
Ойыл өзенінің су деңгейі бақылауда
Бүгін Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Айдынғалиұлы мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ратбек Демеуберген іссапармен Ақтөбе облысының Ойыл ауданына атбасын тіреді. Сапардың басты мақсаты – Ойыл өзеніндегі су деңгейін бақылап, жағдайдың мән-жайына көз жеткізу.

Өзен деңгейі қалыпты десек те…
Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанас Қожырбаевтың хабарлауынша, Ақтөбе облысы Ойыл ауданының төтенше жағдайлар қызметі өзендегі су мөлшері өткен жылмен салыстырғанда төмен екенін және қазір тасқын қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Су өз арнасымен бірқалыпты ағып жатыр. Дегенмен, табиғаттың тосын мінезін ескерген мамандар ахуалды тәулік бойы бақылауда ұстап, қажетті барлық сақтық шарасын қолға алды.

-Іссапар барысында жауапты мамандар Ойыл ауданына қарасты Құрман және Шұбарши елді мекендеріне барып, өзеннің жай-күйімен танысты. Арнаның жағдайы жіті тексеріліп, су тасқынына қарсы сақтық шаралары пысықталды. Өзен бойындағы жағдай тұрақты болғанымен жауапты мекеме өкілдері кез келген ықтимал жағдайға дайын болу үшін қажетті шараларды қолға алып жатыр, — дейді Жанас Қожырбаев.
Қызылқоғаға қауіп бар ма?
Қызылқоға ауданында да жағдай бақылауда. Аудан іргесіндегі Ойыл өзенінің деңгейі 2,5 метрге дейін көтерілгенімен, су өз арнасымен ағып жатыр. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік өкілдері кез келген өзгеріске дайын болу үшін алдын алу жұмыстарын күшейтуде.

-Қазір Қызылқоға ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Кенен» көпірі маңында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің командалық-штабтық көлігі тәулік бойы бақылау жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының №5546 әскери бөлімінен 60 жауынгер және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 34 маманы жұмылдырылған. Сарбаздар мен құтқарушылар бүгінгі күнге дейін 13 050 қапқа құм толтырып, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді Ж.Қожырбаев.
Айта кету керек, көктемгі су тасқынына байланысты жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажет болған жағдайда шұғыл әрекет ету жоспары да жасақталды. Ал су тасқынының қаупін болдырмау үшін бақылау жұмыстары үздіксіз жалғасуда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА