Жарнама
Жаңалықтар

ПЕРЗЕНТХАНАҒА – ЖАҢА ҚОНДЫРҒЫ

 

Туабітті көз ақауымен дүниеге келген нәрестеге ота жасайтын заманауи қондырғы орталыққа «Қазкоммерцбанк» АҚ пен «Құс Жолы» қайырымдылық қоры «Періште» жобасының шеңберінде алынып отыр.

Офтальмологиялық лазер – ретинопатия диагнозы қойылған шала туылған сәбилерге шұғыл ота жасауға арналған қондырғы. Негізінде ретинопатия ауруы шала туылған балаларда кездеседі. Өйткені, олар көздерінің қан тамырлары жеткілікті дәрежеде дамымай дүниеге келеді. Бір өкініштісі, соңғы жылдары елімізде осы дертке шалдыққан сәбилердің саны күннен-күнге артуда. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын шамамен 22 мың сәби мерзімінен бұрын ерте туылады. Ал, Атырауда жылына 1 000-ға жуық сәби өмірге келеді.

Облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан Хасанова офтальмологиялық лазер аппараты баға жетпес сыйлық болғандығын, енді көптеген сәбиге көмек көрсетуге мүмкіндік туғанын ерекше атады.

Перинаталдық орталықтың шала туылған нәрестелерді күту бөлімінің меңгерушісі Түрлен Бегеева: – Бұған дейін Атырау облысында ретинопатия дерті қойылған сәбилерді емдеу үшін Ресейге апаратын. Өйткені, олардың медициналық орталықтары Астана мен Алматыға қарағанда бізге жақын. Алайда шақалақтарды басқа өңірге тасымалдау балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпті. Қазір облыстық перзентханада Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мен Санкт-Петербургте тәжірибеден өткен офтальмолог-неонатолог дәрігері бар. Сондай-ақ, екі дәрігер скрининг жасау мен шақалақтарда кездесетін ретинопатия диагнозын анықтау үшін арнайы оқудан өткен. Орталықта ретинопатия ауруымен шала туылған үш нәрестеге  ота жасалды. Олардың екеуі емнің нәтижесінде құлан-таза сауығып кетті. Үшінші нәрсетенің салмағы мен аурудың күрделілігіне байланысты тағы да емнің екінші, үшінші кезеңін алады», — деді.

 «Қазкоммерцбанк» АҚ пен «Құс Жолы» қайырымдылық қоры сегіз жылдан бері «Періште» жобасын жүзеге асырып келеді. Қондырғы алу үшін «Қазкоммерцбанк» АҚ «Періште» жобасының аясында заманауи медициналық құрылғыларды сатып алу үшін 27,3 млн. теңгені жұмсапты.

 «Жобаға банктің клиенттері де – «Періште» атты Visa төлем картасын ұстаушылары, қосымша өз үлестерін қосты. Өйткені, банк клиенттері қайырымдылық картасын пайдаланып жүргізген әр төлемінің 0,15%-і «Құс Жолы» қайырымдылық қорына түседі. Бүгінгі күні «Казком» – қайырымдылыққа арналған арнайы төлем картасын шығаратын Қазақстандағы жалғыз банк екенін айтқым келеді», — дейді «Қазкоммерцбанк» АҚ Атырау филиалының директоры Мәжіт Оңалбеков.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА, Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button