ПРЕЗИДЕНТ ЕКІ АНАҒА «АЛТЫН АЛҚА» МЕН «КҮМІС АЛҚАНЫ» ТАПСЫРДЫ
Atr.kz/7-наурыз. 2019 жыл. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде тапсырды.
Мемлекет басшысының қолынан төсбелгі алған ананың біреуі — Алтынай Сәрсенбаева. Ол — Атырау облысының тумасы.
2000 жылы Құрманғазы ауданының Байда ауылдық мектебін бітірген. Бүгінде Халел Досмұxамедов атындағы университеттің филология факультетінде 4 курста оқиды. Жасы — 36-да. 2004 жылы тұрмысқа шығып, бүгінде жеті баланың анасы атанып отыр. Жеке бизнесі бар. Жолдасы екеуі үй салып, қазір сол жерде отбасымен бірге тұрады. Алтынайға «Алтын алқа» төсбелгісі табысталды.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде толқымайтын көңіл болмайды»
Ал, Мәншүк Мәмбетоваға Президент «Күміс алқаны» тақты. Мәншүк Мәмбетова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істейді. Доцент атағы бар. Жолдасы екеуі алты баланы тәрбиелеп отыр.
Еске сала кетейік, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бір топ әйелдер қауымымен кездесті. Сол жерде Мемлекет басшысы барша аналар мен қыз-келіншектерді 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»