ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ – КЕҢ ӨРІС
Елдік деңгейдегі дәстүрлі көрме-жәрмеңке осы жолы алғаш рет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірлік өкілдіктерінің мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Оның үстіне, биылғы көрмеге қатысушы бизнес субъектілерінің саны (барлығы 35) көбейіп қана қоймай, сапалық құрамы да жақсарған. Яғни, өздерінің өндірген өнімдері мен көрсететін қызмет түрлерін ұсынушылардың 18-і жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары болса, 17-сі жеке кәсіпкерлік нысандары екен. Бұның өзі алдымен кәсіпкерлердің мұндай шараларға қатысуға деген қызығушылығы мен мүдделілігін танытса, екіншіден, қазіргідей еліміздің жаңа экономикалық саясатқа қадам басып, валюталық дәліздің жойылып, теңгенің еркін айналымға енген кезеңінде бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкіндіктерін кеңейтуге, сөйтіп әлемдік нарықта «Қазақстандық мазмұнның» үлес салмағын арттыруға, бұл салада бизнесмендердің белсенділігін көтеруге жаңа арналар ашары кәміл.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанғали Қожантаевтың мәлімдеуінше, конкурс түріндегі көрме-жәрмеңкені өткізуге дайындық шаралары тиянақты жүргізілген. Әсіресе, оған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің де қатысуына рұқсат етілгендігі дұрыс болды. Өйткені, бұл олардың өз өнімдерін өзгелеріне жете таныстырып, жарнамалауына, серіктестік қарым-қатынас орнатуына таптырмас мүмкіндік деп есептейді ол.
Байқағанымыздай, көрмеге қатысушылардың арасында «ЖігерМұнайСервис», «ШевронМұнайГазИнк», «Өнерпаз» ЖШС-тері тәрізді өзіндік дәстүрі қалыптасқан, тәжірибесі мол, өнім өндіру мен қызмет көрсету деңгейі жоғары кәсіпорындар да бар.
Аламанға алғаш рет қосылғандардың санатында «Карат» ЖШС-ін атауға болады. Кәсіпорын атауымен аттас, сиыр етінен құтыдағы түрлі өнімдерді әзірлеп шығаратын мұндай өндіріс орны Атырауда әзірге біреу ғана. Өткен жылдан бері өз өнімдерін тұтынушыларына ұсына бастаған шағын кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 12 млн. дана консервіленген сиыр етін өндіру.
«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-жәрмеңкесінің өңірлік кезеңіне жалпы саны 40-қа жуық кәсіпкерлік субъектісі қатысып, өз мүмкіндіктерін сарапқа салды. Шараның қорытындылары мен жеңімпаздары жайлы газетіміздің алдағы сандарында жарияланады.
Дәулетқали АРУЕВ.