Президент кеңесшісі Атырауға келді
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Президент кеңесшісі сапар барысында өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.
Басқосуда сөз алған Мемлекет басшысының кеңесшісі биылғы жылдың саяси реформаларға толы болғанын атап өтіп, ел өміріндегі маңызды оқиға – референдумға атыраулықтардың көпшілігі қатысып, олардың басым бөлігі қолдау білдіргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол атыраулық ақын-жазушылардың, қаламгерлердің шығармаларымен етене таныс екенін жеткізді.
– Алдағы саяси науқанда қолдау білдіресіздер деп ойлаймын. Бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Елдің ішінде іріткі салып, жік-жікке бөлгісі келетіндер жоқ емес. 30 жыл бойы бірлік пен ынтымақты сақтап келдік. Әрі қарай да осы қалыптан таймай, бірлігімізді сақтауға атсалысайық, — деді Президент Кеңесшісі.
Сонымен қатар, жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиялар жобалармен бөлісті. Оның айтуынша елімізде өткен референдум Жаңа Қазақстанды құрудағы жаңа қадам. Бұл елдегі маңызды мәселелердің шешілуіне сеп болатындығын айтты.
Кездесу барысында Атырау облысының Құрметті азаматтары Қатимолла Ризуанов, Мәдина Ғабдусалимова, айтыскер ақын Жәниба Қарасаева сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде бала тәрбиесі, қазақ тілінің мәртебесі, мектептегі білім, гендерлік саясат, отандық мәдениет төңірегіндегі мәселелерді қозғады.
Кездесуде өзге де бірқатар азамат өзекті мәселелерді қозғады. Жиын соңында сөз алған Мәлік Отарбаев әрбір мәселені жіті назарға алып, шешілу жолдарын қарастырып, ел Президентіне жеткізуге уәде етті.
Алмас ҚАБДОЛОВ
суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