ПАНДЕМИЯ: Атыраудағы ахуал қалай?
Atr.kz / 10 шілде, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізді. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты аймақта қалыптасқан ахуал бойынша жағдайды баяндаған аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмыстар, дәрігерлер тапшылығы, дәрі қоры және өзге мәселелерге байланысты сауалдарға жауап берді.
КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?
Облыс әкімі алдымен медициналық қызметкерлердің тапшылығына қатысты пікір білдірді.
– Облыс бойынша қазіргі кезде өткір тұрған проблеманың бірі — медициналық кадр тапшылығы. Атап айтқанда, жалпы тәжірибелік дәрігер, анестезиолог-реаниматолог, акушер- гинеколог, инфекционист және эпидемиолог сынды 278 маман жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін Ресейден мамандар тарту жағын қарастырудамыз. Сонымен қатар, өңірге жас мамандарды алдырту бойынша жұмыс жүруде, — деді Махамбет Досмұхамбетов.
Облыс әкімі емханалар жанынан тәулік бойы жұмыс жасайтын провизорлық стационарлар туралы да баяндады. «Қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты, барлық емханаларда тәуліктік провизорлық стационарлар жұмысын бастады. Онда пневмония мен ЖРВИ-дің жеңіл түрлерімен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен бірге, облыстық аурухананың базасынан қосымша 400 орындық инфекциялық стационар аштық» деді Махамбет Досмұхамбетов.
ДӘРІДЕН ТАПШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ
Аймақ басшысының айтуынша, жақында облысқа құны 220 миллион теңгені құрайтын дәрілердің 430 түрі шұғыл жеткізілді. Олардың арасында қазіргі кезде ең қажетті деген азитромицин, цефазолин, цефтриаксон сынды антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер, витаминдер бар.
– Бұл препараттар партиясы облыс халқының қажеттілігін қамтамасыз етеді. Өңірдегі дәріханаларға түгел таратылып берілді, — деді аймақ басшысы.
Атырау облысында барлығы 314 дәріхана бар. Оның 223-і Атырау қаласында орналасқан. Сонымен бірге, «СК-Фармация» ұйымы арқылы стационарларға және медициналық- санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына дәрілік заттар әкелінді. Апта соңында тағы осындай көлемде дәрі-дәрмектер жеткізіліп, қажетті дәрілердің белгілі деңгейде қоры болады. Сонымен бірге, кәсіпкерлік көмек арқылы әлеуметтік әлжуаз топтарға дәрілер тегін үлестірілмек.
Онлайн брифинг барысында Атырау облысына 55 санитарлық автокөлік әкелінетіні белгілі болды. «Қыркүйек айында республикалық бюджеттен бөлінген қаражатпен лизинг бойынша 40 санитарлық автокөлік келеді. Сонымен бірге, жақын арада қосымша 15 көлік сатып алынады және екі КТ аппаратына сұраныс берілді. Бүгінгі таңда медициналық ұйымдарда 41 жедел жәрдем автокөлігі қызмет көрсетуде» деп нақтылады аймақ басшысы.
МОБИЛЬДІ БРИГАДАЛАР ЖАСАҚТАЛДЫ
Бүгінде инфекциялық және провизорлық ауруханалардың реанимациялық бөлімшелерінде 115 ИВЛ аппараты бар. Ал, рентген аппараттарының саны – 29. Бұдан басқа, облыста 4 компьютерлік томография бар.
– Мобильді топ COVID-19 инфекциясының симптомсыз және жеңіл түрімен ауырған науқастарға үй жағдайында амбулаторлы ем жүргізуде, — деді облыс әкімі.
Б ү г і н д е р ұ х с а т с ы з д ә р і сатқан «Вердант» деп аталатын косметологиялық кабинеттің заңсыздығы әшкереленіп отыр. Аймақ басшысы мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қажетті шаралар алынып жатқанын баяндады.
Атырау облысында бірнеше бақылаушы органдардан құралған мобильді топ құрылды. Олардың мақсаты – дәрі-дәрмектің бағасын шарықтатпау.
ҮШ АУЫЛ КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛДЫ
Облыс аумағында 27 наурыз бен 7 шілде аралығында симптомсыздарды қоса есептегенде COVID-19 расталған 6156 жағдай тіркелді.
Нақтырақ айтқанда, ең көп коронавирус жұқтырғандар – Жылыой ауданында. Мұнда қауіпті індетке шалдыққан 2 822 адам бар. Оның ішінде 2 063 жағдай Теңіз қалашығынан анықталды.
– Коронавирус жұқтырғандардың көбі – 20 мен 60 жас аралығындағы азаматтар. Олардың ішінде 3 373 жағдай скрининг кезінде анықталды. Ал, 1 902 науқас – дертке шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандар. Қалғандарынан КВИ өз бетімен медициналық көмекке жүгіну кезінде белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта аудандық және ауылдық жерлерде той-томалақ пен жаназаға жиналғандар да вирустың таралуына әсерін тигізді. Осының салдарынан ауылдық жерлер мен аудан орталықтарына шектеу енгізіп, карантинге жабуға тура келді. Оған Қызылқоға ауданындағы Миялы және Мұқыр елді мекендері мен Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылы мысал бола алады, — деді облыс әкімі.
7 шілдедегі жағдай бойынша Атырау облысында коронавирус инфекциясынан барлығы 1476 адам емделіп шықты. Пандемиямен күреске аймақта 1429 медицина қызметкері жұмылдырылды.
ТӘУЛІГІНЕ 952 ПТР-ТЕСТ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Бүгінде өңірде барлығы 86 699 ПТР- тест жасалды. Яғни, бұл – тәулігіне 952 тест жүргізілді деген сөз.
– Қазіргі таңда зертханалық диагностиканы Ұлттық сараптама орталығы, Геолог емханасы, Теңіз кенішіндегі сараптама және «Олимп», «Инвиво», «Каспиан медикал» сынды жекеменшік клиникалар жүргізіп жатыр, — деп нақтылады аймақ басшысы.
А т ы р а у о б л ы с ы н д а 6 9 4 инфекциялық, 895 провизорлық және 2328 карантиндік орын бар. Инфекциялық орындарда 653 пациент ем алып жатыр. Ал, провизорлық орындардағы науқастың саны – 707.
А й м а қ т а п н е в м о н и я м е н сырқаттанғандардың саны 1307 адамға жетті. Оның ішінде 707 адам стационарлық, 600 науқас үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Атырауда соңғы жеті күнде коронавирус жұқтырғандар шамамен алты пайызды құрады.
Брифинг кезінде Атырау облысында коронавируспен күрес жөніндегі Шұғыл штаб жұмысы басталған үш тәулік ішінде көптеген сұрақ пен ұсыныс түскендігі де айтылды.
– Келіп түскен сауалдарға облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің соңғы қаулысы негізінде жауаптар берілді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар аяқсыз қалмайды, — деді облыс әкімі.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ: ДӘРІНІҢ БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ КӨТЕРГЕНДЕР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ
Дәрі бағасын арнайы құрылған мобильді топ бақылайды. Оларға тапсырма берілді. Яғни, жеткізіліп жатқан дәрілер барлық дәріханаға теңдей бөлінуі керек. Дәрі бағасының негізсіз көтерілгенін байқаған жағдайда, облыста құрылған жедел штабқа хабарлауыңызды сұраймын. Міндетті түрде шара алынатын болады. Дәрінің бағасы бақылаудан түспейді.