Оқушыларға — «сары» автобустар
Атырауда енді мектептен шалғай орналасқан елдімекендердің оқушылары арнайы автобуспен қатынайтын болды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов 600 оқушыны тасымалдауға арналған 15 автобустың кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
–Тұрғындармен өткен кездесулерде мектептерге автобус беру мәселесі жиі көтеріледі. Енді сол мәселенің шешімін тауып, Қазақстанда жасалған автобустарды тарту етіп отырмыз.
Ең басты қоғам — балаларымыз. Олардың тиістідеңгейде білім мен тәрбие алуы үшін жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, баланың балабақшағабаруынан бастап, мектептегі кезеңдерінде сапалыбілім мен тәрбие беріп, қолайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Бәсекеге қабілетті ұлттыдайындауда, осы арқылы адами капиталды дамытудаұстаздардың рөлі зор. Бұл ретте ұстаздарды кележатқан мерекемен құттықтаймын. Бұл көліктер оқушылардың игіліне бұйырсын!- деді Серік Жамбылұлы.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтың айтуынша, мұнайлы өлкедежалпы саны 23 мектеп автобус тапсырылмақ. Ел бойынша 39 білім ошағы осындай арнайы көлікпен қамтылыпты. Ең бастысы,сыйымдылығы 36 оқушыға арналған сары түсті автобустар Алматыда құрастырылған. Басқарма басшысынан тағы бір білгеніміз, отандық өнім халықаралық стандарттарға сай келеді. Автобус ерекше балаларға арналған көтергішпен, бейнебақылау камерасымен, «cтоп» батырмасымен, салқындатқыш және жылыту пешімен жарақталған. «Қалаға 13 автобус бердік. Ал, аудандарға бір-бірден табыс еттік. Әзірге бұл көліктер қазіргі қажеттілікті өтейді. Алайда, жыл сайын оқушылар қатарының көбеюіне байланысты сұраныс тұрақты түрде болады деп ойлаймын. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 60 елдімекенге қосымша 23 автобус сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді»,-дейді Ерлан Талғатбекұлы.
Жаңа автобустар «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіне, тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернатына, Атырау облысы дарынды балаларға арналған Жылыой лицей-интернатына, қаладағы Береке орта мектебіне, Еркінқала орта мектебіне, Талқайран орта мектебіне, Қайырғали Смағұлов орта мектебіне, Жамбыл Жабаев орта мектебіне, Жылыой ауданы Құлсары қаласы №19 орта мектебіне, Индер ауданы Елтай ауылдық округі М.Сиранов атындағы орта мектебіне, Исатай ауданы Аққыстау ауылы мектеп-гимназиясына, Қызылқоға ауданы Сағыз орта мектебіне, Құрманғазы ауданы Жыланды ауылы Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектебіне, Мақат ауданы Сабыр Шарипов атындағы Доссор мектеп интернатына және Махамбет ауданы Д.Төленов атындағы орта мектебіне берілді.
–Біздің мектебімізге облыстық білім беру басқармасынан жаңа автокөліктің кілті табыс етілді. Қуанышымызда шек жоқ. Осы сәтті күткенімізге көп болды. Өйткені, бізге шәкірттер алыс жерлерден қатынайтын. Бар жақсылық пен игілік балаларымызға жасалып жатқанына қуаныштымыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жалпы, «алтын ұямызда» 1200-ге тарта оқушы болса, соның 40-ы 3,8-4 шақырым жерден келеді. Түске дейін екі рейс, түскен кейін екі рейс, түс кезінде мектепалды даярлық тобының шәкірттері тасымалданған еді. Бұған дейін мектебімізге 2017 жылы берілген шағын микроавтобус болды. Мәселен, таңертеңгі ауысымда оқитын балалар таңғы 7-де тұрып, бірінші рейске мінуге мәжбүр еді. Енді олар бір мезетте келе алады,-дейді жалпы білім беретін Береке орта мектебінің директоры Ләззат Бахитова.
Айбөпе САБЫРОВА