«Отағасы ауылда кезекшілікте қалды»
Махамбет ауданы Талдыкөл ауылынан Атырау қаласына эвакуацияланған тұрғын Айғаным Қарасаева қазіргі жағдайы туралы айтып берді, — деп хабарлайды облыстың төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы.
Ол 13 мамыр күні APEC жоғары колледжіндегі эвакуациялық пунктке орналасқан.
–Біз бұл жерге кешкі сағат алты шамасында келіп, орналастық. Барлығымызды медициналық тексерістен өткізді. Кешкі асымызды беріп, күтіп алды. Отбасымыздан бес адам болып келдік. Жанымда 83 жастағы енем мен 3 балам бар. Отағасы ауылда бөгет бойында кезекшілікте қалды, — деді А.Қарасаева.
Айта кету керек, ауданның төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы 13 мамыр күні талдыкөлдіктерді эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Бүгінге дейін аудан бойынша барлығы 151 адам эвакуациялық пунктке көшірілді. Оның ішінде 102 бала бар. Сондай ақ, туыстарының үйіне орналасқан тұрғындардың саны – 245 адам. Олардың ішінде 143-і бала. Қазір тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Өз тілшіміз