ОТЫЗДЫҚҚА ЕНУ ҮШІН
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған Еуразиялық форум барысында жасаған баяндамасында дамыған елдердің құрамына ену үшін мемлекетіміз, біріншіден, адам капиталын дамытуға, институттық ортаны жетілдіруге, екіншіден, энергияның баламалы көздерін дамыту және қуат тиімділігін арттыруға, үшіншіден, индустриялық саясатқа түзету енгізуге нақты қадамдар жасауы керектігін міндеттеген еді. Осы орайда Ерғали Досмағамбетов еліміздегі адами капиталдың төмен болуын кезінде көптеген мамандардың алған білімінің советтік технологиядан әріге аса алмағандығымен түсіндірді. «Нарықтық экономикаға көшкен кезде көптеген ноу-хаулар енді. Сол себепті бүгінде мемлекеттік басқару, бизнес мектептерінде, тіпті мұғалімдердің өзін жаппай қайта оқыту процесі жүріп жатыр. Біздер АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония сынды технологиялық лидерлердің жетістігін қолданысқа енгізуіміз қажет» деп атап өтті ол.
Ғалымның айтуынша, біз әлі де болса «голланд ауруының» даму тәуекелі аймағында тұрмыз. Ел экономикасы әлі де болса өндіріс пен экономиканы әртараптандыру процесінен шыға алмай жатыр. «Сондықтан да экономиканың әр саласында ғылымды дамытуда көптеген жұмыстар жүруі қажет» дейді ол.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.