Өзен суы Индерде төмендей бастады
Жайық өзенің деңгейі Индербор кентіндегі гидропостта бір тәулікте 2 сантиметрге төмендеді. Қазір жалпы деңгейі 1039 сантиметрді көрсетті. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мамандары мәлімдеді.
Олардың ақпаратына сүйенсек, Махамбет кенті тұсында өзен суы 8 сантиметрге көтеріліп, жалпы деңгейі 988 сантиметрді құрады. Қауіпті деңгейден 138 сантиметрге көп. Ал Атырау қаласындағы гидро бекетте су көлемі 2 сантиметрге артып, 553 сантиметрге жетті. Мұнда қауіпті деңгейден 3 сантиметрге артық. Иректі су қоймасынан секундына 141 текше метр су төгілуде.
Айта кетейік, Жем өзені бойынша су деңгейі өзгеріссіз. Ал Қиғаш өзенінің суы Шортанбай ауылы тұсында — 5 см, Котяевкада 2 сантиметрге азайды. Ганюшкино ауылындағы гидропостта су деңгейі бірқалыпты.
Малика ТӘКЕЖАНҚЫЗЫ