Пітір мөлшері – 640 теңге
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Оның мөлшері еліміз бойынша 2 килограмм ұнның орташа бағасымен тең. Ал ұнның бағасы ҚМДБ өкілдіктерінің мәліметтері негізінде анықталған.
Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болатынын ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Ол басқа садақалар секілді мал-мүліктен емес, әр кісінің жеке басының амандығына берілуімен ерекшеленеді. Әркімнің Жаратушыға деген зор шүкіршілігін білдіреді әрі кедейлерді қуанту үшін жасалады.
Садақаның бұл түрін берерде негізгі талабы бойынша мына нәрселерді де ескеру қажет. Оны бидаймен беретiн болсаңыз, әр адам үшiн 1 келі 796 грамға тең. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Оны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Жалпы пiтiрдi айт күнi айт намазына дейiн беру – мұстахаб. Пітір садақаның бар мәні де осында.