Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

ОНЛАЙН ТАПСЫРЫС: Оның күнгейі мен көлеңкесі

Аtr.kz/21 сәуір, 2020 жыл. Карантинге байланысты Атырауда шұғыл шаралар алынып жатыр. Бұған дейін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтатылса, енді азық-түлік сататын базарлар жабылды.

Қазір бөлшектеп сатумен айналысатын дүкендер мен оларды азық-түлікпен қамтамасыз ететін нысандар ғана жұмыс жасауда. Бүгінгі талапқа сай тұрғындар өзі тұратын аумақтағы супермаркеттер мен азық-түлік дүкендеріне, дәріханаларға ғана бара алады. Ал, іздегені тұрғылықты жерден табылмаса немесе дайын ыстық тағамға қажеттілік туындаса сұраныс қалай қамтылады?

Бірі болса, бірі жоқ…

Алдымен, тұрғын үй аумағындағы супермаркет, азық-түлік дүкендерін аралап көрдік. Сауда орындарында іздеген тауарымыздың бірі болса, екіншісі жоқ. Сөрелердегі кейбір өнімдер сұранысымызға сәйкес келмеді. Құзырлы мекеме өкілдеріне хабарласуымызға осы жайлар себепші болды. Сөйтсек, тұрғындарды азықтүлікпен, дайын ыстық тамақпен, дәрідәрмекпен қамту шараларында тиімді нұсқа қолға алыныпты. Бұл – «тапсырыс берушілерге жеткізу» әдісі.

– Шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан «Үйге жеткізіп беру» әдісі бұрыннан да бар. Ал, қазір карантиндік шаралардың күшейтілуіне байланысты онлайн тапсырыс бағытына көшкендер аз емес. Атырау қаласы бойынша мұндай әдіспен ас мәзірін даярлайтын 31 кафе, тез дайындалатын тағамдар ұсынатын 18 кафе, 14 мейрамхана, азық-түлік тауарларын сататын 11 дүкен жұмыс жасауда.

Бұдан басқа, тапсырыстың бұл түрімен 6 дәріхана қызмет етуде. Көрсетілген кәсіп нысандарының ұсынған ең төменгі тапсырыс беру сомасы әртүрлі. Біреулері 2 мың теңгеден жоғары тапсырыс қабылдаса, кейбірлерінде мұндай шектеу көрсетілмеген. Жеткізіп беру де әрқайсында әрқалай. Біреулері тегін апарса, бірқатары бұл қызметті ақылы бағалайды. Мұның барлығы кәсіпкердің өз құзырында, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітов.

Карантин талабы қатаң

Тапсырысты жеткізіп беру әдісінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы маңызды. Әрбір бизнес нысанда санитарлық-дезинфекциялық жағдай күшейтілуі керек. Клиент тапсырысына сай тағам әзірлеуде, сұранысын дайындауда қызметкерлердің бетперде тағып, қорғаныш қолғаптарымен жұмыс жасауы да міндетті шара.

Қолды өңдеу үшін санитайзерлер орнатылуы, дезинфекциялық құралдар қолданылуы, ылғалды тазалау жұмыстары жүргізілуі қажет. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысында нақты жазылған. Сондай-ақ, қаулыға сәйкес «клиентке дейін жеткізіп беру» жұмыс тәртібі сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін рұқсат беріледі. Бүгінде осы қызметті көрсетуде барлық санитарлық талаптар сақталған ба?

– «Sushi panda» кафесіне 5500 теңгеге сушиге тапсырыс бердім. Сыйлық ретінде пицца мен бір литрлік шырынды қоса ұсынды. Тапсырыс берген соң, 30 минуттың ішінде курьер үйге жеткізіп берді. Ақысын онлайн түрде көрсетілген банктік шотқа аудардым. Тағамдар ыдысқа салынған, сырты кортонмен оралыпты. Одан кейін қағаз пакетпен тағы қапталыпты. Курьер бетперде тағып, қорғаныш құралдарын киген. Санитарлық талапты бұзуда ешқандай олқылық байқамадым, — деді Нұрсая мөлтекауданының тұрғыны Ақмарал Иманғали.

Кәсіпкерлер қиындықты қалай еңсеруде?

Онлайн тапсырыс клиенттердің көңілінен шығуда. Олар үшін бәрі ыңғайлы, тағам бағасы да бұрынғыша. Ал, бұл қызмет түрімен кәсіпкерлер дағдарыстық құбылыстарды қаншалықты еңсере алады? Осы орайда бірқатар кәсіп иелеріне де жолықтық.

– Біздің мейрамхана Атырау қаласының сырт аумағында орналасқандықтан, Геолог, Теңдік, Ақсай, Бірлік елді мекендерінің тұрғындары тапсырыс береді. Бүгінгі жағдайда ас мәзіріне өзгерістер енді. Тізімдегі тағам саны қысқартылып, жоғары сұранысқа ие болғаны қалдырылды. Оның ішінде қуырылған балық, манты, қуырдақ, суши және пицца бар. Соңғы аталған екі тағамға тапсырыс берушілердің саны басым. Клиенттерден төлем қолмақол алынбайды. Картаға аударылады. Дайындалған тағамдар бір реттік қолданылатын ыдыстарға салынады, — деді «Анашым» мейрамханасының өкілі Нұрия Қуанышева.

Онлайн тапсырыс бүгінгі күннің қажеттілігінен туып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, қазір көтерме сауда орталықтарындағы баға жоғары. Мәселен, пиццаға қосылатын «Моцарелла» ірімшігінің бір келісі бұрын 2100 теңге болса, қазір оның көтерме бағасы – 2500 теңге. Шығын көбейіп, табыс кемігенімен, мейрамхана иелері жұртшылықтың сұранысын қамтуға ұмтылуда. Олар ас мәзірінде бұрынғы бағаны ұстауда.

«Қанша қиын болса да, қалтаны емес, халықтың жағдайын ойлап отырмыз. Кей кезде күніне екі ғана тапсырыс түссе де, қанағат етеміз. Тапсырыс клиенттерге тегін жеткізіледі» деді сұхбаттасушымыз.

Нұрия Қуанышева коммуналдық ш ы ғ ы н д а р д ы қ о с п а ғ а н д а , қарамағындағы қызметкерлерге жалақы төлеу үшін 800 мың теңге көлемінде қарыз екенін айтып қалды. Олардың жұмысы төтенше жағдайға байланысты уақытша тоқтатылып отыр. Қазір мейрамханада екі аспаз қызмет етуде. Ал, азық-түлікті үйге жеткізушілердің бірі «Қызанақ агро» ЖШС-нің өкілі Асқар Ажғожинов көкөніс саудасымен шұғылданады.

– Бұған дейін өнімдерді «Дина» сауда орталығында саттық. Карантинге байланысты жұмысты толығымен онлайн тапсырысқа ауыстырып отырмыз. Бұрын тек дүкендер тапсырыс берсе, қазір тұрғындар тарапынан да сұраныс артты. Картоптың бір келісі – 150, сәбіз, пияз, капуста, қызылша 130 теңгеден сатылуда, — деді Арман Ажғожинов.

Кәсіп иесінің пікірінше, тапсырысты үйге жеткізіп беру тегін. Жиырма келіден жоғары тапсырыс қабылдауда. Одан төмен тапсырыстар бүгінгі жағдайда шығынды еш өтемейді екен. Ал, өнімді қабымен тұтас алса, оның бір келісінің бағасы 100 теңгемен есептеледі. Барлық санитарлық талаптардың сақталуына мән берілуде. Клиенттерге жету үшін рұқсат қағаздары бар. Сондай-ақ, олар жергілікті еріктілермен бірге аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шараларына атсалысып отыр.

P.S.

Карантин кезінде тұтынушылар үшін барлық жағдай қолға алынуда. Оларға тауар жеткізуші кәсіпкерлерді қолдау бағытында да бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын білдік. Алайда, онлайн тапсырыс кейбір бизнес өкілдеріне тиімді болса, кейбірі үшін шығынға әкеліп соғады. Бұл ретте бүгін әркім өзіне ыңғайлы тетікті табуға талпынуда. Бәлкім бұл арқылы кәсіпкерліктің жаңа бағыттарына, тың дүниелерге жол ашылып, жұмыстың жаңа қырлары қолға алынуы әбден мүмкін. Ең бастысы, қауіпті індетте сақтық шаралары қатаң сақталуы маңызды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сіз не дейсіз?

Абдолла ИДРЕСОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы:

– Жеткізіп беру әдісіне көшкен кәсіпкерлерге қатысты мәселелер бар. Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасына шағын және орта бизнес иелері тарапынан 800-ден аса проблемалық сұрақ түсті. Оның ішінде бірқатарының шағымы несиелік төлемдерді кейінгі қалдыруды, салықтық жеңілдіктер туралы, жалдамалық төлемдерді төмендету және жұмыстан босатылған қызметкерлерге жәрдемақы төлеуге байланысты.

Екінші деңгейлі банктерге несиесін кейінге қалдыру бойынша 804 кәсіпкер өтініш жасады. Оның ішінде 2,6 млрд. теңге сомасындағы 228 арызға келісім берілді. Кейінге қалдыру мерзімі үш айға ұсынылды. Коммуналдық төлемдер бойынша кейінге қалдыру мерзіміне 67 кәсіпкер өтініш беріп, 53,5 млн. теңге сомасында мақұлданды. Кәсіпкерлерден төтенше жағдай кезінде келіп түскен барлық кейінге қалдыру төлемі қабылданады. Арыздар онлайн түрде жазылады.

Тұтынылған электроэнергия үшін төлемдер әдеттегі режимде қойылады. Бұл кезеңде коммуналдық қарызы бар тұтынушыларды қуат көздерінен айырып, өсімпұл, айыппұл алу көзделмейді. «Арнаулы автобаза» ЖШС 148 абонентке 6,3 млн. теңгенің кейінге төлеу мерзімін берді. Қазір ірі сауда орталықтары мен базарлардың басшыларымен жалға алушыларды жалдау ақысынан үш ай мерзімге босату мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Ірі сауда орталықтарының иелерімен кездесіп, келісу нәтижесінде «Өнерпаз» сауда үйінің басшылығы барлық кәсіп иелеріне жалдау ақысын 50 пайызға дейін қысқарту туралы шешім қабылдады. «Дина», «Насиха» сауда үйлері кәсіп иесі тарапынан арыз түскен жағдайда, олардың жалдау ақысын үш айға дейін шегеру жөнінде жеке шешім қабылдауға дайын.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button