Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Парасаттылық пайымы немесе Елбасымен кездесулерден түйген ой

Халқымызда «мың қосшыға – бір басшы» деген нақыл сөз бар. Елбасы өзі жинақтаған командасын, өрімдей жастарды оларға үлкен абыройлы да жауапты міндеттер жүктеу арқылы тәрбиелеп өсірді. Оларды ел болашағы үшін тиімді жұмылдырып отыр. Келер жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы сындарлы саясатты нақты жүзеге асыру туралы Жарлығын жариялады. Мұнда аға ұрпақтың орны, жауапкершілігі мен беделіне, қабілеттігіне де көп нәрсе байланысты.

????????????????????????????????????

Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездесудің сәті түскен-ді. Партия съездерінде, Жоғарғы Кеңес сессияларында, Қазақстан халқы Ассамблеясы отырыстарында, одан да бұрын еліміздегі ұлт өкілдерінің алғашқы форумында, Ұлы Абайдың 150 жылдық тойында, Атырау өңіріне жасаған сапарларында, «Отан» партиясына біріккен Азаматтық партияның барлық съездерінде дерлік қатынасып, сөйлеген сөздерін тыңдадық. Міне, осы кездесулерден мысалдар келтірсем, олардың түйінін оқырман өзі түсінеді деп ойлаймын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзіміздің жаңа Ата Заңымызды қабылдау барысында талай кедергілер тап болды. Мәселен, тек мемлекеттік тіл мәселесінің өзі Жоғарғы Кеңестің бірнеше отырысында әлденеше рет қаралып, халық қалаулылары тарапынан түрлі пікірдегі топтарға бөлінетіндей ыңғай қылаң бере бастады. Тіліміздің тағдыры пышақтың жүзіндегідей қиын-қыстау шаққа тап болған сәтте Президентіміз сессия мәжілістеріне бірнеше рет келіп қатынасып, талай пікірталасты сабырлылықпен түйіндегені күні кешегідей есімде. Осындай бір қиын кездерде депутат Алтыншаш Жағанованың Президентке «Мен Ленинградтың Герцен атындағы әдебиет институтының түлегімін, орыс тілін ешуақытта қай тілден де кем санамаймын. Бірақ, қазақ тілін қатарға қосуға залда отырған кейбір азаматтардың шын ниеті жетпей отырған сияқты. Осындай жағдайда өзіңіз Елбасы ретінде және ер азамат ретінде билікті қолға алып, «белден басып» дегендей, тіке шешім қабылдасаңыз қайтеді?» деген ұсынысы жадымда қалыпты.

Міне, осындай қиын жағдайдың өзінде Нұрсұлтан Әбішұлы төзімділік, байсалдылық танытып, өзінің жаңа жағдайға байланысты пікірін ортаға салумен болды. Ақыры ол ойы ақталды да! Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданды. Сол бойда еркін елдің Ата Заңы да қабылданып, жас мемлекеттің іргетасы қаланды. «Көрсете алсаң көпшілікке өнеге – көпшілік те көтереді төбеге» деген осындайда айтылса керек.

Қандай қым-қауырт жайттар мен кедергілерге қарамастан еліміздің болашағын тереңнен ойлай алатын Көшбасшымыз бұрын белгісіз жүрген қаншама жас мамандарға жол ашып, билік тізгінін ұстатты. Тіпті, шетелдерде жүрген біраз қандастарымызды елге алдыртты, олардың мүмкіндіктерінің ашылып, жас мемлекетке аянбай еңбек етулеріне жағдай туғызды.

Тағы бір мысал. Маған ертеректе Президент жанындағы Кеңес отырысына қатынасу бақыты бұйырды. Ақтөбелік әріптесім – облыс әкімінің орынбасары Елбасына бір сұрақ қойған. Сол сұраққа, жиынға соңына қарай кіріп төменірек орналасқан, бұрын бейтаныс жас жігіт «маған жауап беруге рұхсат етіңіз» деп орнынан өзі көтерілді. Сол бойда Нұрсұлтан Әбішұлы оны «Ресейден жаңадан алдырттық, ғалым, заңгер, қазір менде – кеңесші» деп таныстырған. Ол Нағашыбай Шәйкенов екен. Кейін бұл азамат 1993-1996 жылдары еліміздің Әділет министрі, Премьер-министрдің орынбасары, 1996-2000 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университетінің ректоры болып қызмет атқарды. Н.Шәйкенов Қазақстандағы құқықтық реформаның авторы ретінде танылды.
Қазақстан халқы форумынан кейін Мемлекет басшысы жан-жақтан, шет елден келген қонақтарға қабылдау ұйымдастырды. Сара Алпысқызы екеуі форум делегаттарын есік алдынан тік тұрып қарсы алды. Атырау облысынан аймақ басшысы Сағат Түгелбаев екеуміз ғана қатынасу құрметіне ие болдық. Қонақтық басталысымен Нұрекең дәулескер күйші-домбырашы Қаршыға Ахмедияровты ортаға шақырып, екі-үш күй тартқызды. Салтанатты қабылдауға қатынасып отырған Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды КСРО Халық әртістерінен бұрын кіші қызы Әлияны күйсандыққа отырғызып, Сара екеуі қосылып, қазақ, орыс тілінде әндер шырқады. Жиналғандардың біразы әнге қосылса, енді біреулері әуен ырғағымен вальс билей жөнелді. Терең мазмұнды отырыс осылай басталды. Бұл да Елбасының үлкен азаматтығын, шынайы қарапайымдылығын көрсетсе керек. «Кішіпейілділік –кемеңгерліктің бірінші белгісі» деп тегін айтылмаса керек.

Осындайда «Зер қадірін зер соққан зергер білер, ел қадірін ел баққан ерлер білер» деген халқымыздың терең мағыналы сөзі ойға оралады. Өз халқының болашақ қамын ойлаған Елбасымыз шын мәніндегі Ұлт көшбасшысы. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ. ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін» — деген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі отандастарымыздың бойына қуат, жүзіне шуақ нұрын төккендей. Ендеше, Тәуелсіздігімізді тұғырлы, бірлігімізді бекем етіп, көк байрағымызды бейбіт аспанда желбіретіп, алға баса берейік, ардақты ағайын!

Қатимолла РИЗУАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button