Өзгелерге сәуле сыйла!..
Atr.kz/26 қараша, 2019 жыл. Жығылғанды демеп, мұқтаждарға жәрдемдесу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Ол бүгін пайда болған жоқ. Ғасырданғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлтымыздың бойындағы ерекшелігі.
Бұл – адамгершілік белгісінің айқын көрінісі. Ендеше, бүгінгі волонтер атауының бұрынғы «асардан» айырмашылығы неде? Біреу үшін жылу жинап, жанын салып жүргендерің еңбегінің өтемі қандай? Ал, жастарымыз жақсылық жасағысы келе ме? Жалпы, ерікті деген кім?
Ақысыз еңбек Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды Волонтерлер жылы деп жариялады. Демек, болашақта волонтерлық қызметке қызығушылық артып, оған ынта танытушылар көбейеді деген үміт бар. Ал, біз оның маңызын қаншалықты ұғынып жүрміз? Бізді мазалайтын да осы сауал.
Сондықтан да олардың қоғамдағы орны ерекше. Өйткені, еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілікті талап етпейді. Олар біреуге көмек қолын созуды өздеріне парыз санайды. Дәл осы тұста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығының Атырау қалалық кезеңінің лауреаты, «Ерен еріктілік» аталымының иегері Арман Қасымовтың «елге сіңірген еңбегім ақысыз» деген сөзі ойға оралады. Арманның он жылдан астам уақыттан бері «жедел жәрдем» жұмысына қолғабыс етуі – көптеген замандастарымызға үлгі-өнеге.
«Бала күнімнен оқыс жағдайларға тап болған жандарға көмектескім келетін. Сол арманымды жүзеге асырып, ерікті ретінде «жедел жәрдемде» еңбек етіп жүрмін. Жұмысымнан ләззат алмасам, шаршаған емеспін. Атырау – туған өлкем. Ал, оған еңбегімді сіңіру – азаматтық борышым.
Бастапқыда «жедел жәрдем» көлігіндегі тазалық жұмыстарымен айналыстым. Қазір кез келген жағдайда алғашқы көмек көрсете алатындай тәжірибем бар. Көлденең қатерге ұшыраған баласына ата-ана дер кезінде қарапайым ғана алғашқы медициналық көмек көрсете алмағандықтан қайғылы оқиға орын алған жағдайлар да болды. Волонтерлер жылында мен секілді еріктілердің саны артып, олардың талай адамның өміріне араша түсеріне сенемін» дейді ол.
Жастар жылының жалғасы Арман айтпақшы, еріктілердің қоғамға тигізер пайдасы аз емес. Олардың қатары көбейіп, әр салада еңбек етсе елдің әл-аухатының артуына айтарлықтай үлесі болар ма еді? Орта буын өкілдері Кеңес үкіметі кезіндегі «Тимуршылар» жайында жиі айтса, жас ұрпаққа өңірдегі «Жүректен-жүрекке» қорының жұмысы жақсы таныс.
Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға медеу болып, тұрмыстық жағдайы төмендерді баспанамен қамтып жатқан жомарт жүректі азаматтар да баршылық. Мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев та жергілікті белсенді жастармен кездесу барысында волонтерлер қатарына колледж студенттерінің қосыла алмайтынын ескерткен-ді.
Сол себепті ол Білім және ғылым министрлігіне осы мәселені қарауға тапсырма беретініне тоқталды. Сондай-ақ, вице-премьер Волонтерлер жылы биылғы Жастар жылының заңды жалғасы болатынын атап өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та атаулы жылға байланысты өз пікірін білдірген еді.
– Волонтерлер қозғалысы – бұл борыш, оны ықыласпен атқару керек. «Өзіңді жылыту арқылы өзгелерге сәуле сыйла, қайтарымын күтпе» деген сөз бар. Нағыз волонтерлық – осы, — деді аймақ басшысы.
Қысқасы, «еріктілер» – адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ. Қазақ тілінің сөздігіне бір үңілсеңіз, «ерікті» деген сөзге синоним болатын, балама ретінде «асар» сөзін алуға болады. Асар – ауылаймақ, көрші-қолаң болып белгілі бір мұқтаж жанға қолдарынан келгенше тегін көмек көрсету. «Асар» сөзі тіпті белгілі бір дәстүрге де айналып кетті.
Сондықтан, «ерікті» сөзін кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені, қазақ халқында бұл ұғым баяғыдан бар. Волонтерлық корпус қажет Айналасындағыларға жақсылық тілеп, қолдан келер көмегін көрсетіп жүрген жастар санатында атыраулық Әлішер Тәжіғалиев те бар. Төрт жылдан бері волонтерлықпен айналысып келетін ол «мұқтаж жандарға қолұшын созу – жанымның қалауы» дейді.
– Осы уақытқа дейін қаншама қайырымдылық іс-шара өткіздік. Облыстық волонтерлық корпус құрамынан Жеке волонтерлық топ құрғанша еңбектендік. Қазір біз «A&V Team» Атырау волонтерлер тобы деп аталамыз. Ал, соңғы бес айда қатарымызға 50-ге жуық жас қосылды.
Атаулы жылда волонтерлыққа жан-жақты көңіл бөлінсе деймін. Жұмысты ең алдымен «Волонтер дегеніміз кім?» деген сауалды түсіндіруден бастағанымыз абзал. Сондай-ақ, орта оқу орындарымен келісім-шарт жасақталғаны дұрыс. Себебі, іс-шара кезінде сабақтан босату кезінде қиындықтар туындайды. Ондай жағдай өз басымнан бірнеше мәрте өтті.
Ең бастысы, Атырауда ортақ бір Волонтерлық корпус ашылса деген арманымыз бар. Өйткені, еріктілердің бәрі жан-жақта жүр. Бір орталық пен бір басшы болса, бұл қызмет те дами түсер еді, — деген ол 2017 жылы атыраулық еріктілер республика бойынша үшінші орынға ие болғанын да айтты.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Ел аузынан
Қарт кісі базарда келе жатып, алдында бір саудагердің түймесі үзіліп түскенін көреді. Жерден алып бермекші болады да, райынан қайтып қалады. «Осы түймеге қарап қалып па? Онсыз да түймелері көп қой» деп ойлайды ішінен. Бірақ, саудагер алыстап кеткенде артынан еріп, ақыры түймесін апарып береді. Уақыты келгенде әлгі қарт дүние салады.
Періштелер оның амал дәптерін қарап, істеген жақсылығы мен жамандығын таразыға теңдеп жатыр екен. Әлден уақытта жамандығы асып кетеді. Сонда бір періште таразының жақсылық артылған басына баяғы түймені әкеліп салыпты. Сол-ақ екен, жақсылық жағы басым түседі.
Қарт періштеден: «Бұған дейін істеген қанша жақсылығым есепке алынбай, бір ғана түйменің салмағы ауыр тартқаны қалай?» деп сұрайды. Періште «Бұған дейінгі жақсылықты жұртқа айтып мақтандың, елге көрсету үшін жасадың. Ал, түймені шын көңіліңмен көтердің» деген екен.
Жазира ҒАРИФОЛЛИНА,
Атырау волонтерларының көшбасшысы:
– Аймақта волонтерлар корпусында 500-ге жуық белсенді жас бар. Биыл Қостанай қаласында «Волонтерлық қызмет» тақырыбында Қазақстан-Ресей жастарының қатысуымен бірлескен үлкен форум ұйымдастырылды. Замандастарымды елдің өркендеуі үшін ойда жүрген тың идеяларды іске асыратын мүмкіндікті пайдаланып, биік белесті бірге бағындыруға шақырамын.