Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

Өзекті! Жылыойлықтар қалдық өндірісін көшіруді талап етуде: «Эко-Техникс» үнсіз отыр

Жылыойлықтарды жиі мазалап жүрген жайдың бірі – Құлсары қаласынан Бейнеу бағытына қарай 7 шақырым қашықтықтағы «Эко-Техникс» ЖШСнің жұмысына қатысты. Мұнда өндірілген мұнайдан шыққан зиянды қалдықтар төгіліп, өндірістік мақсатта қайта өңдеуден өткізіледі.

Жалпы аумағы 8 гектар жерде 10 жылдан бері негізінен «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз» компанияларының кен алаңдары мен Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік құрылымдарынан «қара алтын» қалдықтары қабылданып, түрлі технологиялардың көмегімен өңделеді. Алайда, қалдықты арнаулы пеште жаққанда одан қолқаны қабар жағымсыз иіс ауаға тарайды, қоршаған ортаға айтарлықтай залалын тигізеді. Тұрғындардың реніші де осыдан туындап отыр. Соңғы бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан өрескелдік жергілікті халықтың титығына жетіп, ақыры олар зиянды өндірісті басқа жерге көшіруді талап етті.

Тұрғындардың орынды наразылығын құзырлы құрылымдардың қаперіне жеткізу үшін қоғам белсенділерінен (оның ішінде үкіметтік емес ұйым мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, «Жылыой – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері бар) құрылған топ жақында бұған тағы да тоқталды. Аудан әкімдігінде өткізілген басқосуға «ЭкоТехникс» ЖШС-нің басшылығы мен облыстық экология департаментінің жауапты қызметкерлері шақырылды. Алайда, кездесуге серіктестіктің директоры М.Титов келмей, компания өкілін ғана жіберген. Сол себепті мәселе біржақты қаралып, тұрғындар сауалы тағы да жауапсыз қалды.

Халел ЖАМАЛОВ, Жылыой ауданының әкімі:

Шынында да, жел оңтүстік-шығыстан соққанда жағымсыз иістің еркін тыныстап, демалуға мүмкіндік бермейтінін жасырмау керек. Мұны Құлс ары қаласындағы 1 ауыл тұрғындары жақсы сезінеді. Бұл жерде халықтың талабы – мұнайдан шыққан лас қалдықты төгетін алаңды басқа жерге, ең болмағанда 15-20 шақырым қашықтыққа көшіру. Сосын ластанып, бүлінген жерді тазартып, қоршаған ортаға залалы тимейтіндей жағдайға жеткізу. Мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келеді.

Әйтсе де, шешімін тауып, нүктесі қойылмай келеді. Басты себептің бірі – серіктестік басшылығының мәселенің қаншалықты маңызды екеніне жете мән бермеуі. Екіншіден, компания басшылығы «осы жерден көшпей-ақ, бұрынғы қондырғылардың орнына жаңа, атмосфералық ауаға зиянды заттарды мейлінше аз шығаратын, экологиялық тұрғыдан тиімді технологиялық жабдықтарды орнатамыз. Сонда бәрі де қалпына келеді» деген уәж айтады. Әзірге біздің малданып отырғанымыз – осы уәж бен компания басшылығының уәдесі ғана. Түпкі нәтиженің қалай боларын уақыт көрсетеді. Қайтсек те, мәселе біздің бақылауымызда болады.

Әлібек БЕКМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы:

Мәселе өте өзекті. Бұрын-соңды «Эко-Техникс» компаниясының қызметіне қатысты құзырлы құрылымдар тарапынан тексерулер жүргізіліп келді. Дегенмен, қағаз жүзінде серіктестіктің қызметі еліміздің тиісті заңнамалық талаптарына сай келеді, заңсыз жасалып жатқан жоқ. Шынында, осындай жазбаша қорытындылар да беріліп келеді. Бұған әбден сүйеніп алған кәсіпорын басшылығы жергілікті тұрғындар тарапынан айтылған орынды сын-ескертпені орындамақ түгілі, оған құлақ аспай отыр. Соған қарағанда, олар мәселені оң шешуге мүдделі емес. Ал, біздің қолымызда тап қазір оның жұмысын тоқтатуға немесе тыйым салуға ұйғарым шығаратындай нақты дерек пен дәйек жоқ.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button