ОЛАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Атаулы рәсімді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова ашты:
— Ауған соғысы әкелген қасірет қанша жыл өтсе де ұмытылмайды. Талай ана жесір атанып, балалар жетім қалды. Ал, еліне аман-есен оралғандары бүгінде ұрпақ өсіріп, ұлтжандылықтың үлгісін көрсетуде. Ер есімі – ел есінде. Өткен тарихын өнеге тұтқан халық қана мәңгілік елге айналмақ, — деді ол.
Осыдан кейін Балықшы аймақтық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Ғабдолла сөз алды.
— Бұл әділетсіз соғыс болды. Сол кезде Алматы секілді өзге қалаларда оқып жүрген атыраулық жастарды да ата-анасының рұқсатынсыз Ауған жеріне әкетіп жатты. Ұлының қу сүйегін құшақтап, қайғыдан қан жұтқан әке-шешені талай көрдік. Сондықтан, Ауған соғысы ардагерлері кешкен қайғы-қасірет Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тең деп санаймын. Сөзіме дәлел ретінде, қаламыздағы Абай атындағы мектептің бір түлегі Батыр атағын алғанын еске салғым келеді, — деді ол.
Ал, Ауған соғысының ардагері Толыбай Шәкіров жүрегінен шыққан жыр жолдарын арнады.
— Алдағы уақытта қаламызда өз патриоттық клубымызды ашқымыз келеді. Өткен жылы қайтыс болды деп жүрген бір азаматымыздың дерегі табылып, оның Ауғанстанда тұрып жатқаны анықталды. Осындай тағы бір азамат қазір арнайы экспедиция арқылы іздестірілуде. Биыл атыраулық Ауған ардагерлері кеңесінің жаңа кеңсесін ашу жоспарлануда, — дейді облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ, аталмыш рәсімге отызға жуық оқушы мен студент қатынасты. Олардың бірі, №30 мектептің оқушысы Жанна Тасқынбаева ата-баба рухына тағзым ету үшін келгенін айтады. «Жастарға ел тарихын тек ауызша түрде ғана емес, өткенге саяхат жасау арқылы да жеткізе білуіміз керек» дейді «Жауынгерлер туралы естеліктер» саяхатын ұйымдастырушы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы Жаннат Жетпісбаева.
Одан әрі шара Құрманғазы мәдениет сарайында жалғасты. Онда қала әкімі Нұрлыбек Ожаев оннан астам Ауған соғысы ардагерлеріне Б.Момышұлы, Т.Бегелдинов, С.Нұрмағамбетов атындағы және «Намыс», «Сауап» мемлекеттік медальдарымен марапаттады. Қазақ-түрік лицейі мен Атырау бизнес және құқық колледжінде жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, еліміздің Қарулы күштер мәртебесін арттыру мақсатында акция өткізілді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген А.Мутигуллин.