Отбасы – бақыт мекені
Облыс әкімі Серік Шәпкенов елге үлгі болып жүрген өнегелі отбасыларды марапаттады.
Кездесуге «Гауhар той», «Алтын той», «Күміс той» иелері мен «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары, неке куәлігін алған жас отбасылар қатысты. Аймақ басшысы қонақтарды келе жатқан Республика күнімен құттықтап, «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық конкурсы облыстық байқауының жеңімпазы, республикалық байқаудың лауреаты Сыралиевтер отбасын марапаттады.
– Рухани тәрбие отбасынан бастау алатыны белгілі. «Мерейлі отбасы» байқауы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға және еліміздің үлгілі отбасыларын насихаттауға бағытталған.
«Отан – отбасынан басталады» деген бар. Білімді, тәрбиелі отбасылар қоғамымыздың дамуына үлес қосады. Әр отбасының өзіндік ерекшелігі бар, әрдайым олармен мақтанып жүретін және өзгелерге үлгі ететін лайықты отбасыларды көрсету арқылы қоғамның іргесін нығайтамыз деген сенімдеміз. Жақсы отбасы көп болса, мемлекет те мықты. Сондықтан өздеріңіздей өнегелі отбасыларын ұлықтау арқылы жас отбасыларын, ұрпақты, қоғамды тәрбиелейміз. Сонымен қатар, жас жұбайларды заңды некелерімен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз биік, босағаларыңыз берік болсын! Осы жиынға қатысып отырған ата-әжелер мен аға-апаларыңыздың жолын берсін, – деген Серік Жамбылұлы «Күміс той», «Алтын той», «Гаухар той» иелерін де арнайы марапаттап, жылы лебізін білдірді.
Салтанатты іс-шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жүлдегерлері мен қатысушыларын облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, облыстың Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рашиля Мүрсәлиева да қатысушыларға құрмет көрсетті.
Жиын соңында «Гауһар той» иесі Бақыт Қалиев көпшілікке батасын берсе, Н.Жантөрин атындағы филармонияның өнерпаздары өнерлерін көрсетті.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