Жаңалықтар

ОРТАЛЫҚТАР БІРІКТІРІЛЕДІ

 

Өмір сүру ұзақтығы – жетпіс жас

Баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Б.Сапарбаев Президенттің Үкіметке жүктеген басты міндеті – экономикалық өсім қарқындарын сақтау, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы бұқараны жұмыспен қамту екенін атап өтті. Бұл орайда жұмыссыздық көрсеткішінің өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, барлық өңірлерде халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспарлары бекітілген. Еліміз бойынша биыл 322 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінде 191 мың адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 66 мың кәсіпорын басшыларымен меморандумға қол қойып, 2,2 млн. жұмыс орнын сақтап қалу да көзделіп отыр.

Денсаулық сақтау саласына қатысты Б.Сапарбаев «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері оң динамикаға ие болғанын атап өтті. Өмір сүру ұзақтығы 2010 жылы 68,41 жастан 2014 жылы 71,6 жасқа дейін ұзарды. Ана және бала өлімі, туберкулезге, онкологиялық және жүрек-қан тамыры ауруларына шалдығу азайып келеді. Елімізде Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізіліп, 2014 жылы 2,4 млн. адам тексерілді.

 

12 жылдық оқыту жүйесі жүзеге асады

«Балапан» бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 78,6 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 162 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ашылады, бұл балалардың 81 пайызын қамтиды.

2018 жылға қарай Жол картасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 18 және жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 324 балабақша ашылады.

Орта білім беруде 12 жылдық оқыту үлгісіне кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылады. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап бастауыш мектепке «НЗМ» тәжірибесін ескеріп, 30 мектептің базасында оқыту және оқу бағдарламаларының жаңа стандартын апробациялау жоспарланған.

«Ағымдағы жылы 128 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2018 жылға дейін апатты және үш ауысымды мектептерді жою мәселелері толық шешіледі», – дейді вице- премьер. Бұдан өзге, Үкімет дуальді білім беру жүйесінің жол картасын бекітті, алдағы уақытта колледждер саны 370-ке жететін болады.

Ғылымда ғылыми-білім беру кешендеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, ҚазҰТУ «Парасат» холдингімен біріктірілді, жетекші ЖОО-лар ірі ғылыми орталықтармен біріктіріледі. Сондай-ақ, ғылыми жобалардың нәтижелерін енгізу, халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдарды көбейту, жастарды ғылымға тартуға басымдық беріледі.

Сондай-ақ, вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өтуге қатысты 100-ден астам ірі іс-шара жоспарланғанын еске салып өтті. Ал, еліміздің барлық өңірі бойынша 700-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінге дейін мұның тең жартысы іске асырылды. Олардың ең ауқымдылары Қазақстанның тарихи қалалары – Отырар, Түркістан, Ұлытау, Бөкей орда, Сарайшықта өткізіліп жатыр. Енді негізгі ірі жиын 11 қыркүйекте Астанада және 9 қазанда Таразда өтеді. Ал, тіл мәселесіне келсек, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың басым бөлігі мемлекеттік тілді білуі тиіс. Қазіргі кезде ол деңгей 72 пайызға жеткен.

Онлайн режимде өткізілген баспасөз мәслихатында Б. Сапарбаев, А.Сәрінжіпов және Т. Дүйсенова өз салалары бойынша әр аймақтан жолданған журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button