ӨНЕГЕ ӨЗІМІЗДЕН БОЛСА…
Белгілі болғанындай, сала мамандарына қатысты қылмыстық іс көрсеткіштері алдыңғы жылдармен салыстырғанда біраз артқан. 2013 жылы 32 қылмыстық іс қозғалса, оның ішінде 10 қылмыс сыбайлас жемқорлыққа қатысты болып отыр. Қалғаны лауазымды өкілеттіктерін теріс және асыра пайдалану, алаяқтық сияқты қылмыстар.
Ал, биылғы жылдың бірінші тоқсанында полиция қызметкерлеріне қатысты пара берудің екі фактісі анықталған. Облыс орталығындағы бір бейнабақылау полиция лейтенантына хаттама толтырмауы үшін 2000 теңге пара бергенін анықтап, ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Дәл осындай жағдай Исатай ауданында да тіркелген.
Сала қызметкерлерімен жіберілген мұндай теріс қылықтар бойынша құзырлы орынға жеке және заңды тұлғалардан 147 арыз-шағым түскен. Тексеру нәтижесінде 58 шағым сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестріне тіркеліп, 30-ы өндірістен қысқартылды. Теріс қылығы үшін бір қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қалған арыздар бойынша кінәлі қызметкерлерге тиісті әкімшілік және тәртіптік шара қолдану үшін құжаттары тексеріс үстінде.
Бұл жайларды мәлімдеген облыстық Ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы, полиция полковнигі Сембай Жапақовтың айтуынша, рейдтік шаралар барысында жол патрульдік полициясы батальоны қызметкерлерінің азаматтармен қарым-қатынаста дөрекілік көрсетуі бойынша да түсетін арыздар аз емес. «Мұндай жағдайлар кейбір сала қызметкерлерінің құқықтық мәдениетінің төмендігінен орын алып жатыр» деп түсіндірді аталған басқарманың басшысы.
Жиынға төрағалық еткен қоғамдық кеңестің төрағасы Бейбіт Мамраев полицияның өкілетті өкілдеріне тәртіп пен заңдылықты нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жұмыстарды одан әрі жандандыруды ұсынды.
Алтыншаш Нәсіпқалиқызы.