Жарнама
Жаңалықтар

ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕТАСЫ

Облыста «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасымен төрт жылда 18,5 мыңнан астам адам қамтылған. Оның 57 пайызын – 29 жасқа дейінгі жастар, 52 пайызын әйелдер құрайды.

–Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері көптеген нәтижелерге қол жеткіздік, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балдай Өтеғалиева. – Бірінші бағыты аясында 120 жобада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік нысандар жаңартылып, 2678 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 21 пайызын құрайтын әйелдер көбінесе сылау, сырлау, тазалау жұмыстарына тартылды. Ал, екінші бағыт бойынша 2085 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бизнес саласындағы білімдерін арттырды. Екі мыңға жуық адамға өз кәсібін дөңгеленту үшін несие берілді.

Басқарма өкілі оқытуға жәрдемдесуді көздейтін бағдарламаның үшінші бағыты бойынша төрт жыл ішінде тоғыз мың адам кәсіптік оқу, қайта даярлау және біліктілігін арттырумен қамтылғандығын және жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендегенін жеткізді. 

Ал, облыстық білім беру бас-қармасы басшысының міндетін атқарушы Шәкіржан Мырзағалиев аталған жалпыұлттық жоспар аясында бес бағытта жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты.

— Қоғамдағы ең өзекті де күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – жетім және ата-ана қам-қорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау. Биыл облыс әкімінің қолдауымен аймақта бірінші рет «Жанашыр» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында үш компания мен бір кәсіпорын ата-анасынан ерте айырылған балаларды қамқорлығына алды, — деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап «Аналар үйі» Каспий шағын ауданындағы мекен-жайға ауысқанын және орталықта тіркелген 14 ана мен 12 балаға №1 қалалық емхана медициналық қызмет көрсетіп жатқанын баяндады. 

— Облыс бойынша 21 бала 14 отбасында патронаттық тәрбиеде. Өткен жылы патронатқа берілген балалардың үшеуін тәрбиешілер асырап алды. Бұл тәжірибені кеңейту жұмыстары жалғасуда. Облыстағы жеті қалалық және жеті аудандық емханаларда отбасын жоспарлау кабинеттері ашылды, —  деді Дина Базарбайқызы.

Атырау облысы ішкі істер департаменті  әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Ерлан Рысқалиев әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әркез отбасына баса назар аударып отыр. Өйткені, мемлекеттің қуаттылығы отбасының беріктігіне байланысты. Сондықтан, отбасылық мәселелер күн тәртібінен түспейді. Облыста ана мен бала өлімі, өкінішке орай, әлі де бар. Осы мәселені шешуді дұрыс жолға қою керек. Елбасы тапсырмасымен ауруханалар, емханалар, дәрігерлік амбулаториялар салынып, іске қосылуда. Дәрігерлер тапшылығын ескеріп, оларды пәтермен қамтуды да қолға алып отырмыз. Балаларды мектеп жасына дейін тәрбиелеу мәселесі де өзекті. Әсіресе, Жылыой ауданында жағдай аса күрделі. Жастар арасында суицид жағдайының тіркелуі де аса қолайсыз жағдай болып отыр. Балалармен, олардың ата-аналарымен түсінік жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ, әйелдер арасынан балгерлікпен айналысып, адамдардың «басын айналдырып» әкетіп жатқандар да жоқ емес, — деп облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов өзекті мәселелерді қадап-қадап көрсетті.  

Ал, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева аймақтағы бизнес өкілдері өз еріктерімен балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан әр баланы қамқорлықтарына алып, оны оқытып, жұмысқа орналастыруды өз жауапкершіліктеріне алуды көздеп отырғанын жеткізді.

Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button