Жарнама
Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ – ӨРІСТІ ҚАДАМ

 Ынтымақтастықтың ықпалды  форумы

Әлем елдерін алаңдатып отырған дағдарыс қаупі сезіле бастаған тұста тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – барлық кәсіпорындардың ырғақты жұмыс жасауы. Сондықтан, мекеме басшылары тиянақты іс-шаралар жоспарын құрып, жұмысшылар санының немесе штаттың қысқаруына жол бермеуі тиіс. Еліміздің барлық өңірлерінде бастау алған форумның негізгі көздеген мақсаты осы болды.   

Форум жұмысы ірі жүйе құрастырушы кәсіпорындар мен облыстың тауар өндірушілерінің меморандумдарға қол қоюымен басталды. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты Қазақстан саңыраулар қоғамымен жалпы сомасы 23 миллион теңгеге, «АтырауМұнайМаш» ЖШС-мен 1 миллиард жарымнан астам теңгеге өзара келісімдерге қол қойды. Екі жақ қазақстандық тауарларды сатып алу принципін жүзеге асыруды мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар, «ШевронМұнайГаз Инк» компаниясы «ҚазТрансГазАймақ» ЖШС және «ISKER» консорциумы басшылығымен жалпы сомасы 50 миллионнан астам теңгені құрайтын келісім құжаттарына  қол қойды. Бұған қоса, «Ембімұнайгаз», «Атырау Жарық» акционерлік қоғамдары, «Сазанқұрақ», «Первомайск», «Өнерпаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және тағы басқалары жалпы құны 2 миллиард теңгеге жуық 12 меморандумға қол қойды.   

Жаңа  жобалардан – жақсы  нәтиже

Жергілікті қамтуды дамыту бойынша форум отырысы басталмас бұрын Үкімет мүшелері мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған топ жергілікті тауар өндірушілер ұйымдастырған көрмені тамашалады.

Көрмеге 17 компания қатысты. Атап айтсақ, көрмеде индустриалдық карта жобаларымен іске қосылған сегіз кәсіпорын, болашақта жүзеге асырылатын бес жоба, «Жасыл экономика» бағытында үш жоба және құрылыс материалдарын шығаратын «Еркор» ЖШС өнімдері болды.

Атырау қаласындағы химиялық реагенттерді шығаратын жаңа зауыт «Рауан Налко» ЖШС-нің жылдық қуаты 20 мың тоннаны құрайды. KZ сертификатын алғашқылардың бірі болып алған серіктестік тек біздің өңіріміздегі ғана емес, бүкіл Қазақстандағы ірі мұнай компанияларына қызмет көрсетеді. Тіпті, бүкіл ТМД кеңістігіндегі бірден-бір химиялық реагенттер өндіруші болуға үміткер бола алады.       

Серіктестіктің бас директоры Бауыржан Әжіғалиевтің айтуынша, реагенттердің қазақстандық мөлшері 50 пайыздан 90 пайызға дейін жетеді.

— «РауанНалко» бірлескен кәсіпорны өз қызметін әрбір адамның еңбегін және қауіпсіздік техникасы, қоршаған ортаны қорғау туралы бүкіләлемдік тұрақты даму алдындағы міндеттерді басшылыққа алады. Біз іскерлік қызметті қауіпсіз, сенімді және экологиялық қолайлы тәсілмен жүргізу, қалдықтарды жою принциптеріне баса назар аударамыз, — дейді серіктестік басшысы. 

«Спецпром KZ» ЖШС шығаратын «Arlan» құрғақ құрылыс қоспалары тұрғын үй-жайларда ішкі жұмыстар үшін қолданылады. Көрмеге қойылған бұл зауыттың да өнімдері, атап айтсақ, тегістегіштер, тереңге сіңетін астарлар, еденге арналған гипс қыспасы және тағы басқалар Үкімет мүшелерінің оң бағасына ие болды.

Бүгінгі таңда «Шеврон» еліміздің ең ірі энергетикалық компанияларының бірі болып табылады. Компания ұзақмерзімді серіктестік қарым-қатынасты орнатып, жаңа технологияларды енгізу мен өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту арқылы шикізаттық емес өңдеу секторындағы Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор қолдау көрсетіп келеді.

— Біз дүние жүзіндегі техникалық тұрғыдан ең күрделі мұнай кен орындарының бірін қауіпсіз түрде игереміз және өндіріс саласында қауіпсіз техникасы, өндіріс және қоршаған ортаны қорғау бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз, — деген зауыт менеджері Евгений Легин астаналық меймандарға құбыр арматураларын таныстырып, қызметі жөнінде баяндады.

