Жарнама
Жаңалықтар

Президент бүгін Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялайды

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етеді, — деп хабарлайды kazinform.kz.

Бұл — Президенттің 8-ші Жолдауы. Мемлекет басшысы Жолдауларын жыл сайын қыркүйек айында, Парламенттің жаңа сессиясының ашылу рәсімінде жасап келді. Қаңтар оқиғасы болған 2022 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа 2 Жолдау арнады. Оның біріншісі – наурызда, ал екіншісі қыркүйекте жарияланды.

Осы екі Жолдаудың біріншісі еліміздегі тың саяси реформаларға жол ашты. Нақтырақ айтқанда, Президенттің тым көп өкілеттігін қысқарту, Парламенттің рөлін арттыру, Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жою, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беру, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақтау, мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлау, Партияларды тіркеу рәсімін едәуір жеңілдету сынды бастамалар ұсынылып, кейіннен жүзеге асырылды.
Семей аймағында Абай облысы құрылып, Семей қаласы жаңа облыстың орталығына айналды. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылып, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болды. Алматы облысы екіге бөлініп, өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай болса, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасты.

Бұл Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды қабылдау, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеу сынды бастамалар да көтерілді.

Мемлекет басшысының соңғы Жолдауы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталды. Онда ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті біртіндеп арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселелері көтерілді. Жолдауда көтерілген мәселелердің бәрі де Үкімет тарапынан орындалып жатыр. Мәселен, әлеуметтік салада мемлекет жыл сайын шамамен 4,5 млн адамды төлемдермен қамти отырып, өзінің міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындап отыр. Биылғы 7 айда жоспарланған 6 трлн теңгенің 3,4 трлн теңгесі төленді. Оның ішінде:

2,5 млн зейнеткердің 2,5 трлн теңге сомасында зейнетақысы
жалпы сомасы 382 млрд теңге болатын 542 мың азаматқа арналған мүгедектігі жөніндегі және 195 мың отбасыға арналған асыраушысын жоғалтқанына байланысты жәрдемақы
613 мыңнан астам көпбалалы отбасыға және 243 мың марапатталған аналарға арналған 354,5 млрд теңге төлемдер
200 мыңнан астам отбасыға арналған бала тууына және бала күтіміне қатысты берілетін 61,8 млрд теңге жәрдемақы
102 млрд теңге көлемінде өзгедей де төлемдер.
Мемлекет басшысы алға қойған ең басты міндет – қуатты әрі әртараптандырылған экономика құру. 2025 жылдың 7 айының қорытындысы ұлттық дамудың локомотиві саналатын өнеркәсіп секторында оң серпін барын байқатты. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,9 пайызға нық өсім көрсетті. Мұндағы өсім драйверлері – көлемді 8,5 пайызға ұлғайған тау-кен өнеркәсібі және әртараптандыру үшін ерекше маңызды сала, 6,1 пайызға өскен өңдеу секторы.

Мал шаруашылығы — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала. Сондықтан да бұл саланы дамытуға бағытталған жаңа тетіктер енгізіліп жатыр. Мал шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімінің шамамен 40%-ын құрайды. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында өндіріс көлемі 3,4%-ға өсіп, 2 трлн теңгеге жуықтады. Ет өндірісі 2%-ға артып, 608,8 мың тоннаға жетсе, сүт өндіру көлемі 6,5%-ға көбейіп, 2,25 млн тонна болды.

Мал мен құс саны да тұрақты түрде өсіп келеді: ірі қара мал – 8,7 млн (+0,3%), жылқы – 4,6 млн (+6,7%), түйе – 300 мың (+3,9%), құс – 48 млн (+6,6%). Дегенмен, қой саны 3,7%-ға кеміп, 21,1 млн болды.

Экспорт бағытында да оң нәтижелер бар. 2025 жылдың алғашқы бес айында сиыр еті экспорты 2,5 есеге өсіп, 12,3 мың тоннаға жетті. Қой еті экспорты 2,6 есеге артып, 9,2 мың тонна болды. Алғаш рет 797 тонна шошқа еті сыртқы нарыққа шығарылды. Бұл көрсеткіштер қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейде сұранысқа ие екенін дәлелдейді.

Үкімет өнеркәсіптік өсуді ынталандыру үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасап жатыр. Ірі кәсіпорындармен ұзақмерзімді келісімшарттар және офтейк-келісімшарттар көлемі 2 есеге өсіп, 147 млрд теңгеден асты. 16 арнайы экономикалық және 55 индустриялық аймақ түріндегі инфрақұрылым белсенді дамып келеді.

Арнайы экономикалық және индустриялды аймақтар – жаңа өндірістерді жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі. Аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және жобаларды жүзеге асыру үшін бизнеске беріледі. Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бастамаларды қолдау үшін шағын өнеркәсіптік аймақтар құру құралы іске қосылды, онда дайын өнеркәсіптік алаңдар жеңілдікті бағамен жалға беріледі. Мұндай аймақтар 8 өңірде салынады, 90-ға жуық жобаны іске қосып, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

IT саласы тұрақты түрде өсіп келеді. Еліміздегі IT компаниялар саны 18 мыңнан асты, соңғы үш жылда өсім — 16 пайыз. 1700-ден астам қатысушыны біріктіретін Astana Hub халықаралық технопаркінің дамуы маңызды драйвер болды. Резиденттердің жиынтық табысы 1,2 трлн теңгеге жетті, экспорттық кіріс 140 млрд теңгеден асты. Өңірлік ІТ хабтар инновациялық экожүйенің негізгі элементіне айналды. Қазірдің өзінде Қазақстанда олардың 19-ы бар. Сонымен қатар Сауд Арабиясы, АҚШ, Ұлыбритания, Дубай және Қытайда шетелдік алаңдар ашылды.

Еліміздің цифрлық дамуының тағы бір басым бағыты – криптоиндустрия. Қазақстан сrypto-friendly реттеу негізінде ашық және инвестициялық тартымды экожүйені қалыптастыруға кірісті.

Жүзеге асырылып жатқан бастамалардың қатарында «Cryptocity» пилоттық аймағы, крипторезерв жобасы, цифрлық активтердегі трансшекаралық есептеулер, сондай-ақ майнингтік инвесторларды тарта отырып, 70/30 үлеспен энергия қуаттарын жаңғырту жөніндегі бағдарлама бар. Бұл шаралар тұрақты өсу мен технологиялық дамуға бағытталған ашық экожүйені қалыптастырады.

Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында және Kazinform агенттігі сайтында жүргізіледі. Kazinform сайты мен телеграм арнасы жазбаша трансляция да жасайды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button