Ойсыздықты көргің келсе, ОЙЫЛҒА бар!
Маусым айында басталған суға түсу науқаны шіліңгір шілде келгелі тіптен қыза түсті. Күннің ыссылығынан қорғанған халық түс ауғаннан кеш қарайғанға дейін өзен жағасынан табылуда. Олар сусындары мен тамақтарын алып, сол жерден сірне, кәуаптарын пісіріп, өзен жағасында бірнеше сағаттап жатуға бар. Әрине, демалған жақсы-ау. Алайда демалушылар қауіпсіздік, тазалық деген талаптарды орындап жатыр ма, жағажай мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында өзіміз де өзен бойын аралап көргенбіз.
Үйілген шөлмектен үй тұрғызуға болады
Әңгіменің арқауы Ойыл бойының тазалығы болғандықтан, жақында Миялы ауылдық округінің әкімі Нұрлан Бекешов, учаскелік полиция инспекторы Айбек Сәрсенғалиев және жергілікті БАҚ өкілдерінен құралған топ өзен жағасын аралап қайттық. Өзен бойындағы «Кенен», «Көпір аузы», «Қаламғали», «Шархат», «Шадыман», «Егеубай түбек», «Таңбай түбек» сынды халық жиі баратын орындардың жай-күйімен таныстық.
Жылдағы бір көрініс. Толған күл-қоқыс, шашылған шөлмектер, от жағылған орындар. Құдды бір жаңа замандағы саналы жандардың емес, ежелгі дәуірдегі мәдениеттен жұрдай жабайы адамдардың іс-әрекеті іспетті. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті, шашылған шөлмектерден үй салуға болады. Қауын-қарбыздың, шекілдеуіктің қабығы, мүжілген сүйектер, темекінің тұқылы дейсіз бе –бәрін де жағажайдан табасыз.
Ауыл әкімінің айтуынша, былтыр өзеннің бірнеше жеріне «суға түсуге тыйым салынған» деген белгі астына цемент құйылып, мықтап орнатылған. Бүгінде соның екеуін құлатып, алып кетіпті. Сонда бұл кімге керек болды екен?! Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы белгі қойылады, ал, оны демалушылар сындырып тастайды. Мұның өзі – бізде әлі де болса мәдениеттің төмендігінің көрінісі. Бұдан кейін қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық сияқты.
Балықшыларға айтар базына
Жалпы, өзеннен балық аулайтындарды әуесқой және кәсіпқой деп екіге бөлуге болады. Әуесқойлары – табиғат аясына демалуға шыққанда қармақ лақтырып, жай ғана ермек ететіндер. Олар – аулаған балығын ауылға алып кетпей, сол жерде сорпа қылып пісіріп, сол біткенше жағада болатындар. Ал, кәсіпқойлары – күнделікті балық аулап, оны саттыққа шығарып, содан нәпақа тауып жүргендер.
Соңғылары – көбіне Жангелдин, Ойыл, Көздіғара ауылдық округтерінің жігіттері. Енді осы екі топты қарап отырсақ, бұлардың да өзенге тигізіп жатқан зияндары орасан. Әуесқойлар аулаған балығының қабығы мен ішек-қарнын жағаға тастап, тіпті тойынғаннан сорпасын төгіп кететіндерді де көзіміз көріп жүр. Ал, кәсіпқой балықшылар бұлай ысырап етпейді. Аулаған балықтарын мұқият санап, жолдастарымен бөлісіп, жұмыстарын тиянақты жасайды. Тек бір әттеген-айы, олар балықтардың өте ұсақ, кішкентайлары мен үзілген қармақ, оралған ауларын сол күйі жағаға тастап кетіп жатады. Артынан өзен жағасына келген өзге демалушылардың аяғына балықтың қылқаны мен қармақтың үшкір басы кіріп, жарақаттап алып жатқанына да куә болғанбыз.
Жағажай жасау қиын ба?
Жоғарыда аталған тазалық, қауіпсіздік мәселесінің негізгі шешімі – заңды жағажай жасақтау. Ал, оған бізде мүмкіндік те жоқ емес. Ең бірінші керегі – табиғи ресурс. Еркелеп аққан Ойылымыз бен жағалай өскен тал-дарақтар кім-кімнің де көзін қызықтырары анық. Қысқасы, табиғатымыз туризмге сұранып-ақ тұр. Оның қасында басқа жақтарда суы да, нуы да жоқ жерлерден керемет демалыс аймағын салып, пайда тауып жатқандардың да барын естіп, біліп жүрміз. Ал, бізде басты байлығымыз бар. Тек осы істің көзін тауып, айналдырып әкететін епті кәсіпкер керек. Айналасын қоршап, тазалап, құм төктіріп жіберсе дайын демалыс орны болып шыға келетін тұстар өзен бойында жетерлік. Содан кейінгі тірлік кәсіпкердің идеясы мен іскерлігіне байланысты.
Жағажайға келуді ақылы қылып, түрлі сусындарды салқындатып, кәуап пісіріп, демалушылардың жағдайын жасар болса, ақша өзінен өзі келеді. Тіпті, шағын тапшандар мен киіз үй құрып, бие байлап, саумал сатуға да болады. Суда серуендейтін қайық пен катамарандарды жалға беру арқылы да қыруар пайдаға кенелерің кәміл.
Бір қарағанда мұның бәрі жай қиял көрінуі де мүмкін. Алайда, шындап кірісер жан болса, арманның өзі ақиқатқа айналып шыға келмей ме? Бұл, біріншіден, ауданда жоқ бизнес. Екіншіден, кәсіпкер боламын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау өте үлкен. Сол мақсатта түрлі бағдарламалар қабылданып, төмендетілген пайызбен несиелер беріліп, бұрын-соңды жасалмаған қамқорлық жасалуда. Үшіншіден, осы бастама шынымен жүзеге асса демалушылар келмей қалады деп те уайымдауға негіз жоқ. Себебі, бұдан басқа жерлерге суға түсіп, демалыс ұйымдастыруға заңды түрде тыйым салынады. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аталмыш бизнес қолға алынса халыққа да, өзенге пайдасы мол болар еді.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Қызылқоға ауданы.