«Педагогтардың жалақысын көтермей, білім жүйесін ілгерілете алмаймыз»
Atr.kz/20 тамыз, 2019 жыл. «Atr.kz» сайтының тілшісіне өз пікірін білдірген Махамбет ауданы, Ақтоғай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Хайруллина осылай дейді.
«Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтардың тамыз конференциясында үкіметке төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге өсіруді тапсыруы құптарлық» дейді ол бізге берген сұхбатында.
Расымен де, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі қашан да ұшан-теңіз. Сондықтан, олардың еңбекақысы да жасаған қызметіне сай болуы тиіс.
«Турасын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 процентін ғана құрайды» деп Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, мұғалімдердің осынау еңбегіне алатын айлығының төмен екені рас. Экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда, білім беру саласындағы мамандар ең төмен жалақы алады. Жаңартылған білім беру мазмұнына сай олар үшін қандай да бір үстемеақы, қосымша төлемақы бар.
Алайда, оны алу үшін бірнеше жыл еңбек өтілі және бірнеше критерийлер қажет. Сондай-ақ, педагогтар айлап курстардан өтіп, белгіленген бірнеше талап-міндеттерді орындауы қажет. Сөйтіп жүргенде, оның мектептердегі сабақтары, яғни, білім берудегі оқушылармен тығыз байланысы үзіледі. Бұл педагог жалақысын арттыруда олар үшін аса тиімді емес. Сондықтан, Мемлекет басшысының педагогтардың жалақысын біртіндеп, кезең-кезеңімен көбейту мәселесін шешу туралы тапсырмасын естіп, көңілге қуаныш ұялауда.
Аталған осынау мәселеге Мемлекет басшысы бейжай қарамай, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге өсіріліп, еңбек демалысының мерзімі 56 күнге дейін ұлғайтылатынын да айтты. Мұғалімдерді қолдаудағы Президенттің алға қойған бұл міндеттері қоғамдағы мұғалім мәртебесін арттырып, педагогика мамандығына түлектердің қызығушылығын да арттырары сөзсіз, — дейді ол.