ӨЛКЕДЕГІ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР ӨРНЕГІ
Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов аймақта Елбасы белгілеген басымдықтарға сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті. Облыста соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 9 554-тен 16 061-ге артып, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кейін Атырау туу көрсеткіші бойынша республикада алғашқы үштікке енген. Ал, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мақсатында 2012 жылдан күні бүгінге дейін 94 мектепке дейінгі ұйым іске қосылып, 7 360 орын ашылды. Оның ішінде биылғы жылдың 9 айында жалпы қуаты 1 635 орындық 12 балабақша іске қосылды. Жыл соңына дейін 1 780 орындық 7 балабақша пайдалануға беріледі.
— Бүгінде облыс бойынша 18 495 бала балабақша кезегінде тұр. Олардың тек 4 200-і ғана – 3-6 жастағы балалар. Қалғандары – жаңа туылған сәбиден 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Елбасы 2020 жылға дейін 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы жылдың соңында 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 87,6 пайызға өседі. Келесі жылы бұл көрсеткіш 88 пайызға жетпекші.
Облыста мектеп оқушыларының саны жылдан-жылға артып келеді. Жаңа оқу жылында 100 мыңға жуық бала мектепке келді.
Сұранысқа сәйкес, соңғы екі жылда 2 886 орындық 8 мектеп іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 3 мектеп пайдалануға беріледі. Келер жылы 2 648 орындық 13 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр облыста 11 апатты мектеп болған. 3 апатты мектептің орнына жаңа ғимараттар салынды. Жыл соңына дейін тағы 2 мектеп жаңа ғимаратпен алмастырылады. Қалған 6 мектеп пайдалануға келер жылы беріледі — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Облыстағы экономикалық белсенді халықтың 95,1 пайызы жұмыспен қамтылған. Атырау — мұнайлы өлке болғанымен, олардың 11 пайызы ғана мұнай-газ саласында қызмет етеді. Сондықтан, жұмыссыздық мәселесінде мемлекеттік бағдарламалардың орны ерекше екендігін атап өткен аймақ басшысы мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылатын жұмыс орындары 1900-ден 5 мыңға жуықтап көбейгенін жеткізді.
Жыл аяғына дейін Индустрияландыру бағдарламасымен жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 446 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Осы ақпараттарды журналистерге жеткізген облыс әкімі баяндамасы барысында кейбір жобаларға тоқталып кеткенді жөн көрді.
— Бұрын бұрғылау қашаулары облысқа шеттен әкелінетін, — деді Б.Ізмұхамбетов. — Биыл іске қосылған «Жігермұнайсервис» ЖШС-нің жоғары технологиялық өндірісі ішкі сұраныстың үштен бірін өтейді. Өндірістегі орташа еңбек өнімділігі – 99,7 мың АҚШ доллары.
Келесі жоба — Тұрғын үй құрылысы комбинаты. Ол жылына 150 мың текше метр темір бетон бұйымдарын және 50 мың шаршы метр тұрғын үй бұйымдарын шығарады. Бұл кәсіпорындағы орташа еңбек өнімділігі — 14 мың АҚШ доллары. Тағы бір жоба – жылына 12 мың тонна ірі габаритті және аса ауыр металл құрылымдарын жинақтайтын кәсіпорын. Кәсіпорындағы жан басына шаққандағы еңбек өнімділігі — 26,6 мың АҚШ доллары.
Кейін облыс басшысы мемлекеттік қамқорлықты қажет ететін әлеуметтік топтарды қолдау бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, мүгедектердің өмір сүру сапасы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жылдан-жылға қаржыландыру көлемі артып келеді. Ағымдағы жылға мүгедектерді әлеуметтік қорғау бағдарламасына 284,1 млн. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көбейді.
Бұдан кейін аймақ басшысы тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының орындалысы туралы айтып өтті. Биыл аталған бағдарлама мен жергілікті бюджет есебінен 2 738 пәтерлік 118 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның ішінде жыл соңына дейін 2 148 пәтерлік 37 үйді тапсыру жоспарланған. Олардың алтауы қазірдің өзінде беріліп қойды. Егер биыл жыл басынан бері жас отбасыларға 234 пәтер берілсе, жыл соңына дейін тағы 180 отбасы баспаналы болады.
