Жарнама
Жаңалықтар

ОЗЫҚ ОТЫЗДЫҚҚА ЖЕТКІЗЕТІН ЖОЛ

 

Интеллектуалды ұлт қалай қалыптасады?

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шың-ғыс Мұқан «100 нақты қадамды» қуатты мемлекет жолына апаратын символдық белгіге теңеді. «Әлем елдерінде орын алып жатқан кикілжіңдер – түптеп келгенде олардың ұлт болып қалыптаса алмауынан туындап отырған проблемалар. Біздің алдымызда да «Ұлт болып сақталып қала аламыз ба?», «Қандай ұлт боламыз?» деген мәселелер өткір тұр. Осы жағынан қарағанда, «100 нақты қадам» Қазақстанның жан-жақты даму реформасы болып табылады» деп атап өтті ол.

Мемлекеттің дамуына бағытталған стратегиялық бағдарламаны насихаттау бағытында Атырау өңіріне арнайы сапармен келген Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин атқарылып жатқан нақты істерге  тоқталды. Реформаны жүзеге асыру мақсатында құрамында бес жұмыс тобы бар комиссия құрылып, оған Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің жетекшілік ететінін атап өткен ол, Ұлт жоспарында көрсетілген «Біртектілік пен бірлік» бағытына тоқталды.

«Қоғамда, әсіресе, жастар тәрбиесіне келгенде мәселе көп. Бұл проблема, біздіңше, мемлекеттік ортақ идеологияның қажет екендігін көрсетеді. Ол идеология отбасынан басталып, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында жалғасын табуы тиіс» деген комитет төрағасы Ғалым Шойкин бұл бағытта түрлі телефильмдер мен теле бағдарламалардың да түсірі-летіндігін хабарлады. Сондай-ақ, аймақтық туристік кластерлерді дамыту жобасына кез-келген өңірдің тарихи жағынан құнды орындарын ұсына алатынын айтты. Тіпті, осы бағытта алға қарай «Таңғажайып Қазақстан» деп аталатын тележоба да түсірілмек екен. Қоғамды, жалпы халықты біріктіре түсу мақсатында өзге де ұсыныстарын ортаға салған Дін істері комитетінің төрағасы реформаның басты құндылығы — әлемдік геосаясат картасында орын алып жатқан келеңсіз жайттардың алдын алуға бағытталуында екендігіне де тоқталды. 

Рухы  күшті ел  озады

«Мәңгілік Ел» идеясы қазақ халқының көңіл түкпірінде жатқан талайғы арман, талайлы тағдырына тұғыр болды» деген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев «100 қадамның» құндылығын бұқараға түсіндіруде бір кездері мемлекет саясатын халыққа жеткізіп отырған «Білім қоғамын», «Лекторлар бөлімін» қайта құруды ұсынды. «Екіншіден, мемлекет экономикамен ғана көркеймейді. Біздің халқымыздың қуатты мемлекетке руханияты да сай болуы керек» деген ол «Мәдени мұра» бағдарламасын тиімді жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Ол мектептердегі әдеп пәнінің мазмұнын тереңдетуді, халықты рухтандырып, жігерлендіру мақсатында батырлар жыры сынды ұлттық дүниелерді ақпарат құралдарында кеңінен насихаттауды атап айтты. 

Сарайшық  әлемдік мәдени  мұраға  айналса…

Индустрияландыру картасы аясында үстіміздегі жылы бес жоба іске қосылады. Оптикалық кабель өндіру зауытын, химиялық реагент шығару зауытын іске қосу, сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығаратын кешеннің қуаттылығын еселеп, құс фабрикаларын пайдалануға беру нәтижесінде 247 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы хабарлаған Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева облыста жалпы саны 44 инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын жобалар аясында бес мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде» деген ол «100 қадам» реформасын тиімді жүзеге асыруда шетелдік инвесторларға инфрақұрылым мәселелерін толығынан шешіп берумен шектелудің тиімсіздігіне тоқталды. «Инвесторларға арнайы экономикалық аймақта кепілдіктермен қоса, жеңілдіктер де қажет» деген сала маманы индустриялық аймақтардың құқықтық статусын анықтайтын нормативті құжат жасақталатынын мәлімдеді. «Мемлекет жер учаскесін бөліп, инфрақұрылым мәселесін шешіп бергенімен, инвесторлар тартылмай жатады. Сол себептен біз Түрік елінің тәжірибесін пайдаланып отырмыз» деген Лариса Жұмағалиева хан ордалы Сарайшық кешенін халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа және мәдени мұраға айналдыруды ұсынды.

Қоғамдық, экономикалық, саяси, әлеуметтік бағыттағы өзекті мәселелер талқыланған іс-шара барысында Х.Дос-мұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Айдар Сабыров ана тілге басымдық бере отырып, шет тілдерін үйретудегі жапон елінің тәжірибесінен үйренеріміз көп екенін ортаға салды. Ал, «Тхониль» кәріс этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Людмила Ли Ұлт жоспарында көрсетілген этнотуризмді дамыту бағыты бойынша этно ауыл жобасын жасау маңызды деп есептейді.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button