«Pie Pay» – жаңа төлем жүйесі
Atr.kz/15 тамыз, 2019 жыл. Бүгінде елдегі еңбек нарығында нанотехнологиялар мен биоинжеренияны меңгерушілерге сұраныс артуда. Осыған орай Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлектерінің басым бөлігі химия өнеркәсібі, механикалық инженерия, компьютерлік бағдарламалау және ақпараттық технологиялар мамандықтарына қызығушылық білдірген.
Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені, түлектердің аталған білім ордасын таңдауына қызығушылықтарын арттыруға ықпал ететін жастардың бұл саладағы жетістіктері аз емес. Мәселен, көрші Орал қаласындағы зияткерлік мектеп түлектері мен оқушылары тамақтану орындарына арналған жаңа төлем жүйесін жасақтады. «Pie Pay» бойынша тұтынушы мекеме ұсынған арнайы pау карта арқылы төлем жасай алады.
Жоба жетекшісі АҚШ-тағы Вирджиния университетінің студенті, мектеп түлегі Шымболат Тіналиевтің айтуынша, талапты жас Финляндия, Түркияда білім алып жатқан мектеп түлектері мен оқушылардың басын қосыпты. Ол команда мүшелерінің әрқайсына түрлі міндеттер жүктеген: бірі бағдарламалаушы қызметін атқарса, қалғандары дизайн жасау, қаржылық сұрақтарды реттеу, маркетинг, ұйымдастыру жұмыстарына жауапты болады.
Оның жаңа төлем жүйесі уақыт үнемдейді, тапсырысты жеделдетеді. Сондай-ақ, жеке мәліметтер қажет болмағандықтан, тұтынушы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір инвесторлармен келіссөз жүргізілуде. Көп ұзамай Алматының тамақтанатын мекемесінде тестілеуден өтпек.
«Биыл төртінші мәрте түлектерін ұшырған Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы білім ордасы жаңа оқу жылында 96 шәкіртті 7 сыныпқа қабылдайды. Аталмыш жаңа төлем жүйесі оқушылардың жаңа оқу жылында мектеп игілігі үшін бірқатар жобаны қолға алуына септігін тигізеді деп сенеміз» дейді аталған білім ордасының баспасөз хатшысы Әнуар Жаманқұлов.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Данияр ЖАРҚЫНҰЛЫ,
мектеп түлегі:
Біз бұл жобаны «трамплин» деп атар едік. Себебі, стартапты бастау, өнімді ұсыну жолдары, компаниялармен қарым-қатынас секілді тәжірибе жинақтап жатырмыз. Оқушыларға арналған дербес сайт та жасалуда. Әр аймақтағы жас зияткерлер арасында түрлі жарыстар ұйымдастыруда да қолға аламыз.