Инфрақұрылымдық жобаларға да тоқталған облыс әкімі «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында облыста барлығы 98 сумен қамту нысанының құрылысы жүріп жатқанын мәлім етті. Оның 25-і пайдалануға берілді. Алпыс нысанды жыл аяғына дейін тапсыру жоспарланған, қалған 13 нысан келер жылы іске қосылмақшы. Нәтижесінде, облыс елді мекендерінің орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткішін екі жылда 54 пайыздан жыл соңында 73 пайызға, 2015 жылы 78 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Облыста көлік инфрақұрылымына республикалық және облыс бюджеті есебінен бөлінетін қаржы биыл өсіп, 22 млрд. теңгеге жуықтады. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы облыста 191 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Өңірде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2 жылда 30 пайыздан 42 пайызға дейін артып отыр. Облыста ерекше атап өтетін жобалар — бұл Жайық өзенінің сол жағалауындағы 170 шақырымдық «Атырау-Индер» автокөлік жолының қазіргі таңда 135 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Толықтай аяқтап, қолданысқа беру келесі жылға жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, биыл облыстық бюджеттен қаржы қарастырып, Махамбет селосында Жайық өзені арқылы өтетін ұзындығы 660 метрлік көпір құрылысы басталып кетті, — деді әкім.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қаржы соңғы екі жылда төрт есеге өсіп, 17,6 млрд.теңгеге жетті. Бұл салада 10 жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі — 4 құс фермасы. Келер жылы пайдалануға берілген уақытта облыс тұрғындары жергілікті құс етімен 100 пайызға, жұмыртқамен 86 пайызға қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, екі тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Оның бірі сиыр сүті мен өнімдерін шығарады. Ол жыл басынан бері 400 тоннадан астам өнім берді. Екіншісі – ешкі сүті фермасы қазіргі таңда 15 түрлі сүт өнімдерін шығарып, халыққа ұсынуда. Биыл іске қосылған ет өнімдерін дайындайтын кәсіпорын жылына 12,6 млн.дана консервіленген ет өндіреді.
Сондай-ақ, облыс әкімі жылына 100 тонна бекіре тұқымдас балық және бір тонна уылдырық беретін тауарлы-бекіре фермасы күз айларында іске қосылғанын және алғашқы кезеңде 100 тонна түйе мен 350 тонна қой жүндерін өңдейтін, кейін екінші кезеңде киімдер шығаратын фабриканың құрылысы басталғанынан хабардар етті. Бұған қоса, көкөніс өнімдерінен жылына 25 мың құты және 530 тонна салат дайындайтын өндіріс ашу қолға алынып, оның құрылысы қыркүйек айында басталған болатын.
— Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 50 млрд.теңгеден асады деп күтілуде. Соңғы екі жылда егістік алқабы 357 гектардан 3 554 гектарға дейін немесе 10 есеге өсіп, тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері – картоппен 54 пайызға, көкөністермен – сәбіз, пияз, қырыққабат және қызылшамен 120 пайызға жергілікті өніммен қамтылып отыр. Тамшылатып суару 413 гектардан 1 100 гектарға немесе 2,7 есеге өсті. Дәстүрлі тәсілмен гектарынан 10-12 тонна картоп жиналса, тамшылатып суару арқылы 40-50 тонна өнім алынуда. Пияз 25 тонна болса, жаңа технологиямен 80-100 тонна жиналады, — деді облыс әкімі.
Халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін мәдениет және спорт нысандарын көбейту мәселесі де назардан тыс қалмай келеді. Әсіресе, ауылдық мәдениет үйлеріне көп көңіл бөлінуде. Биыл жаңадан салынған 1 ауылдық мәдениет үйі іске қосылды. 4 мәдениет үйінің құрылысы басталып жатыр, ал, 9-ының құжаттары жасақталуда.