Индер ауданындағы «Тұз» ЖШС ас тұзын шығарумен он жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Серіктестік ұжымы көрмеге натрий-хлорлы техникалық тұзын, йодталған аc тұзын, «Галит» минералды концентратын ұсынып, өз өнімдерін таныстырды. Өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Олеся Ковалеваның айтуынша, «Тұз» өнімді тек Қазақстанның Батыс өңірін қамтумен қоса өзге де облыс аймақтарына ұсынуды қолға алып отыр.

Жүз пайыздық қазақстандық өндірістік-сервистік компания «Жігермұнайсервис» ЖШС бас кеңсесі Атырау қаласында орналасқан. Кәсіпорын бүкіл Қазақстан бойынша мұнай және бұрғылау компанияларына қызмет көрсетумен айналысады. Былтыр тереңдігі 6000-6500 метрлік ұңғыманы бұрғылауға арналған жүк көтерімділігі 650 тонна болатын ірі габаритті бұрғылау қондырғысы сынақтан өткізілген болатын. Осы жолы көрмеге компания бұрғылау қондырғыларын әкеліпті. 

Министрлерге Индустриалдық карта жобасы шеңберінде іске қосылған және болашақта жүзеге асырылатын жобаларды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов таныстырды. «Мұндай жобалар ел экономикасының артуына және отандық өнім сапасын арттыруға зор үлесін қосады», — деген Үкімет мүшелері кәсіпорындар жұмысына сәттілік тіледі. 

Жергілікті  қамтудың жайы  қалай?

 «Атырау» мәдени орталығында өткен форумның негізгі жиыны  облыс әкімдігі  мен жұмыс берушілер және жұмысшылардың еңбек шарты мен еңбек құқықтарын қамтамасыз ететін облыстық кәсіподақ кеңесшілері арасындағы өзара ынтымақтастық туралы мәселелерді көтерді. Онда  облыс әкімдігі мен ұлттық компаниялар жергілікті қамтуды дамыту мәселелері жөніндегі келісімдерге келді. Айта кетсек, форум аясында жалпы құны 464 миллиард теңгеге жуық 70-тен астам меморандумға қол қойылды.

Бұл келісімдердің басты мақсаты – тараптардың жергілікті қамтуды дамытуы аясында өзара қолдау көрсету және қарым-қатынасты дамытуы болып табылады. Сонымен қатар, бұл – азаматтарды жаппай қызметтен босатуға және қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында қолға алынған іс-шара. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні облыста 82 жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымы арасында 38 мың адамды қамтитын ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.    

Форумның басты жаңалығы – 2015-2016 жылдарға арналған өзара байланыс жоспары меморандумына ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қол қоюы болды. Сонымен қатар, облыс әкімдігі және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы», «Қазақтелеком», «Ембімұнайгаз», «Қазтрансойл» акционерлік қоғамдары, «Теңізшевройл», «ERG» Сауда үйі», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы арасындағы меморандумдарға қол қойылды. Екі тарап басшылары жергілікті қамтуды дамыту бағытындағы өзара келісімдерге келді.  

 Айта кетсек, меморандумға сәйкес «Теңізшевройл» ЖШС биыл қазақстандық тауар өндірушілерден 2 миллиард долларға жуық тауар сатып алу, қызмет көрсетуге келісім беріп отыр. Сонымен қатар, аталмыш серіктестік өз еркімен білім, денсаулық, мәдениет салаларында мұнайлы өлке үшін маңызды жобаларға демеушілік көрсету үшін екі миллион жарым доллар бөлді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ағымдағы жылы облыстың отандық тауар өндірушілерінен 5 миллиард 500 миллион теңге көлемінде тауар сатып алуға ниет етуде. Ал, «ERG» Сауда үйі» ЖШС бұл мақсатқа 3 миллиард 492 миллион теңге, «Қазақтелеком» АҚ 300 миллион теңге жұмсамақшы.        

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің 2020 жылға дейінгі экономикалық саясатын айқындап берді. Биылғы жыл «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастаған маңызды жыл болуымен ерекше. Атырау облысы өткен жылды жақсы аяқтады. Мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай орындалды. Нақтырақ тоқталсам, экономиканың түрлі саласына 76 млрд. теңге инвестиция салынды. Іске қосылған кәсіпорын саны – 35.  Атырауда бұрын өндірілмеген 30 түрлі жаңа өнім шығарыла бастады. Сонымен қатар, 33,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, оның 14 млрд. теңгесі – өткен жылдың еншісінде. Ал, мемлекеттік бюджетке 9,5 млрд. теңге салық төленді, — деп облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Министрлердің айтуынша, кездесу барысында жергілікті қамтуды дамыту бағытында түрлі сала бойынша 300-ден астам меморандумға қол қойылған.

