ОЛАР ҚОҒАМНАН ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ
Көру мүмкіндігі шектеулі, жазмыштың жазуымен жанарынан айырылған зағип жандар облысымызда аз емес. Десек те осынау тағдыр тауқыметі олардың өмірге деген құштарлығын, ерік-жігерін жасыта алмады. Олар үйде отырып қалмай, қоғамдық шараларға да белсене қатысып, әрқашан қайсарлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бүгін Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген тұсауын кескен «Ақниет» қоғамдық бірлестігі де осындай жандарға қызмет етпек.
-Қазіргі кезде үйде жападан жалғыз отырып қалған зағип жандар көп. Сондай азаматтарға рухани және материалдық жағынан көмек көрсету осы қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты болып отыр. Аталған ұйымда еріктілер де қызмет етеді. Олар арбаға таңылған азаматтарды діттеген жеріне жеткізіп, мекемелердің жоғарғы қабаттарына көтерілуіне жәрдемдеседі. Ұйымның басшысы, әрі ашылуына ұйтқы болған азамат Асхат Кариннің еңбегі зор. Бұл азамат мүмкіндігі шектеулі жандардың үнемі хәл-жағдайымен бөлісіп, олардың әлеуметтік жағдайларын шешу үшін ылғи табан тоздырып жүреді, — дейді аталған ұйымның мүшесі Ғалия Қанатова.
Атаулы шара барысында көрісу күніне орай бесікке салу, тұсаукесер сынды салт-дәстүрлерден көріністер қойылды.
Диас ТАРАСҰЛЫ