Спорт саласына бөлініп жатқан қаражат та, инвестиция көлемі де өсу үстінде. Биыл жергілікті бюджеттен спортты дамытуға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға, бұқаралық спортты дамытуға бөлінген қаржы 8 пайызға артты. Соның нәтижесінде, соңғы екі жылда алты спорт кешені ашылды, жыл аяғына дейін тағы 3 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Әңгіменің орайы келгенде облыс басшысы адамның өмір жасын ұзарта түсу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
— Соңғы үш жылда облыста қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші 26 пайызға, 100 мың тұрғынға шаққанда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 22 пайызға, қатерлі ісіктен өлім көрсеткіші 1,4 пайызға төмендеп отыр, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы орталықтан түскен тапсырмалар мен өңір тұрғындарының тілегінен туындаған сұрақтар аймақта рет-ретімен шешіліп жатқандығын, бұл бағытта жұмыстар алға қарай да жалғасын таба беретіндігін жеткізді.
Баспасөз мәслихаты соңы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға ұласып, облыс басшысы оларға тұшымды жауап қайтарды.
КӨКЕЙДЕГІ КӨП САУАЛ
Сұрақ: — Атырау-Астрахан тас жолы бойы әбден тозығы жетті. Қырық жамау күре жолдың жөнделмегені транзиттік жүк тасымалын тығырыққа тіреп отыр. Республикалық маңызы бар тас жолына қашан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі?
Жауап: — Иә, 277 шақырымға созылып жатқан Атырау-Астрахан бағытындағы тас жолының күйі кеткені соншалық, көліктердің қалыпты қозғалысына да кедергі келтіруде. Биыл кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, толығымен қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алу керек. Ол үшін жаңадан жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау қажет. Атырау облысының әкімдігі бұл мәселе жөнінде салалық министрліктермен байланысып отыр, жөндеу жұмыстары 2015-2017 жылдарға жоспарланып отыр.
Сұрақ: — «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде Құлсары қаласын дамыту, көркейту бағытында қандай шаралар қолға алынуда?
Жауап: — Бұл бағытта өткен жылы кешенді жоспар дайындалып, 2012-2013 жылдары 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржының басым бөлігі жылу жүйелерін ауыстыруға жұмсалды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді қолдау шаралары қолға алынды. Ал, биыл 1 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде, автомобиль жолдарын жөндеуге баса назар аударылды. Инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі де басты назарда келеді.
Сұрақ: — Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады?
Жауап: — Өздеріңізге белгілі Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты қайта құру үдерісінен өтіп жатыр. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту екі кезеңнен тұрады. Соның алғашқы кезеңі «Хош иісті көмірсутектерді өндіру бойынша кешен құрылысы» биыл аяқталады. Ал, екінші кезең «Мұнайды тереңдете өңдеу кешенінің құрылысы» 2016 жылдың соңына қарай тәмамдалмақ.
Атырау облысында жанар-жағармай тапшылығын болжап отырған жоқпыз. Жоғары октанды бензинмен қамтамасыз етілу Үкіметтің қадағалауында.
Сұрақ: — Атырау облысының экономикасы тікелей мұнай мен газға байланысты. Осы орайда, табыстың басқа көзі табылды ма, әлде облыс әлі күнге дейін табиғи ресурстарға тәуелді болып отыр ма?
Жауап: — Мұнай мен газ саласынан келетін табыс облыстық бюджетке түспейді. Ол түгелімен республикалық бюджет пен Ұлттық қорға аударылады. Біздің бюджетіміздің биылғы көлемінің 135 миллиард теңгесі салықтан түсіп отыр. Атап айтсақ, бұл жеке адамдардың әлеуметтік салығы, жылжымайтын мүліктерге салынатын салық және қоршаған ортаға инвестициядан салынатын қаржы. Ал, басқа бөлігі салыққа кірмейтін, жылжымайтын мүліктерді сату, мұнай саласында қызмет ететін кәсіпкерлердің әлеуметтік төлемақыларынан түседі. Сондай-ақ, жыл соңында қалатын қаржы бар. Мәселен, өткен жылы 11 миллиард теңгедей қаржы қалды.
Облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан жобалардан түсетін табыс та бар. Тек ауыл шаруашылығының өзінен екі-үш айдың ішінде бес жарым миллиард теңгенің қосымша көлемін алғалы отырмыз. Бұған қоса, аймақта тұрғын үй құрылысының көлемі де айтарлықтай. Осылардың барлығы біздің облыс бюджетін құрап отыр.
