Президент бағаның күрт өсімін тежеуге қатысты тапсырма берді
Көкөніс қоймаларының инфрақұрылымын құру бағытында бизнеске көмектесу қажет. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президент көкөніс қоймаларының, көтерме-тарату орталықтарының және ауылдық сервистік өткізу кооперативтердің инфрақұрылымын құру бағытында бизнеске көмектесу қажет екенін айтты.
«Бұл – мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі үшін зор мүмкіндік. Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге бұл мәселе бойынша тиісті тапсырмамды бердім. Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселенің бәрі басқа салаларға да қатысты екенін ұмытпаған жөн. Тағы да қайталап айтамын. Жоғары өнім алуды қамтамасыз ету керек. Ашық бәсекелестік болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, осы саладағы басты түйткілдерді дереу шешу керек. Сонда ғана бағаның күрт өсімін тежеуге мүмкіндік туады», — деді Мемлекет басшысы.