ананың ғана емес, сүйікті Отанымыздың, күллі Қазақ елінің қалауы. Қазақстан бүгінде әлемге бейбіт әрі жасампаз ел ретінде танылып отыр. Оның беделін арттыруға есейгенде өздерің де үлес қосасыңдар деп сенемін. Өйткені, сендер — рухы биік, тәуелсіз мемлекеттің зерек те зерделі ұрпағысыңдар! — деді Елбасы өзінің бейнеүндеуінде.  

Бұдан соң облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы құттықтап, Елбасының атынан балаларға сыйлықтар мен қысқы жылы киімдерді сыйға тартты.

— Құрметті балаларым, келе жатқан 2016 – Мешін жылы құтты болсын! Сіздер биыл Президенттік шыршаны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі өткен жылы тарихи жағдайда ашқан Салтанат сарайында қарсы алып отырсыздар. Сіздер – бақытты елдің бақытты кезеңіндегі бақытты ұрпағысыздар. Елімізде жасалып жатқан барлық жақсылық, алдымен, сіздер үшін… Елдің болашағы – сіздерсіздер. Сондықтан, Елбасының тапсырмасымен мемлекетімізде балабақшадан бастап балалар үш тілде сөйлеуді үйренуде. Болашақта мектепті жақсы оқыған ұл-қыздарымыз әлемнің ең жақсы оқу орындарында білім алатын болады. Жақсы білім алып, дендеріңіз сау болып, ақылды болып өсулеріңізге Президентіміз барлық жағдай жасап отыр. Келе жатқан Жаңа жылда қуанышты күндерің көп болсын, айналайындар! — деген облыс басшысы балаларды 2016 жылмен құттықтап, мол бақыт, оқуда жетістік пен мықты денсаулық тіледі.   

Сондай-ақ, балалардың тәтті тағамды сүйетіндері ескеріліп, бүлдіршіндерге тарту етілген көп қабатты торт та ортаға әкелініп, оқушылар қуанышын одан әрі асыра түсті.

Облыстық білім беру басқармасы мамандарының айтуынша, Президенттің жаңажылдық шыршасына қатысқан әр балаға 70 мың теңгені құрайтын қажетті құрал-жабдықтар, қысқы күртешелер мен аяқ киімдер сыйға тарту етілді.

Жылыой ауданындағы Құлсары қаласындағы №19 орта мектептің 6-сынып оқушысы Әсемай Нұржігітова бұл шараға үнді қызы бейнесінде келіпті. «Бүгін менің көңіл-күйім өте тамаша. Өткен жыл мен үшін қуанышқа толы жылдарымның бірі болды, сабаққа үлгерімім артты. Ал, Жаңа жылда барша қазақстандықтарға жаңа бақыт, жаңа табыс тілеймін. Келе жатқан Мешін жылында көптеген жетістіктер болып, еліміз даму қарқынынан таймасын», — деген тілегін жеткізді ол. Сондай-ақ, бұл күннен ұмытылмас әсер алатынын айтқан Жасмин Кеңесова да шарадағы ең әдемі Ақшақарлардың бірі болса, Құрманғазы ауданының Абай орта мектебінің 4-сынып оқушысы Бекзат Болатовтың киген сайқымазақ костюмі өзіне қатып қалғандай.

Ал, Қызылқоға ауданындағы №1 мектеп-гимназиясының шәкірті Ақбота Хамидуллина: «Бүгін облыс орталығына келіп, осындай үлкен мерекеге қатысып жатқаныма қуаныштымын. Еліміздің дамуы үшін Қой жылы қандай табысты жыл болса, мен үшін де жетістікке толы кезең болды. Тарих пәнінен білім сайысына қатысып, жеңіске жеттім. Келер жылдан күтер жаңалығым мол. Ең бастысы, жақсы оқып, айналамдағыларды қуантқым келеді»,-деп, Елбасының достықты сақтауды, сабақта зерек болуды ұлағаттаған сөзін ешқашан естен шығармауға тырысатынын жеткізді.

Биылғы мерекелік шыршаның бағдарламасында Қазақ хандығының – 550, Қазақстан Республикасы Ассамблеясының және Конституциясының 20 жыл мерейтойлары қамтылып, балдырғандар ертегі әлеміне саяхат жасады. Балақайлармен бұл жолы Қыс ханшасы, Қар қызы, Аяз ата мен Ақшақар, Ұлы Жібек жолы аруы, Алтын адам, Сарайшық иесі бірге думан құрып, шыршаны айнала ән айтып, би биледі. Ертегілер кейіпкерлерінің шеруі де шараның маңызын арттыра түсіргендей.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген:

Ерлан Алтыбаев

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button