Сұрақ: — Атырау – мұнайлы астанамыз. Өзіңіз баяндамаңызда орташа жалақының 200 мың теңгеден асатыны жөнінде айтып өттіңіз. Бұл енді мұнай саласына қатысты екені белгілі. Алайда, халықтың көбі ауылда тұрады. Олардың орташа жалақысы бар болғаны 42 мың теңге көлемінде екен. Елбасының өзі Атырауға сапары барысында осы мәселеге назар аударуды тапсырған болатын. Ауыл халқының жалақысын көтеруге ықпал ете аласыз ба?
Жауап: — Дүние жүзінің барлық елдерінде осындай жағдай бар. Өндіріс саласында жұмыс жасайтын адамдар мен ауыл шаруашылығында қызмет ететіндердің жалақысында үлкен айырмашылық байқалады. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосып жүрген азаматтарға мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Мәселен, «қара алтынды» өндіру, өңдеу, тасымалдау бағытында жұмыс жасайтындар тек өзінің жалақысын ғана алады. Ал, ауыл шаруашылығы мамандары өздерінің еңбекақыларынан бөлек Үкімет оларға субсидия бөледі. Мысалы, алма ағашының бір гектарына 500 мың теңге субсидия төленеді. Егін егуге пайдаланылатын судың да 80 пайызына субсидия төленеді, кәсіпкер тек 20 пайызын ғана өз қалтасынан шығарады. Бұл – таза табыс көзі. Сонымен қатар, егін еккен адам өз өнімінен жыл бойына азықпен қамтамасыз етіледі. Сондықтан, олардың жалақысы мұнайшылардан аз болғанымен, мемлекеттің қолдауы арқылы ауыл шаруашылығы саласында табыс табуға көбінің қызығушылығы жоғары.
Сұрақ: — Оқу жылы қарсаңында жыл сайын оқулыққа қыруар қаржы бөлінгенімен, облыста оқулық тапшылығы байқалады. Осы мәселе жөнінде айтып өтсеңіз…
Жауап: — Бүгінде Атырау облысында оқулыққа деген тапшылық жоқ. Біз биыл барлық оқулықтарды 100 пайыз алдық. Мен мұны толық сеніммен айта аламын. Оқу жылының басында да болған емес. Барлық мектеп кітапханаларына оқулықтар жеткізілді. Ал, қалталы азаматтар кезекте тұрып кітап алып, оны оқу жылының соңында қайтадан тапсырып жүрмес үшін, балаларына оқулықтарды кітап дүкендерінен сатып алып беруде.
Сұрақ: — Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы! Білуімізше, Атырауда Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мемориалдық ескерткіш ашу мәселесі әлі де шешілмей келеді. Бұл Ауған соғысының 500-ге тарта ардагерінің де наразылықтарын тудыруда. Осы мәселе жөнінде не айтар едіңіз?
Жауап: — Сұрағыңызға рахмет! Иә, бұл мәселе 2007 жылдан бері қозғалғанымен, толық деңгейде шешіле қойған жоқ. Сол кезде мердігерлер қаржылық заң бұзушылыққа байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Облыстық ардагерлер кеңесінің сұрауы бойынша басталған құрылысты аяқтау жұмыстарын қолға алудамыз.
Сұрақ: — Облыста денсаулық сақтау саласындағы кәсіби білікті мамандардың жетіспеушілігі қалай шешімін табуда?
Жауап: — Бұл бағытта өзге облыстар мен республикалық клиникалардан білікті дәрігерлер шақыртылуда. Мәселен, соңғы үш жылда 53 білікті және 140 жас дәрігер шақыртумен келді. Және оларды тұрақтандыру мақсатында қызметтік баспанамен де қамтамасыз етудеміз. Соңғы бес жылда медицина саласының 430 маманына бюджеттік бағдарлама бойынша пәтер кілттері табыс етілді. Ал, аудандарда амбулаториялар жанынан дәрігерлерге арналып үйлер салынуда. Сонымен қатар, аз қамтылған және бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің отбасынан шыққан балаларды арыздары бойынша медициналық жоғары оқу орындарында оқыту қолға алынды. Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 30 студенттің оқу ақысы демеушілер көмегімен төленді. Бүгінгі күні 274 атыраулық студент медициналық жоғары оқу орындарында білім алуда. Диплом алғасын олар облыста қызмет атқаратын болады.
