Пікірсайыс және пайым
Қоршаған ортаны қорғау мақсатында экономикалық дамуды шектеу қажет пе? Онлайн-медицинаның артықшылығы мен кемшілігі қандай? Қазақстанда атом электр станциясын салу керек пе? Студент бос уақытында жұмыс жасауы дұрыс па?
Бұл сауалдарға Атырау қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған ІV көктемгі пікірсайыс біріншілігінде жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері жауап іздеді. Оған барлығы 12 оқу орнынан 24 пікірсайысшы қатысты. Атырау мұнай және газ институтында өткен сайыстың мақсаты – қазақстандық қоғамдағы және әлемдік қауымдастықтағы көкейкесті мәселелерді талқылау, көпшілік алдында сараптау.
– Осылайша, студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, шығармашылық белсенділігін арттырғымыз келеді, — дейді «WorkandLife» тренинг орталығының жетекшісі Нұрлан Азаматов.
Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды Каспий өңірлік қазіргі заманғы колледжі жеңіп алса, политехникалық колледж екінші тұғырға көтерілді. «АPEC Petrotechnic» жоғары техникалық мектебі үшінші орынды қанағат етті. Жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар ұсынылды. Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен Асыланбек Қуанышев, Нұрлыгүл Самиғоллина, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты колледжінен Көзайым Талапова, Каспий өңірлік қазіргі заманғы колледжден Данагүл Жұмаш, көлік және коммуникация колледжінен Айбар Айтасов, гуманитарлық колледжден Айназ Хайдолла үздік спикер атанып, Алғыс хаттарға ие болды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.