Жарнама
Жаңалықтар

«ӨМІРЗАЯ» АДАСҚАНҒА АҚЫЛ БЕРЕДІ

Фильмнің тұсаукесер салтанатының алдында аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатында бүгінгідей діни жат ағымдар көрініс берген қоғам үшін аса қажетті туындының жарық көруіне аймақ басшылары көңіл бөліп, қолдау көрсеткендігі жайында айтылды. Онда сөз алған Атырау облыстық дін істер басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай бір ай мерзім ішінде тәрбиелік мәні зор тың көркем фильмді түсірген режиссер мен әртістерге, операторға, фильмнің сапалы шығуына атсалысқан өзге де азаматтарға алғысын білдірді.

«Бұл ойдан шығара салған дүние емес, шынайы өмірдің өзінен алынған. Дәстүрлі Ислам дінімізді бұрмалап, жастарымыздың болашағына балта шапқысы келетіндермен күрестің жаңа әдісі. Кино  мен театрдағы қойылым арқылы тәрбиелік ықпал нәтижелі болады. Фильмді көрсету арқылы,    ұрпақтың діни сауатын ашу шынымен де таптырмас тәсіл болды. Бұдан бұрынғы «Хақ жолы» қойылымы да көпшіліктің көңілінен шығып, еліміздің өзге де облыстарына көрсетілген болатын, сол секілді «Өмірзая» да көрермен жүрегіне жол табады деп сенеміз», — деді ол.

Фильмнің режиссері «Қазақстан — Атырау» телерадиокомпаниясы облыстық филиалының директоры Асқар Әшімов болса, әртістердің дені –  жергілікті Махамбет атындағы драма театрының қызметкерлері. Олардың ішінде Сәбит Қожабеков, Қанат Ізет, Айнагүл Мұхтарова, Алтынбек Құрмановтарды ерекше атап өтуге болады. Бұрын спектакльдерде танылып жүрген олар фильмде де өздерінің кәсіби дәрежелерін көрсете білді. Сондай-ақ, бұл фильмде Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының әртісі Нартай Сәрсебаев басты рөлдердің бірін сомдайды. Ал, сценарий авторы – «Қазақстан — Атырау» телекомпаниясының журналисі  Нұрберген Мақым.

 «Өмірзая» көркем фильміндегі Рахым рөліндегі Алтынбек Құрманов пен Әсет болып ойнаған Қанат Ізет жас та болса бірі дініміздің тура бағытын, бірі діни жат ағымның ұстанымын көрерменге жеткізе білді. Рахымның атасын сомдаған Махамбет атындағы қазақ драма театрының әртісі, Мәдениет қайраткері Сәбит Қожабеков өмірден түйгені мол нағыз кәсіби әртіс екендігін тағы бір мәрте көрсетті. Жалпы, мұнда дәстүрлі емес діни ағымдардың кесірінен болып жатқан трагедиямен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылықтарымыз көрініс тапқан.

Фильмнің қысқаша нұсқасын тамашалаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев «Өмірзая» көркем фильміне атсалысқан біртоп азаматтарға облыс әкімінің атынан Алғыс хат табыс етті. Фильмнің толық нұсқасы алдағы уақыттарда жергілікті «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан көрсетілетін болады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button