— Атырау облысында қол қойылған меморандумдардың маңызы зор. Жалпы, біздің мақсатымыз – аймақтардағы бизнес өкілдерімен кездесіп, жылдық жоспарды бақылап шығу. Осы жыл оңайға соқпайтыны жасырын емес. Экономикамыздың артуына кейбір сыртқы факторлардың әсері де тиюі мүмкін. Ресейлік рубльдің девальвацияға ұшырауы, мұнай бағасының төмендеуі сияқты әлемдік экономикада біраз құлдыраулар бар. Сондықтан, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарды пысықтап шығу – біздің басты міндетіміз, — деді еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Атырау өлкесіне келген министрлер Қазақстанның мұнай кластерін қалыптастырып отырған өңірде ауылшаруашылығы саласының өркен жайып отырғанына да оң бағасын берді. Және Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрсетілген инфрақұрылымды жақсарту, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты шаралар осы жылы толықтай жүзеге асырылатынын жеткізді. Сонымен қатар, өз бизнесін, еңбек өнімділігін дамытуға ниет білдірген кәсіпорындарға Үкімет тарапынан қолдау үнемі болатынын айтты.    

— Елбасының Жолдауы ел экономикасының дами түсуіне үлкен септігін тигізетініне сенімдімін. Осыған орай, Үкімет инфрақұрылымды дамыту бағытында 2020 жылға дейінгі арнайы бағдарлама жасақтауда. Бұл бағдарламада дағдарыс кезеңінен аман өтіп шығу және әр саланы дамыту жайы қаралған. Уақыт өткен сайын әлем елдері арасында бәсекелестік күшейе түседі. Сондықтан, ауық-ауық дағдарыс орын алып тұрады. Алайда, біз бір орында тұрып қалмай, алға қарай ұмтылуымыз шарт. Бұл форумға дейін «Теңізшевройл» компаниясы басшыларымен кездестім. Серіктестіктің алға қарай дамуға, қалыптасуға бағытталған үлкен жоспарлары бар екен. Әр кәсіпорын осындай қарқынмен жұмыс жүргізсе, қиын кезеңнен сүрінбей өтіп шығуға ештеңе әсер етпейді, — деді ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник.

Атырау облысында шикізаттық емес сектордағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жан-жақты көмек бар. Ең маңыздысы, өлкеде мұнай-газ, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және баламалы көздерді тиімді пайдалану бағыттарында ынтымақтастықты дамытудың үлкен мүмкіндігі бар. Жиынға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев офсеттік саясат туралы заңды қабылдау елімізде мұнай-газ, тау-кен өндірісіндегі машина жасауға зор ықпалын тигізетіндігін айта келіп, машина жасау саласына Үкімет зор қамқорлық көрсетіп отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында осы салаға баса назар аударылып отырғанын жоғары бағалады.

Форум барысында сөз алған «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер компанияда жергілікті қамтуды дамыту жұмысының барысы және  өткен жылдың қорытындысы туралы баяндады.

— Ең алдымен, жұмыс қауіпсіздігін сақтау – компанияның алға қойған басты мақсаты. Соңғы төрт жыл қатарынан «ТШО» ЖШС еліміздегі ең қауіпсіз мұнай-газ компаниясы саналады. Өткен жыл ұжым үшін сәтті аяқталды. Серіктестер мен қызметкерлердің жүйелі жұмыс жасауы нәтижесінде негізгі көрсеткіштер бойынша жоспарды толығымен орындап шықтық. Компания 2014 жылы қазақстандық қамтуды дамыту бағытында 2,4 миллиард доллар қаржы жұмсады. Ал, отандық өнімдерді сатып алу үшін 17,9 миллиард доллар бөлді, — дейді бас директор Тим Миллер.

Сонымен қатар, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев те бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. 

Геологияны  дамыту – кезек  күтпейтін  іс

Қазақстан – кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан әлемдегі бай аймақтардың бірі. Минералдық шикізат қорлары – мемлекетіміздің ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Қуатты минералдық шикізат базасының қазіргі жай-күйі республиканы шет елдердің кен қазбаларына тәуелділіктен толық арылтып, Қазақстанның дүниежүзілік нарыққа минералдық шикізат қорлары мен оның өңделген өнімдерін шығаруына мүмкіндік берді. Сондықтан, минералдық шикізат ресурстары еліміздің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады.

Үкіметтік топтың Атырау облысына сапары геология саласының даму мәселелері жайы талқыланған кеңесте қорытындыланды. Еліміздің аймақтарындағы жер пайдаланушылардың басын қосқан жиынды Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев жүргізіп отырды.

Кеңесті облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, қонақтарға «қош келдіңізін» жеткізді.