Сұрақ: — «Ғасыр жобасы» атанған «Қашағанның» бүгінгі жай-күйі қандай? Және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолға алған жобасы жөнінде айтып өтсеңіз…
Жауап: — Облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарының тезірек аяқталуы үшін жұмыстануда.Зауытқа дейін, орталыққа дейін тұрбалар ауыстырылуы тиіс. Теңіздің терең емес, батпақты жерлеріндегі тұрбаларды ауыстыру үшін аяз түсіп, қыс болғанын күту керек. Жер қатпаса, ешқандай техника бара алмайды. Сондықтан, биыл осы қысты күтіп отырмыз. Бұл жұмыстар қыстың ұзақтығына байланысты жүргізілетін болады.
Ал, «Теңізшевройлдың» «Болашақ» кеңейтілген жобасы бойынша үлкен жұмыстар іске аспақшы. Мәселен, Қашағанның мұнайы мен газын дайындайтын орталықтан Қарабатаннан қалаға дейін үлкен көлемде ағаш көшеттерін отырғызу қарастырылып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімдігімен және экологияны қорғау қызметкерлерімен келісілген.
Сұрақ: — Жайық өзенінің арнасы жылдан-жылға тарылып бара жатқаны жасырын емес. Осы мәселені шешу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
Жауап: — Жайық өзені бастауын Ресей Федерациясынан алатын трансшекаралық өзен саналады. Жайықтың тайыздануы, негізінен, климаттық жағдайға байланысты. Соңғы үш-бес жылда түсетін қар көлемі азайып кетті. Соған байланысты көктемгі су келуі де азайды. Экологиялық жағдайымызды сақтау, балық шаруашылығына зиян келтірмеу мақсатында тереңдетіп қазу жұмыстары жүргізілуде.
Бірнеше мәрте Ресей мен Қазақстан ғалымдарының басқосуы өтіп, осы мәселе кеңінен талқыға түскен болатын.
Сұрақ: — Форум қарсаңында Атырау қаласының орталық көшелері күрделі жөндеуден өтті. Бірақ, қаланың шетінде орналасқан мөлтекаудандардың көшелеріне жол неге салынбаған?
Жауап: — Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Президенттерінің қатысуымен өткен ХІ аймақаралық ынтықмақтастық форумына орай әуежай бағытындағы автокөлік жолы мен әуежай ғимараты алдындағы алаңды қайта жаңғырту және 11 нысанды (Сәтбаев, Азаттық, Махамбет, Пушкин, Абай, Байтұрсынов көшелері және Исатай-Махамбет, облыстық, қалалық әкімдік, «Атырау» мәдениет орталығы, М.Өтемісов атындағы драма театр алдындағы алаңдарды) орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда Атырау қаласындағы 72 көшені және селолық округтердегі 134 көшені күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып тұр.
Бұдан басқа Атырау қаласындағы 6 және селолық округтердегі 11 көшені күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жыл аяғына дейін жасақталатын болады.
Осыған орай, жоғарыда аталған жобалық-сметалық құжаттары жасақталған көшелерге 2015 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қаралатын болады.
Сұрақ: — Осыдан бірер жыл бұрын дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар Атырауда жарылыстар ұйымдастырған болатын. Мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында қандай шаралар жүргізілуде?
Жауап: — Қазіргі таңда осы мәселенің алдын алу үшін жұмыстанып жатырмыз. Жастармен жиі кездесулер ұйымдастырылуда. Арнайы білікті теолог мамандар шақыртылып, діни сауаттылықты арттыру мақсатында түсінік жұмыстарын жүргізуде.
Биылдан бастап Атырау мешіттерінде жұма хұтпасы қазақ тілінде оқыла бастады. Сондай-ақ, діни тақырыпты кеңінен ашқан алғашқы драма туындысы «Хақ жолы» жастарға көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, осы бағытта бір жылдың ішінде бес сайт аштық. Имамдардың біліктіліктерін арттыруды да қолға алудамыз. Мәселен, 17 атыраулық азаматты теологтық оқу орындарына жібердік. Оның ішінде, екеуі Ливанда дәріс алуда.
Брифингтен материалды дайындаған Айгүл ЕРТІЛЕУ.