— Бұл жиынның Атырауда өтуі тектен-тек емес. Өйткені, мұнайлы өлке көмірсутек шикізатының тыңайған жерлеріне ғана емес, сонымен қатар, калий, борат және басқа да қатты пайдалы кендерге бай. Атырауда жергілікті жердегі пайдалы қазбаларды сәйкесінше өңдеу арқылы құрылыс материалдарын дайындауға мүмкіндік бар екендігін де айтып өткен жөн. Олар қазіргі таңда көршілес облыстардан әкелетін өнімдердің орнын алмастыра алады. Сонымен қатар, сумен қамту бойынша көршілес мемлекеттерге тәуелділік біздің алдымызға жерасты суларын тиімді пайдалану міндетін қойып отыр. Қазір шағын минералды сулар ұңғымаларын қазуға дайындық жұмыстары басталды. Жоспар сәтті жүзеге асып жатса, алғашқы кезеңде Жылыой және Мақат аудандарында, кейін Атырау қаласында жер астынан алынған ауызсумен қамтуды бастаймыз, — деді облыс басшысы. 

Сонымен қатар, аймақ басшысы облыстағы пайдалы қазбалардың көптеген қоры олардың нақты көлемі мен қолдану мүмкіндігін анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететіндігін атап өтті.

Атырауда өткен Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы ынтымақтастық форумы аясында іске қосылған «Еуразия» жобасы Каспий  маңы ойпатын геологиялық зерттеу бойынша әлемдік геология ғылымында баламасы жоқ үлгіге айналуы мүмкін.  Бұл жоба елімізде геология саласының дамуына үлкен серпіліс беріп, нәтижесінде Каспий бассейнін тереңдетіп қазу арқылы Қазақстанның мұнай әлеуетінің артуына сеп болмақ.

Министр Әсет Өрентайұлы өз сөзінде еліміз бойынша геология саласын дамыту мақсатында ауқымды істер тыңдырылып, көптеген бағдарламалар қабылданып жатқанын айтты. Жер қойнауын пайдалану бойынша бірқатар мәселелер бар екендігін де жасырып қалмады. Оларды шешу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

— Минералды-шикізаттық кешенді дамытудың басым міндеттерінің бірі – қаржыландыруды арттырып, жеке инвестициялар түсуі үшін жағдай жасау. Жер қойнауын пайдалану, әсіресе, геологиялық барлауды дамыту жолдары қайта қарастырылып, биылдан бастап заңға өзгерістер енгізілді, — деді министр.

ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник әлем экономикасы әрдайым минералды шикізат кешенімен байланысты екендігін атап өтті.

— Геологияның ролін жаңа сатыға көтеру маңызды. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев үнемі нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Әлем елдерінде қазіргі таңда шикізат қорына талас жүруде. Ал, Қазақстанда бұл бағытта тапшылық жоқ. Тек оны тиімді пайдалана білу шарт. Осыған орай, жиын барысында барлық аймақтағы жер пайдаланушылардың ұсыныстарын тыңдап, туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастырған жөн, — деді Энергетика министрі В.Школьник.

Вице-министр Ұзақбай Қарабалин мұнай-газ өндірісіндегі геология мәселелері жайында баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күні сала бойынша көмірсутек шикізатын пайдалану бағытында 203 келісім-шарт жасақталды. Өткен жылы алты құжатқа қол қойылды. 383 мыңнан астам метр тереңдікті қамтитын 226 барлау ұңғымасы бұрғыланып, сейсмобарлау жұмыстары жүргізілді. Геологиялық барлау жұмыстарына 175 миллион доллар қаржы жұмсалды. Ал, биылғы жылға 63 мың метрден астам тереңдікке 31 ұңғымаға барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Соңғы он жылда 50 кен орны ашылып, А, В, С-1 категориялары бойынша 164 миллион тонна мұнай қоры алынды.

Сонымен қатар, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев Каспий аймағының көмірсутек шикізаты қорының ресурстары және еліміздің мұнай-газ саласындағы геологиялық барлаудың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Ал, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Құрманғазы Есқазиев «қара алтын» бағасының төмендеуіне байланысты туындап отырған мәселелерді көтеріп, мұнайды экспорттауға кедендік баж салығын азайту және компанияның геологиялық бұрғылауды кеңейту жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды.        

Жиын барысында бұдан басқа да мұнай компаниялары басшылары өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Кеңестің соңы келісім құжатына қол қоюмен жалғасын тапты. «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті арасындағы ынтымақтастық меморандумы жасақталып, Ұлттық компанияның бас директоры Абат Нұрсейітов пен комитет басшысы Базарбай Нұрабаев құжатқа қол қойды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button